31.07.2007, 16:50 6016

Қарағандыда 1-тамызда "Хизб-ут-Тахрир" діни-экстремистік партиясының өткен жылдың аяғында ұсталған жетекшілері мен белсенділерінің үстінен сот басталады

АСТАНА. 31 - шілде. Kazakhstan Today. Қарағандының Қазыбек би аудандық сотында 1-тамызда "Хизб-ут-Тахрир" халықаралық діни-экстремистік партиясының қазақстандық құрылымының 2006 жылдың желтоқсанында ұсталған жетекшілері мен белсенділерінің үстінен сот басталады. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызмеінің ақпараттарына сүйенсек, тергеу жарты жылға созылған, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірнеше аймақтық органдарының тергеу материалдарынан құралған көп эпизодты және өте күрделі қылмыстық іс 120 томға жеткен.

"Аталмыш іс бойынша 300-ден астам куәгерден жауап алынған. Заттай дәлел және айғақ ретінде 35 мыңнан астам үндеу хаттары, діни экстремистік әдебиеттердің 627 данасы, 347 бірлік әртүрлі ақпарат тасымалдаушы, 6 компьютер, 5 заманауи баспа жабдықтарының топтамасы және басқа да кеңсе техникалары тәркіленген. 200 жуық әртүрлі сот сараптамалары жүргізілген",- деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш іс бойынша қылмыстық жауапқа 30 адам тартылуда, олардың ішінде ұйымның Қазақстан бойынша жетекшісі, партия ұяларының аймақтық жетекшілері, сонымен қатар жасырын баспа іс-қызметіне, қаржы мәселелеріне жауаптылар және "Хизб-ут-Тахрир" ұйымының басқа да бірқатар белсенді мүшелері бар. Олардың барлығына Қазақстан аумағында ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған жетекшілік ету, ұлттық және діни өшпенділік тудыру, сонымен қатар сот тыйым салған экстремистік ұйымның іс-әрекетіне қатысу айыбы тағылып отыр.

"Өз ісіне өкінгендігін және де тергеуге көмек көрсеткендігін ескере отырып, белсенділердің бірі қолданыстағы заңға сәйкес қылмыстық жауаптан босатылды",- деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер. Олар - кейбір жетекшілер мен белсенділер - "Хизб-ут-Тахрир" идеологиясының экстремистік сипатын түсініп, тергеу органдарына қылмысты ашуға көмектескен. "Олар өз бастамаларымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өздерінің бұрынғы серіктестерін партияның іс-әрекетіне қатысудан бас тартуға шақырды",- деді баспасөз қызметіндегілер.

Олардың үндеулеріне бүгінгі күнде Алматыдан, Астанадан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды және Павлодар облыстарынан "Хизб-ут-Тахрир" партиясының 167 жақтастары бой көтеріп, партия құрамынан өз еріктерімен шығып, 5 мыңнан астам экстремистік сипаттағы әртүрлі әдебиеттерді шығарып берді. Өз айыбын мойындап келген олардың ешқайсысы қылмыстық жауапқа тартылған жоқ.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны