01.10.2018, 13:37 29182

Қазақстан Президенті Түркістанды дамытудыӊ бас жоспарыныӊ тұжырымдамасын бекіту туралы жарлыққа қол қойды

Қазақстан Президенті Түркістанды дамытудыӊ бас жоспарыныӊ тұжырымдамасын бекіту, сондай-ақ "TURKISTAN" арнайы экономикалық аймағын құру туралы жарлықтарға қол қойды

Түркістан. 1 қазан. Kazakhstan Today - Елбасы Түркістан қаласыныӊ жаӊа әкімшілік орталығын дамыту жобасымен танысты. Мемлекет басшысы Түркістанныӊ жаӊа әкімшілік орталығыныӊ аумағын аралап көру барысында мемориалды тас қалау рәсіміне қатысты.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті облыс әкімі Ж.Түймебаевтыӊ Түркістан қаласыныӊ даму перспективалары жөніндегі баяндамасын тыӊдады.

Нұрсұлтан Назарбаевқа инфрақұрылым нысандарын, әлеуметтік-мәдени және спорт кешендерін, сондай-ақ қаланыӊ әкімшілік ғимараттарын салу жоспары жөнінде мәлімделді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барды. Қазақстан Президенті "Изірет Сұлтан" тарихи-мәдени қорық-музейініӊ аумағында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесін аралап көрді.

Мемлекет басшысына Түркістанныӊ тарихи-мәдени орталығын қайта жаӊғыртуға байланысты "Изірет Сұлтан" қорық-музейініӊ даму жоспары таныстырылды.

Жоспарға сәйкес, танымдық және рухани туризм үшін қолайлы жағдай жасау көзделген. Осыған орай, әрбір турист музей аумағында орналасқан тарихи және айтулы орындарды аралап көре алады.

Бірінші кезекте Түркістанныӊ ежелгі қоныстарыныӊ бірі - Күлтөбе қаласы қайта жаӊғыртылатын болады. Ортағасырлық мешіті бар Ибілмәмбет хан мен Тәуке ханныӊ ордалары және басқа да бірқатар нысан толық қайта қалпына келтіріледі.

Мемлекет басшысы Түркістан облысыныӊ әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеӊес өткізді. Кеӊесте Премьер-Министрдіӊ бірінші орынбасары А.Мамин және Түркістан облысыныӊ әкімі Ж.Түймебаев баяндама жасады.

Баяндамаларды тыӊдаған соӊ Қазақстан Президенті қабылданған жол картасын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру, сондай-ақ облыстық басқару органдары тарапынан барлық мемлекеттік қызметтердіӊ үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев өӊір басшылығы назар аударуға тиіс жекелеген мәселелерге тоқталды.

- Облыстыӊ қаржылық тұрақтылығын нығайту қажет. Шымкенттіӊ облыс құрамынан шығуына байланысты аймақтыӊ экономикалық базасы төмендеді. Бүгінгі таӊда облыс бюджет қажеттiлiктерініӊ 20 процентін ғана өз күшімен қамтамасыз етеді. Негізгі міндет - өсімніӊ жаӊа резервтерiн және өӊір бюджетінiӊ кiрiс бөлігін толықтыру көзiн табу, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті халықты жұмыспен қамтудыӊ, сондай-ақ кәсіпкерлікті өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту және көлік-логистика қызметтерініӊ сапасын арттыру үшін жағдай жасаудыӊ маӊыздылығын атап өтті.

- "Орталық Азия" халықаралық сауда аймағын құру мүмкіндігін қарастырған жөн. Бұл Түркістан облысымен қатар жалпы республика экономикасыныӊ да өркендеуіне тыӊ серпін береді. 2020 жылға қарай Өзбекстанмен арадағы тауар айналымын 5 миллиард АҚШ долларына дейін арттыруға әлеуетіміз жетеді. Осыған байланысты Үкіметке Түркістан облысыныӊ әкімдігімен бірлесіп, Өзбекстан тарапымен Халықаралық сауда аймағын және жаӊа "Түркістан" халықаралық өткізу бекетін құру мәселесін пысықтауды тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ішкі туризмді өркендету және тиісті туристік инфрақұрылым дайындау мәселелеріне тоқталды.

Қазақстан Президенті облысты дамыту және құрылыс жүргізу ісіне жергілікті бизнес өкілдерін, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарыныӊ басшыларын белсенді атсалысуға шақырды.

Жиында Қазақстан Президенті Үкімет пен аймақ басшылығына облыс орталығын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция тарту арқылы қала ішіндегі жолдарды жөндеу, сондай-ақ Шымкент және Қызылорда бағыттарына арналған автовокзал салу жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.

- Шаһар тұрғындары саныныӊ өсуіне және туристердіӊ көптеп келуіне байланысты, әкімдікке "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорымен, Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, Түркістан қаласыныӊ теміржол вокзалын реконструкциялау, оныӊ өткізу мүмкіндігін ұлғайту, сондай-ақ аэропорт салу және әуе қатынастарын қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды тапсырамын, - деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әлеуметтік нысандарды дамыту, тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін салу, инженерлік инфрақұрылымды, соныӊ ішінде газбен және жылумен қамтамасыз ету салаларын ілгерілету мәселелеріне тоқталды. Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев баламалы энергия көздерін пайдалану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

- Кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту үшін жағдай жасау керек. Жаӊа қонақ үйлердіӊ, мейрамханалар мен дәмханалардыӊ, сауда ойын-сауық орталықтарыныӊ және басқа да нысандардыӊ құрылысын бастау қажет, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда туризм, құрылыс және өндіріс салаларындағы бизнесті өркендету үшін қолайлы жағдай қалыптастыратын арнайы экономикалық аймақ құрудыӊ өзектілігін атап өтті.

- Түркістанды заманауи технологияларды қолдана отырып, өз мәдениетімізге сай қайта жаӊғырту керек. Бұл орайда оныӊ ежелгі сәулет өнерін сақтап қалу қажет. Үкіметке, облыс әкімдігіне халық саныныӊ өсу қарқынын есепке ала отырып, қаланыӊ бас жоспарын дайындауды тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Соӊында Қазақстан Президенті Түркістанды дамытудыӊ бас жоспарыныӊ тұжырымдамасын бекіту, сондай-ақ "TURKISTAN" арнайы экономикалық аймағын құру туралы жарлықтарға жария түрде қол қойды.

Қазақстан Президенті облыс жұртшылығымен және Түркістан қаласыныӊ тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысы қала тұрғындары алдында сөйлеген сөзінде жаӊа Түркістан облысын құрудыӊ және өӊір орталығын Түркістан қаласына көшірудіӊ тарихи әрі әлеуметтік-экономикалық мәніне тоқталды.

- Түркістанныӊ халқымыз үшін айрықша маӊызы бар. Бұл - Орталық Азиядағы ежелгі қалалардыӊ бірі. 2000 жылы Түркістанныӊ 1500 жылдығын ЮНЕСКО деӊгейінде атап өттік, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Орта Азия аумағына ислам дінін тарату үдерісіндегі Түркістанныӊ рөлі жөнінде әӊгімеледі.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қасиетті Түркістан топырағында қазақ халқыныӊ ұлы тұлғалары мен игі жақсылары жерленгенін айтты.

- Тарихымыздыӊ қилы кезеӊдерінде мұнда бүкіл ұлтымыздыӊ болашағына қатысты маӊызды шешімдер қабылданған. Түркістанда халқымыздыӊ көптеген белгілі тұлғалары жерленген. Жалпы, қала тарихы - барша қазақтыӊ тарихы, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанныӊ күллі түркі халықтарыныӊ өмірінде де ерекше орын алатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы қабылданған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде қала келбеті тез арада айтарлықтай өзгеретініне, шаһар өзініӊ өркендеу жолындағы жаӊа биіктерді бағындыратынына сенім білдірді.

Соӊында Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды түлетуге атсалысатын барлық тұрғындарға табыс тіледі.

Ақпаратты пайдаланИан жаИдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық қИқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны