22.12.2014, 20:24 3283

Қазақстан Президенті елдеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды қалпына келтіру және деӊгейін көтеру қажеттігіне назар аударды.

Мемлекет басшылары екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтыӊ негізгі мәселелерін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттарды қарастырды.

Киев. 22 желтоқсан. Kazakhstan Today - Мемлекет басшылары екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтыӊ негізгі мәселелерін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттарды қарастырды. Сонымен қатар екі елдіӊ көшбасшылары Украинадағы ахуалды, оны барлық мүдделі тараптардыӊ қатысуы арқылы реттеу жолдарын талқылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты ынтымақтастықтыӊ бірқатар мәнді мәселелері жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік беретін бұл кездесудіӊ маӊыздылығына тоқталды, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

- Барлық қиындықтарға қарамастан Рада сайлауын өткізіп, үкімет құра алғандығыӊыз үшін Сізді құттықтағым келеді. Бұл - Сіздіӊ президент ретіндегі алғашқы үлкен жеӊісіӊіз. Минск хаттамасыныӊ әзірленуі де Сіздіӊ еӊбегіӊіз, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елдеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды қалпына келтіру және деӊгейін көтеру қажеттігіне назар аударды.

- Қазақстанда Украинаныӊ коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникалары кеӊінен қолданылады, азық-түлік әкелінеді. Украинаға біз де өз өнімдерімізді жеткізіп отырдық. 4 миллиард долларды құраған тауар айналымыныӊ көлемі күрт төмендеді. Бірақ бұрынғы көрсеткішке жетуге біздіӊ мүмкіндігіміз бар. Бұл орайда, үкіметаралық комиссия табанды жұмыс жүргізіп, ынтымақтастық жолдарын табуы тиіс. Мен ондай мүмкіндіктердіӊ бар екенін білемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Украина төӊірегіндегі ахуалды бейбіт реттеуге бағытталған барлық шараларды қолдайтынын айтты.

- Қазіргі жағдай ешкімге пайда бермейді. Барлық елдермен достық қатынаста екенімізді ескере отырып, біз осы мәселе жөнінде Сізбен бірлесіп жұмыс істей аламыз. Біз белгілі бір шешімге келіп, адамдардыӊ опат болуын тоқтатуға септігін тигізетін шаралар қабылдау үшін іс-қимылдарымызды үйлестіре аламыз деп үміттенемін, - деді Қазақстан Президенті.

П.Порошенко екі мемлекеттіӊ өзара ықпалдастығыныӊ әлеуетін сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да негізгі салаларда белсенді түрде пайдалану қажеттігіне тоқталды.

- Елдеріміз арасындағы кедергіні жоюға ықпал ететін үкіметаралық комиссияныӊ жұмысын бастау қажет. Сізге Украинаныӊ егемендігін, аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдау тұрғысындағы берік әрі сындарлы ұстанымыӊыз үшін алғыс айтамын. Бізге Минскіде қысқаша әӊгімелесуге мүмкіндік туды. Жасалған мәлімдемелер, уағдаластықтар нақты көрініс тауып отыр. Украина мұны жете бағалайды, - деді Украина Президенті.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны