04.12.2006, 15:03 2732

Кеденшілер Алматы әуежайы арқылы Еуропаға есірткі тасымалдану дерегі бойынша тексеру қорытындысын таяу күндерде жария етпекші

АСТАНА. 4-желтоқсан. Kazakhstan Today. ҚР қаржы министрлігінің кедендік бақылау комитеті Алматы әуежайы арқылы Еуропаға аса ірі көлемде есірткі тасымалдану дерегі бойынша тексеру қорытындысын таяу күндерде жария етпекші, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қызмет бабындағы тексеру қазір аяқталып келеді. Соған сәйкес ақырғы қорытынды шыға сала бұйрық дайындалып, біз БАҚ-тарды хабардар ететін боламыз",- деді бүгін Астанада журналистер сауалына жауап берген ҚР қаржы министрлігінің кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Сержан Дүйсебаев.

Осы орайда еске сала кетейік, өткен аптада Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР қаржы министрлігі кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Ибдішев : "кедендік бақылау комитеті Алматы әуежайы арқылы Еуропаның бір еліне аса ірі көлемде есірткі тасымалданғаны туралы мәліметтен хабардар",- деп мәлімдеген-ді. Б.Ибдішев бұл істің егжей-тегжейін жария етуден бас тартты. "Тергеу мүддесіне сәйкес мәселенің мән-жайынан хабар беру әзірге мүмкін емес",- деді ол.

С.Дүйсебаевтың айтуынша, аса ірі көлемде есірткі тасымалданғаны туралы ақпарат Интерпол арнасымен келіп түскен. "Сөйтіп біз бұл дерекке қатысты ақырғы әрі толық ақпаратты күтпей-ақ қызмет бабындағы тексеруді бастадық. Ондағы мақсат - осы деректің Алматы әуежайында расында да болған-болмағанын анықтау және оған жол ашқан себептерді анықтау болатын",- деді ол.

С.Дүйсебаевтың айтуынша, Алматы әуежайындағы кеден бекеті арқылы есірткі алып өту мүмкін емес. "Алматы әуежайында қолданылатын арнаулы технологияның арқасында ондай оқиғаға жол берілуі әсте мүмкін емес. Сол себепті қазір кеден бекеті қызметкерлердің аталмыш технологияға бағынуға қатысты жауапкершілік деңгейі тексерілуде",- деді С.Дүйсебаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны