27.12.2006, 15:34 3025

Қазақстанда 155 мыңнан астам заңсыз еңбек мигранттары заңдастырылды - Астана қалалық ІІД

АСТАНА. 27-желтоқсан. Kazakhstan Today. Қазақстанда бүгінгі күнге дейін 155 мыңнан астам заңсыз еңбек мигранттары заңдастырылды. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында журналистерге Астана қалалық ІІД көші-қон полициясы басқармасының бастығы Борис Колесниченко құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Заңсыз еңбек мигранттарын заңдастырудың аяқталуына төрт күн қалды, Алматы, Алматы облысы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ең көп еңбек мигранттары заңдастырылған", - деді Б. Колесниченко. Ол Астана қаласында 2006 жылдың 26 желтоқсанына дейін берілген 11 078 өтініш бойынша 11 073 заңсыз еңбек мигрантының заңдастырылғанын атап өтті. "Естеріңізде болса, біз осы шараның басына 5 мыңдай мигранттың заңдастырылатындағына болжам жасағанбыз. Үй-үйді аралау және жұмыс берушілермен жүргізілген түсіндіру жұмыстары өз ролін атқарды", - деді астаналық ІІД көші-қон полициясы басқармасының бастығы.

"Заңдастырылғандар еңбек ететін ең негізгі қызмет саласы - бұл құрылыс, осы салада біз 10,5 мыңнан астам адамды заңдастырдық, яғни жалпы заңдастырылғандардың 95 пайызы", - деді ол. Оның мәліметтеріне сүйенсек қалған 5 пайыз қызмет көрсету саласына тиесілі: үй жұмысшылары, дәмхана және техникалық жөндеу орталықтарының жұмысшылары. Қазақстанға келетін заңсыз еңбек мигранттарының басым бөлігі Өзбекстаннан (8275 адам) және Қырғызстаннан (1372 адам) келгендер.

Б. Колесниченконың айтуынша, соңғы он күнде Астана қалалық ІІД-не өтініш берушілер белсенділік танытып отыр. "Күніне орта есеппен 300 адам өтініш беруде, ал қыркүйек, қазан және қараша айларында орта есеппен күніне 150-200 өтініш түскен", - деді ол. "Қалған төрт күнде енді қаншасы заңдастырылатындығын және Астанада осы рақымшылыққа іліккісі келетін әлі қанша заңсыз еңбек мигранттарының болатындығын айту әзірше қиын", - деді Астана қалалық ІІД көші-қон полициясы басқармасының бастығы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны