22.06.2006, 14:26 3064

Қазақстанның әскери-теңіз күштерінің үш артиллериялық кемесінде еліміздің әскери-теңіз байрағы көтерілді

АҚТАУ. 22-маусым. Kazakhstan Today. 21-маусымда Ақтау айлағында Корея Республикасының ұлттық қорғаныс министрлігі Қазақстанның әскери-теңіз күштеріне берген үш артиллериялық кемесінде еліміздің әскери-теңіз байрағын көтеру рәсімі болып өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Салтанатты шараға Қазақстан президентінің көмекшісі, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, ҚР қорғаныс министрі, армия генералы Мұхтар Алтынбаев, Кореяның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ким Иль Су, Түркия Республикасының әскери атташасі Или Озкара, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, “Батыс” аймақтық командование әскерлерінің қолбасшысы, контр-адмирал Р.Комратов сынды ресми адамдар қатысты.

Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев еліміздің әскери теңізшілері Қазақстан Қарулы күштерінің тарихында алғаш рет өз бетімен шалғай сапарға шыққанын атап өтті. Қазақстандық теңізшілер Кореяда теориялық дайындықтан өтіп, өз міндеттерін Түркияда теңізде пысықтады. Түркия әскери-теңіз күштерінің оқыту орталығында олар Каспий теңізіне дейінгі шалғай сапарға дайындалды. Оқу қорытындысы бойынша олар тиісті сертификаттарға ие болды.

“Қазақстанның қорғаныс министрлігі Оңтүстік Кореяның ұлттық қорғаныс министрлігімен бірлесе жүзеге асырып жатқан жобаның біз үшін маңызы зор. Бұлар әскери-теңіз күштеріне ынтымақтастық аясында беріліп отырған ең үлкен кемелер. Оларды Қазақстанның әскери-теңіз флоты тарихының бастамасы деп санауға болады. Өйткені, қазір Каспийде жүрген барлық әскери катерлер ҰҚК-нің Шекара қызметіне берілген”,- деді қорғаныс министрі М.Алтынбаев.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны