18.04.2008, 14:16 2856

Қазақстан мен Ресей шекарадағы бірлескен кедендік және шекаралық бақылау жөніндегі келісімге қол қойды

Қазақстан мен Ресей шекарадағы бірлескен кедендік және шекаралық бақылау жөніндегі келісімге қол қойды

Астана. 18 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан мен Ресей екі елдің мемлекеттік шекарасы арқылы адамдар, тауарлар мен көлік құралдары өткен кезде бірлескен кедендік және шекаралық бақылау бойынша өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозов бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Комитет төрағасының айтуынша, бұл келісім "ортақ шекарадағы кедендік-шекаралық бақылауды жеделдету мен біршама жеңілдетуге мүмкіндік береді".

"Қол қойылған келісім елдердің арасындағы жоғары деңгейдегі сенімділікті паш етіп, сауда-саттықтағы ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді", - деді Қ. Кәрбозов.

Оның түсіндіруінше, бұдан былай екі мемлекеттің кедендік органдары бақылау кезінде кедендік рәсімдеу нәтижелерін өзара мойындайтын болады. Сонымен бірге келісімде шекара арқылы тауарлардың заңсыз өтуін анықтау мен оның алдын алу үшін өткен тауарлар мен көлік құралдарының саны туралы ақпараттармен жедел алмасып отыру қарастырылған.

Бүгінгі кездесу кезінде Қазақстан мен Ресейдің кедендік органдарының жетекшілері сонымен қатар Қазақстан мен Ресей шекарасындағы бірлескен бақылауды іске асыратын өткізу бөлімдерінің тізіміне қол қойып, осы бөлімдердің мәртебесі мен жұмыс режимі келісілді.

Қазақстан жағынан құжатқа ҚР Қаржы министрлігінің кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозов, ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары Кеңесбек Бөденеев, Ресей жағынан - Федералдық кеден қызметінің жетекшісі Андрей Бельянинов пен Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің Қазақстандағы ресми өкілі Умарпаша Ханалиев қол қойды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны