30.11.2011, 13:19 7601

"Халифат жауынгерлері" террористік ұйым деп танылды

Қазақстанда "Халифат жауынгерлері" террористік ұйым деп танылды; оның мүшелері террористік қызметі үшін жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы ҚР бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

Астана. 30-қараша. Kazakhstan Today - "Халифат жауынгерлері" террористік ұйым деп танылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазТаг ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанда "Халифат жауынгерлері" террористік ұйым деп танылды; оның мүшелері террористік қызметі үшін жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы ҚР бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

"Үстіміздегі жылдың 15қарашасында Атырау облысының прокуроры Атырау қалалық сотына Қазақстан республикасының аумағында "Джунд аль-Халифат"- "Халифат жауынгерлері" халықаралық ұйымын террористік деп тану және оның қызметіне тыйым салу туралы шағым түсірді. Атырау қалалық сотының үстіміздегі жылдың 25 қарашасындағы шешімімен аталған ұйым террористік деп танылды", - деді ол сәрсенбі күні брифингте.

Оның айтуынша, Қазақстан аумағында енді бұл ұйымның қызметіне тыйым салынады.

""Джунд аль-Халифат"ұйымына қатысы бар адамдардың бәрі террористік қызметке қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылады", - деді ол.

Мұның алдында хабарланғандай, Атырауда 31 қазанда болған жарылыс фактілері бойынша 4 адамнан құралған қылмыстық топ анықталып, залалсыздандырылды. Тергеу топтың құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлерін қорқыту акцияларын жүзеге асыру үшін қолдан жарылғыш құрылғыларын жасаумен айналысқан.

Қылмыстық топтың бір мүшесі жарылыс техникасы саласындағы білімінің аздығынан және қолдан жасалған жарылғыш құрылғысымен сақтық танытпауы салдарынан жарылып, қаза болды.

Мұның алдында джихадшылардың түрлі топтарының мәлімдемелерін іздеп-табуға маманданған американдық Site Intelligence Group (SIG) сайты Jundal-Khilafah(Халифат жауынгерлері) тобы Атыраудағы жарылыстар үшін жауапкершілікті өз мойнына алғанын хабарлаған.

Рейтер агенттігінің ақпаратына сәйкес, "Халифат жауынгерлері" Қазақстанды "Дін және діни ұйымдар туралы" жаңа заңның күшін жоймаса, зорлық-зомбылық актілерімен қорқытқан.

Интернетте орналастырылған бейнероликте Қазақстан үкіметіне заңның күшін жоюды талапты оқыған содырдың артында бетперде киген, қолдарына гранатаатқыш пен автомат ұстаған төрт жауынгер тұр. Олар заңның мемлекеттік мекемелерде намаз оқуға және хиджаб киюге тыйым салатынына наразылық білдірді. Алайда Рейтер агенттігінің атап көрсетуінше, Қазақстанның діни қызмет және діни ұйымдар туралы жаңа заңда хиджаб кию туралы сөз жоқ.

Кейін ҚР бас прокуратурасы "Халифат жауынгерлері" экстремистік қозғалысының Атыраудағы жарылыстарға қатысы бар екенін қуаттаған болатын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны