19.05.2008, 11:04 1189

Қазақстан президенті Дүниежүзілік Экономикалық Форум аясында Египет президентімен кездесті

Қазақстан президенті Дүниежүзілік Экономикалық Форум аясында Египет президентімен кездесті

Астана. 19 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Президент Нұрсұлтан Назарбаев Таяу Шығыс жөніндегі Дүниежүзілік Экономикалық Форум (Давос) жұмысына қатысу үшін Мысырдың Шарм әл-Шейх қаласына келді, деп хабарлайды агенттік президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Дүниежүзілік Экономикалық Форум (БЭФ) жұмысына тұрақты түрде қатысып келеді. Бұл жолғы форум Таяу Шығыс елдерімен одан әрі өзара іс-әрекеттердің жаңа бағыттарын айқындауға арналмақ. Аймақ мемлекеттерімен ынтымақтастыққа ерекше мән берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық делегацияға басшылық етті.

Форум аясында мемлекет басшысы Египет Араб Республикасының президенті Хосни Мүбәракпен кездесті.

Мемлекет басшысы барша Қазақстан халқы мен өз атынан Хосни Мүбәракты 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, оның Қазақстанмен арадағы достық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін "Алтын Қыран" орденімен марапатталғандығын айтты. Бүгін награда мерейтой иесіне тапсырылды.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мысырлық әріптесіне зор денсаулық және жұмысында табыс тіледі.

Өз кезегінде Хосни Мүбәрак Нұрсұлтан Назарбаевқа "Ұлы Ніл" орденін тапсырды. Египет Араб Республикасының бұл жоғары наградасы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға зор үлес қосқан мемлекет басшыларына беріледі.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев осындай әлемдік ауқымдағы форумның Египетте өтуі кездейсоқ еместігін атап өтті.

"Бұл аймақта тұрақтылықты орнатуға және оның экономикалық дамуына сіздің еліңіздің зор үлес қосқандығын көрсетеді", - деді Қазақстан басшысы.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Египет ауыл шаруашылығы, металлургия, химия, мұнай, фармацевтика және басқа да өнеркәсіп салаларында өзара іс-әрекеттердің перспективалары мол екендігін атап өтті.

Мемлекет басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Үкіметаралық комиссия және Қазақстан-Египет іскерлік кеңесінің барлық әлеуетін жұмылдыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен Хосни Мүбәрак аймақтық және әлемдік өзекті проблемалар, мәдени-гуманитарлық іс-шаралар жөнінде де пікір алмасты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны