29.05.2012, 13:51 4102

Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың 2012-2015 жылдарға арналған бағдарламасы дайындалды

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің отырысы өтті. Онда ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Қазақстан Республикасында қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың 2012-2015 жылдарға арналған бағдарламасының жобасын таныстырды.

Астана. 29-мамыр. Kazakhstan Today - Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың 2012-2015 жылдарға арналған бағдарламасы дайындалды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің отырысы өтті. Онда ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Қазақстан Республикасында қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың 2012-2015 жылдарға арналған бағдарламасының жобасын таныстырды.

Қазақстан Республикасында қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың 2012-2015 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы Қауіпсіздік кеңесінің шешімі бойынша әзірленген. Бағдарлама қылмыстық-атқару жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру және оның тиімділігін арттыруды көздейді.

Бағдарламаның бірінші бағыты - сотталғандар арасындағы қылмысты азайту үшін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру болып табылады. Бұл бағыт аясында сотталғандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау деңгейін арттырып, қылмыстық жазалардың атқарылу тәртібін сапалы деңгейге шығару мақсатында қылмыстық атқару заңнамаларын жетілдіру жөніндегі заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу жоспарлануда.

Министрдің мәліметінше, бүгінгі таңда еліміздегі түзету мекемелерінде 48,2 мың адам, соның ішінде 41 мың адам колонияларда, 6,5 мың адам тергеу изоляторларында жазасын өтеп жатыр. Бұлардың ішінде 35,5 мың адам ерлер колониясында , 2,8 мың адам әйелдер колониясында, 146 адам түзету колонияларында, 3 мыңнан астам адам колония-қоныс мекемелерінде және 153 адам түрмелерде отыр. Бас бостандығынан айырылғандардың жазаларын өтеу тәртібін қайта қарау, колония-қоныстардың қызметтерін күшейту, қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаның қолданылу аясын кеңейту жоспарлануда.

Бағдарламаның екінші бағыты қамау мекемелеріндегі қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыруды көздейді. Бұл жерде арнайы адамдар құрамын жұмыспен қамту маңызды рөл атқарады.

"Алдын алу шаралар кешенінің аясында бейне бақылау құралдарын дамыту, адам бетін, сондай-ақ жүкті жеке тексеретін рентген құралдар сатып алу, колонияларды ұялы байланыс желісін өшіріп тастайтын құралдармен жабдықтауды аяқтау көзделген. Жедел режимнің тиімділігін арттыру, сотталушыларды түзету және оларға берілетін психологиялық кеңестердің тиімділігін арттыруды көздейтін бұл шаралар қамау мекемелерінде тиісті тәртіп орнатады деп болжап отырмыз", - деді Қ.Қасымов.

Үшінші бағыт - қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін жаңғырту және дамыту, олардың материалдық базаларын оңтайландыру және нығайту болып табылады.

"Қызылорда, Орал қалалары мен Алматы облысына қарасты Заречный кентіндегі жұмыс істеп тұрған үш колонияны жаңғыртуды аяқтау үшін және Семей, Өскемен, Орал қаласында үш түзету мекемесінің құрылысын бастау үшін, 59 мекемені күрделі жөндеуден өткізу үшін мақсатты қаржы бөлу көзделген. Сондай-ақ 19 колонияның инженерлік-техникалық құралдарын күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған", - деп толықтырды министр.

Бағдарламада сотталушыларды жеке-жеке камераларда қамауға арналған арнайы мекемелердің құрылысына, 1500 адамға арналған арнайы түзету мекемесінің тиіптік жобасын әзірлеуге ерекше назар бөлінеді. Шамалап алғанда, осындай бір мекеме салу үшін 12 млрд. теңге қаражат кетеді.

Бағдарламаның төртінші бағыты арнайы адамдар құрамының денсаулығын жақсартуды көздейді. Бұл бағытта туберкулез ауруына шалдыққан сотталушылар үшін еліміздің батыс өңірінде емдеу-алдын алу мекемесін салу қарастырылып отыр. Сонымен қатар, қазір жұмыс істеп тұрған емдеу-алдын алу мекемелерін жөндеуден өткізу және жаңғырту, Семей қаласында 450 орынға арналған республикалық емдеу-алдын алу мекемесін салу жоспарда бар.

Ал бесінші бағыт бас бостандықты айырумен байланысты емес жаза түрлерін орындауды ұйымдастыру шараларын қамтиды. Алтыншы бағыт жазасын өтеп шыққан адамдардың ортаға бейімделуінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Бағдарлама жазасын өтеп шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеу шараларын, сондай-ақ тұратын жері жоқ адамдарды арнайы мамандандырылған әлеуметтік мекемелерге орналастыру шараларын жүзеге асыруды көздейді. Бағдарламаны іске асыру үшін 2015 жылға дейін 21,9 млрд. теңге, ал ағымдағы жылға 7,5 млрд. теңге қаражат қажет болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны