15.06.2007, 16:06 3342

Каспийден Қара теңізге дейінгі "Еуразия" кеме қатынасы каналының құрылысына 6 млрд доллар көлемінде инвестиция жұмсалады - ҚР президенті

ӨСКЕМЕН. 15-маусым. Kazakhstan Today. Каспийден Қара теңізге дейінгі "Еуразия" кеме қатынасы каналының құрылысына 6 млрд доллар көлемінде инвестиция жұмсалады. Бұл туралы бүгін президенттің жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 17-ші отырысының аяқталуына орай өткізілген баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бұл жоба 6 млрд доллар тұрады. Бұл қаржыны біз еш қиындықсыз табатынымыз анық, есесіне, теңізге шығатын ең төте жолға ие боламыз",- деді президент. Н.Назарбаевтың айтуынша, ондай жағдайда тек Қазақстан ғана емес, сонымен бірге Орталық Азияның барлық елдері мен Батыс Қытай да өз жүктерін осы арнамен жібере алады.

Осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру жоспары жөнінде журналистер сауалына жауап берген Н. Назарбаевтың түсініктемесіне жүгінсек, "бұл - кенеттен пайда болған ұсыныс емес, көптен бері талқыланып, тиянақталған мәселе". "Бұл мәселе алғаш рет Ресейде XVIII ғасырда талқыланған, өйткені, Азов теңізінен Каспийге қарай түрлі көлдер жүйесі жатыр. Яғни, арна бұрынғы су жолымен өтеді. Бүгінгі күні біз қара теңізбен Волгаға, Волга - Дон каналына, әріқарай Дон арқылы Каспийге 1700 шақырымға бара аламыз, ал бұл жобаның ұзындығы небәрі 700 шақырымға тең, онда 24 шлюз бар, ал біздің жобада небәрі 4 шлюз болады. Ондай жағдайда біз, біз ғана емес жалпы Орталық Азия теңіз державасына айналар еді", - деді ҚР президенті.

"Біз Ресейлік әріптестеріміз тарапынан Қазақстан бірде Баку-Жейхан арқылы, енді бірде Қытайға қарай өтіп Ресейді айналып өтуде деген сынды естіп жатырмыз. Біз ешкімді де айналып өткен жоқпыз",- деп атап өткен Н.Назарбаев республиканың тауар тасымалдайтын пайдалы жолдарды іздеп жатқанына тоқталды. "Мен Ресейге көп сөзден бір іске көшіп, осы каналды салуды ұсынамын",- деді ол.

"Изірге бұл ұсыныс деңгейінде ғана қалып отыр. Таяуда біз президент Путинмен келісіп, осы істі сарапшыларға беруге ұйғардық. Олар экологияға, арнаның өтетін жолына, оның тиімділігіне мұқият қарап, бәрін есептеп шығуға тиіс",- деді Қазақстан президенті.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұл ұсынысты алғаш рет Н.Назарбаев 10-маусымда Санкт-Петербурге өткен экономикалық форум барысында ортаға салған.

Сарапшылардың мәліметінше, арна Волга-Дон каналынан 1000 шақырымға қысқа болып, Орталық Азияның Ресей арқылы теңізге шығуы үшін қажетті қуатты дәлізге айналмақ.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны