27.05.2009, 10:48 1528

"Қазақатомөнеркәсібінің" қызметін алдын-ала тексеру қорытындысы бойынша бұрынғы басшылықтың бірқатар заң бұзушылықтары анықталды - ҚР ҰҚК

"Қазақатомөнеркәсібінің" қызметін алдын-ала тексеру қорытындысы бойынша бұрынғы басшылықтың бірқатар заң бұзушылықтары анықталды - ҚР ҰҚК

Астана. 27 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - "Қазақатомөнеркәсібі" Ұлттық атом компаниясы" АҚ-ның іс-қызметін алдын-ала тексеру қорытындысы бойынша бұрынғы басшылық тарапынан жасалған бірқатар заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, қазір Бас прокуратура, қаржы полициясы, ҚР Қаржы министрлігі мен ҚР ҰҚК қызметкерлерінен құралған мекемеаралық топ "Қазақатомөнеркәсібі" Ұлттық атом компаниясы" АҚ-ның қаржылық-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізуде.

ҰҚК мәліметінше, тексерудің алдын-ала қорытындысы дәлелдегендей, "Мұхтар Жәкішев пен ұлттық компанияның басқа да басшылары өздерінің қызметтік өкілеттілігін пайдалана отырып, мемлекет тарапынан сеніп тапсырылған Қазақстанның ірі уран кеніштеріндегі үлестер түріндегі мүлікті оффшорлық аймақтарда тіркелген бірқатар фирмалардың пайдасына иеліктен шығару жолымен талан-таражға салу арқылы мемлекетке айтарлықтай экономикалық залал келтірген".

"Атап айтсақ, М. Жәкішевтің нұсқауымен 2005 жылы "Кең Дала KZ" АҚ атты жеке меншік компания құрылған, оған кейінірек Қызылорда облысындағы Мыңқұдық уран кенішіндегі "Центральный" учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы ақысыз берілген. Осы кезеңде "Қазақатомөнеркәсібі" Ұлттық атом компаниясы" АҚ тағы бір оффшорлық компанияға тағы да Қызылорда облысындағы "Қызылқұм" ЖШС-дегі үлестің 30% -ын небәрі 15 млн 600 мың теңгеге сатқан. Бұдан басқа да кеніштерде жер қойнауын пайдалану құқықтарының заңсыз берілу деректерінің беті ашылды", - делінген ҰҚК хабарламасында.

ҰҚК хабарлауынша, беті ашылған деректер бойынша ұлттық қауіпсіздік органдары қылмыстық іс қозғады. Тергеу тобы қылмыстардың негізгі жасалу схемалары мен қатысушыларын, сондай-ақ, ақша ұрлау мақсатында құрылған жалған фирмалар мен компанияларды анықтады.

"Бұл іс бойынша "Қазақатомөнеркәсібі" ҰАК-ның түрлі деңгейдегі жеті басшысы басты күдіктілер деп саналып отыр, оларға қатысты тиісті процессуалдық шешімдер қабылданатын болады. Ал М.Жәкішевті тұтқындауға сот санкция берді", -деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Қылмыстық істің тексерілу барысы ҚР Бас прокуратурасының бақылауында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны