18.09.2019, 18:18 6143

Елордасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының отырысы болып өтті

Онда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрайымы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі басшыс Съезд хатшылығының XVIII отырысының ашылуында сөз сөйледі.

Нұр-Сұлтан. 18 қыркүйек. Kazakhstan Today - Елордасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының отырысы болып өтті.

Онда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрайымы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі басшысының Съезд хатшылығының XVIII отырысының ашылуында сөйлеген сөзінің толық мәтінін назарларыңызға ұсынамыз. Дариға Назарбаева былай деді:

"Аса қасиетті ханымдар мен мырзалар!

Қымбатты қонақтар!

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының отырысына қатысушыларға қошеметімді білдіремін. Сіздермен гүлденген елордамыз, әсем Нұр-Сұлтан қаласында тамылжыған тамаша күзде жолыққаныма қуаныштымын.

Осы күндері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І съезі өткен кезден бері 16 жыл өтіп отыр, сол сәтте қонақжай қазақ жері алғаш рет бейбітшіл, достық пейілді және жемісті конфессияаралық диалогты жүргізу үшін ашық алаңға айналған болатын.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу идеясының авторы Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болған еді.

Бүкіл әлем мойындаған бітімгер, өткен жылдары Қазақстанның орасан зор ядролық қару арсеналынан бас тартуына бастамашы болған, тәуелсіздік жылдары ішінде өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың тірегіне айналған елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын барлық ең ірі әлемдік діндер мен конфессиялардың басшылары қолдады.

Оның конфессияаралық ашық диалог өткізу туралы идеясын сол сәтте барша әлем қызу қолдады.

Күрделі кезеңде, жаңа мыңжылдық басында ең жоғары деңгейде конфессияаралық ашық диалог өткізудің өзі нағыз революциялық іс еді. Содан бері Қазақстанның Тұңғыш Президентінің стратегиялық салмақты әрі көреген бастамасы өзінің өзектілігін жоғалтқан емес.

Ал бүгінгі күні ірі әлемдік конфессиялар басшыларының Еуразия кіндігінде кездесуі ізгі дәстүрге айналды.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І съезі діни қайшылықтарды жамылып іске асырылған бірқатар арсыз лаңкестік әрекеттерден кейін адамзат бүкіл әлемді толық дерлік жайлап алған конфессияаралық сенімнің дағдарысын бастан кешкен кезеңде өтті. Өкінішке орай, экстремизм, терроризм мәселелері және зорлық-зомбылықтың өзге де түрлері әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Осы жылдар ішінде ғибадатханалары мен діндарларына жалған табынушылар мен экстремистер қастандық жасамаған конфессия жоқ.

Алайда біз бүгінгі күні мұндай зорлық-зомбылық актілері қоғамға іріткі салуды көздеген мақсатына жете алмайды деп сенімді түрде айта аламыз. Керісінше,олар планетамыздың барша тұрғындарының бейбіт өмір мен қауіпсіздік үшін ынтымақтасуынаықпал ете отырып, адамзатты біріктіретініне күмәніміз жоқ.

Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі Жер бетіндегі бітімгершілік процесіне, адамдарды төзімділік мен сыйластық рухында тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты деп санаймын.

Съездің алғашқы декларациясының өзінде қатысушылар "діни ерекшеліктерді өшпенділік пен алауыздық құралы ретінде пайдалануға жол бермеугебарынша күш салып, адамзатты діндер мен мәдениеттердің жаһандық қақтығысынан қорғауға" дайын екендігі туралы, сондай-ақ "төзімділік, шындық, әділдік пен сүйіспеншілік сияқты құндылықтарды кез келген уағыздың негізгі мақсаты ретінде ілгерілету" туралы мәлімдеді.

Бүгін 2015 жылғы маусымдағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бесінші съезіне қатысушылар қабылдаған Декларацияның: "Әскери жанжалдар тараптарын қақтығыстарды тоқтатуға, бітімгершілік жариялауға және келіссөздер арқылы зорлық-зомбылықты тоқтатуға, бейбіт өмір сүріп жатқан азаматтарды қорғауға, барлық қарама-қайшылықтарды бейбіт түрде шешуге шақыру туралы" қағидаттарының бірін еске алған орынды сияқты.

Осы қағидатты негізге ала отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Сириядағы әскери жанжалды реттеу жөніндегі бейбіт келіссөздерді Нұр-Сұлтанда өткізу туралы бастама көтерді. Сирия мәселесіндегі "сең" осы тарихи кездесуден кейін ғана жіби бастады.

Қазақстанның көрсетіп отырған үлгісі мен әлемдік діни және саяси лидерлердің Съезд декларациясының бағытын жер-жерде ұстануы қақтығыстар орын алған аймақтарда шиеленісті әлсіретуге, өркениеттерді жақындастыруға және біздің ортақ үйіміз- түптеп келгенде шағын әрі осал, бірақ аса көркем планетамызда бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға айтарлықтай ықпал ететініне сенімдімін.

Құрметті қатысушылар!

Адамзаттың бүкіл тарихында діндер руханияттың, төзімділік пен жақын адамдарға сүйіспеншіліктің қайнар көзі бола білді.

Бүгін осы Бейбітшілік және келісім сарайының қонақжай залында біздің, Съезд хатшылығына қатысушылардың алдында Сіздер өкілдік еткен әрбір конфессия жинақтаған осы көпғасырлық тәжірибені бітімгершілік мақсаттарға пайдалану міндеті тұр. Бұл Сарай төзімділік пен ашықтықтың символы ретінде көпжақты ашық диалог, кездесулер жүргізуге арнайы жобаланып салынған.

Қымбатты қонақтар!

Біздің алдымызда 2021 жылға жоспарланған, алдағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің жетінші съезінің күн тәртібіндегі негізгі тақырыптарды тұжырымдау және оны өткізуді ұйымдастыру жөніндегі жауапты жұмыс күтіп тұр. Съезд Хатшылығының отырысы барысында атқарылатын жұмыстар сындарлы және табысты болады деп сенім білдіремін.

Игі ниеттерімізге Алла жар болсын!".

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны