03.12.2007, 16:40 3393

Қазақстанда "Контрафакт" іс-шарасы барысында 259 заң бұзушылықтар анықталды

Қазақстанда "Контрафакт" іс-шарасы барысында 259 заң бұзушылықтар анықталды

Астана. 3-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Республикасының аумағында 25 - 30-қараша аралығында жүргізілген "Контрафакт" жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 259 заң бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.

"Іс-шара барысында 259 заң бұзушылық анықталды. Соның ішінде 234 дерек контрафакт өнімдерін, 20 - порнография, 2 қатыгездік және зорлық-зомбылыққа дәріптеу өнімдерін тарату, сонымен қатар компьютерлік техникалар мен арнайы техникалық құралдарды пайдалану арқылы алаяқтық жасау және зиянды программалар тарату деректері анықталған",- деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Іс-шара барысында 40 мың бірліктен астам өнім тәркіленген, атап айтқанда 39 691 контрафакт дисклері, порнографиялық мазмұндағы 137 диск, лицензиясыз программалары бар 143 диск мен 63 жүйелі блок. Келген шығын 26 млн теңгеден асып жығылады. Арнайы жүргізілген іс-шара барысында 485 бірлескен рейдтік іс-шаралар, соның ішінде 157-сі - шекара маңындағы облыстардың құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып жүргізілген. Дыбыс және бейне өнімдерін сататын 584 орынға, 99 компьютер клубтарына және 56 интернет-кафелерге, компьютер техникаларын сатумен айналысатын 98 фирмаға, кабельдік теледидар орнататын 19 фирмаға, 246 көлік құралына тексеру жүргізіліп, 20 қылмыстық іс қозғалды.

Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысының Ішкі істер департаменті облыс орталығындағы "PLAZMA" компьютер клубында жеке кәсіпкердің "Counter-Strike" компьютер ойынын заңсыз пайдалану дерегін анықтаған. Ол құқық иесі - "Бука" ЖАҚ келісім жасамастан, ойын көшірмелерін жалға берумен айналысқан. Соның салдарынан құқық иесіне келтірген шығын 1 млн 300 мың теңгені құрап отыр. Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қостанай облысының Ішкі істер департаментінің полицейлері Рудный қаласының орталық базарының маңынан осы қаланың бір тұрғынын ұстаған, ол порнографиялық сипаттағы дискілер сатумен айналысқан. Оның пәтерін тексеру барысында порнографиялық мазмұндағы 43 DVD-дискі табылып, қылмыстық іс қозғалды.

Солтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер департаменті бір мектеп директорының жасанды диплом жасау дерегін анықтап, қылмыстық іс қозғаған. Сондай-ақ Алматы қаласының ішкі істер департаментінің криминалдық полиция басқармасының "К" бөлімінің қызметкерлері прокуратура қызметкерлерімен бірлесе отырып "Навигатор" дүкенінен бір азаматты ұстап, оны тексеру барысында әртүрлі ойындар жазылған 10 576 компакт-диск тәркілеген. Тағайындалған сараптама нәтижесі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешілетін болады. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Контрафакт" іс-шарасы ТМД аумағында ақпараттық технология саласындағы қылмыстарды анықтау және оның алдын алуға бағытталған және халықаралық ынтымақтастық аясында жүргізіліп отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны