18.06.2009, 18:24 3697

Қазақстан президенті 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынады

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Шығыс Қазақстан облысына сапары аясында Семей сынақ алаңының жабылуына 20 жыл толуына арналған митингіде мәлімдеді.

Астана. 18 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Шығыс Қазақстан облысына сапары аясында Семей сынақ алаңының жабылуына 20 жыл толуына арналған митингіде мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі.

"Осыдан 18 жыл бұрын Семей сынақ алаңы жабылған күн - 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялау жөніндегі бастама қолдауға тұрарлық деп санаймын. Біз бұл ұсынысты Біріккен Ұлттар Ұйымының қарауына ұсынуға дайынбыз", - деді Н. Назарбаев.

Сонымен бірге, президент өз сөзінде "халықаралық қауіпсіздік проблемасы Қазақстанның алдағы ЕҚЫҰ-ына төрағалығының басты басымдықтарының біріне айналады", деп атап өтті. "Біздің еліміз дүниежүзіндегі ядролық жаппай қырып-жоятын қаруға қарсы әлемдік қозғалыстың бір көшбасшысы болуға тарихи және адамгершілік бұлтартпас құқыққа ие", - деді ол.

"Қазақстанның бастамасымен дәл осы Семейде 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру жөніндегі келісімге қол қойылды. Осынау тарихи құжаттар халықаралық қауымдастыққа біздің бейбітшілікке, зорлық-зомбылық пен әскери қауіп-қатерден ада әлемге деген ұмтылысымызды паш етті", - деді президент.

"Алайда, бір өкініштісі, Қазақстаннан үлгі алғандар аз болды, соның салдарынан қазір радиация жайлап алған ағза секілді, ядролық қауіп-қатер жаңаша түр-сипатқа ие болып, мутацияға ұшырай түсуде",- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Солтүстік Кореяның жуырда ядролық сынақ жасауы, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты қарама-қайшылықтар, екі ядролық держава - Үндістан мен Пәкістанынң арасындағы көп жылға созылған қарсыластық, лаңкестердің ядролық қаруды иемденіп алуға деген талпыныстары, осының бәрі де бүгінгі дүниежүзіндегі тепе-теңдіктің қыл үстінде тұрғанын айқындап береді. Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту арқылы үлгі болуы - шыңыраудың шетінде тұрғандай күйдегі қазіргі әлемде болып жатқан құбылыстарға расында да балама бола алады", - деді президент.

"Меніңше, алдағы он жыл бүкіл әлем үшін сынақ жылдары болмақ. Олар біздің осынау ядролық "әбжыланнан" толық құтыла аламыз ба, әлде ол адамзатқа қаупін одан әрі де төндіре бере ме дегенді айқындап береді. Сол себепті қару таратпау тетіктерін тез арада қайта қарауға кірісу керек", - деді Н. Назарбаев.

"Ядролық қару таратпау жөніндегі келісімнің басты міндеті болып табылатын жалпыға бірдей әмбебаптық міндеті соңғы 40 жыл бойы шешімін таппай келеді. Ол барлық ядролық державалар мен осындай мәртебеден дәмелі мемлекеттерді біріктіре алмаумен шектелмей, ядролық қаруды жетілдіре түсуге де тоқтау сала алмады. Дүниежүзілік қоғамдастық Ядролық қаруды барлық бағыттарда бірдей жаппай таратпау жөніндегі жаңа әмбебап келісімді жасап шығаруға тиіс", - деп мәлімдеді ол.

"Жаңа келісімді жасауға және оны сақтауға ядролық қаруы бар ат төбеліндей аз елдер ғана емес, ядролық қару бар немесе жоқ барлық мемлекеттер жаппай атсалысуға тиіс. Ол сонымен бірге қолда бар қандай түрдегі болмасын барлық ядролық қаруды жетілдіруге тыйым салуға тиіс. Олай болмаған күнде біз "ядролық қарудың соңынан түсудің" жаңаша, ендігі жерде технологиялық арпалысынан қашып құтыла алмаймыз",- деді Қазақстан президенті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны