10.05.2012, 15:01 3157

Елбасы Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғыз Республикасының президентімен кездесті

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселесін талқылады, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі міндеттерді белгіледі, сондай-ақ екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын анықтады. Келіссөздер барысында Қазақстанның Қырғызстандағы су энергетикалық нысандардың құрылысына қатысу мәселесі талқыланды.

Астана. 10-мамыр. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақордадағы кездесудің ресми рәсімінен кейін шағын және кең құрамда келіссөздер болып өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселесін талқылады, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі міндеттерді белгіледі, сондай-ақ екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын анықтады. Келіссөздер барысында Қазақстанның Қырғызстандағы су энергетикалық нысандардың құрылысына қатысу мәселесі талқыланды.

Сонымен қатар, тараптар өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мәселесі бойынша пікір алмасып, халықаралық ұйымдардағы өзара іс-қимылды тереңдетудің ерекше маңыздылығын атап көрсетті.

Кездесудің қорытындысы бойынша екі елдің Президенттері энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникация, кен байыту және өңдеу өнеркәсібі, туризм және өзге салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға уағдаласты. Сонымен қатар, Мемлекет басшылары уәкілетті органдарға биыл Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесі мен Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесіне дайындық жүргізіп, белгіленген уақытында өткізуді тапсырды.

Ресми бағдарлама аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы Қазақстан 1991-2011 жылдары аралығында Қырғызстан экономикасына 1 миллиардтан астам АҚШ доллары көлемінде инвестиция салғанын атап өтті. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2011 жылы 750 миллионнан астам долларды құрады, 2010 жылмен салыстырғанда 27 пайызға артты.

"Біз таяу жылдар ішінде өзара тауар айналымын миллиардтық деңгейге жеткізудің нақты перспективасы мен мүмкіндігіне иеміз. 2010 жылдан бастап Қазақстан бауырлас Қырғызстан халқына жалпы сомасы 20 миллионнан астам доллар көлемінде өтеусіз гуманитарлық көмек көрсетті. Бұдан басқа, сомасы 7 миллион доллар болатын құрылыс материалдары түрінде, әскери ынтымақтастық аясында тағы 3 миллион доллар көлемінде көмек көрсетілді. Сөйтіп, жалпы алғанда, Қазақстан Қырғызстанға 30 миллион доллар бөлді. Біздің Қырғызстанға көрсеткеніміздей мұндай көмекті әлемнің ешбір елі көрсеткен жоқ. 2011 жылы біздің гуманитарлық көмегіміз 4 миллионнан астам долларды құрады. Мен бұл біздің елдеріміз арасындағы шынайы тату көршілестік қарым-қатынастардың жарқын көрінісі болып табылады деп ойлаймын", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сондай-ақ таяу уақытта қазақ-қырғыз инвестициялық қоры жұмысын бастайтындығынан хабардар етті.

"Біз Қырғызстан азаматтарының Қазақстан аумағына келу тәртібі туралы екіжақты Келісімді қол қоюға әзірлеу туралы үкіметтерімізге тапсырма бердік, ол бойынша Қырғызстан азаматтары Қазақстанда 90 тәулік бола алады. Шекара маңындағы ынтымақтастықты дамытуды жандандыру маңыздылығы ескеріліп, Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасында "Кеген-Қарқара" өткізу бекетін ашу туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге, Қырғызстанның Кеден одағы мен Қазақстан, Ресей және Беларусь Бірыңғай экономикалық кеңістігіне қосылу мәселесі қаралды", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Президенті Қазақстан Президентіне шақыруы мен жылы шырайлы қабылдауы үшін алғысын айтты.

"Мен Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазақстандық инвесторларға қолдау көрсеткендері үшін рахмет айтамын. Иртүрлі саяси оқиғаларға, кейбір рейдерлік фактілерге қарамастан, Қазақстанның Қырғызстанға инвестициясы азайған жоқ. Біз Қазақстан Республикасы тарапынан қуатты туыстық қолдауды сезінеміз. Қазір сөзден нақты іске көшетін кез келді", - деді Алмазбек Атамбаев.

Биыл Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толады. Қазақстан мен Қырғызстан халықтары арасындағы байланысты нығайту мақсатында Нұрсұлтан Назарбаев пен Алмазбек Атамбаев Бішкекте Абайдың ескерткішін орнату, сондай-ақ екі елдің астанасында Шоқан Уәлиханов пен Шыңғыс Айтматов атына көше беру туралы шешім қабылдады.

Келіссөздердің нәтижесі бойынша тараптар Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны