29.03.2022, 17:01 17381

Үкімет Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекітті

Үкімет Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекітті
НҰР-СҰЛТАН. 29 НАУРЫЗ - Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы 16 наурыздағы "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды. Тапсырмаларды іске асыру туралы ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы 10 бағыт бойынша 36 іс-шараны қамтиды. Олар елдің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгертуге, дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шараларды қабылдауға бағытталған. 
 
 "Президенттің өкілеттіктері туралы" бірінші бағыт бойынша 3 іс-шараны іске асыру көзделген. Президент өкілеттіктерін шамадан тыс шоғырландырудан бас тарту мақсатында заңнамаға мынадай түзетулер енгізіледі, олар: 
 
  • Президенттің өз өкілеттіктерін атқаруы кезінде саяси партияға мүшелігін тоқтатуын; 
  • Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының басшылары лауазымдарын атқаруына тыйым салуды; 
  • Президенттің облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе оларды тоқтата тұру жөніндегі құзыретін алып тастауды, сондай-ақ аудан, облыстық маңызы бар қала, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату құқығын жоюды көздейтін болады. 
 
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, партиялық құрылымдардың мемлекеттік аппаратпен бірігуіне жол бермеу үшін заңнамаға Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитетінің, Конституциялық Кеңестің төрағалары мен мүшелерінің партиядан міндетті түрде шығуы туралы ережелер енгізілетін болады. 
 
Сондай-ақ әкімдер мен олардың орынбасарларына саяси партиялардың филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салынады. 
 
Екінші бағыт – "Өкілді билік тармағын қайта құру" бойынша 4 іс-шара жоспарланды. Заңнамаға төмендегідей өзгерістерді енгізу арқылы Парламент Сенатын жасақтау тәртібі мен оның бірқатар функциялары қайта қаралатын болады, олар: 
 
  • Сенаттағы президенттік квота 15-тен 10 депутатқа дейін қысқарады, оның ішінде 5 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады; 
  • Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа беріледі; 
  • Парламент Мәжілісі қабылдаған заңдарды Парламент Сенатының мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын көздеу; 
  • Парламент Сенатының өкілеттіктерін Конституциялық Кеңестің және Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары лауазымдарына кандидатураларды келісу құқығымен толықтыру; 
  • Парламент Мәжілісіне заңдар қабылдау құқығы беріледі; 
  • Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылады; 
  • Заңнамаға Президенттің облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері лауазымдарына баламалы негізде кемінде екі кандидатура енгізу құқығы беріледі. 
 
Үшінші бағыт – "Сайлау жүйесін жетілдіру" бойынша 1 іс-шара іске асырылатын болады.
 
Елді одан әрі саяси жаңғырту мақсатында сайлау жүйесінің пропорционалды-мажоритарлық моделі енгізілетін болады, ол 70/30 қатынасында Мәжіліс құрудың аралас жүйесін көздейді, яғни депутаттардың 70%-ы партиялық тізімдер бойынша, 30%-ы мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. 
 
Сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына мажоритарлық жүйе бойынша 50%, партиялық тізімдер бойынша 50%, аудандар мен қалалардың мәслихаттарына мажоритарлық жүйе бойынша сайланады.
 
Төртінші бағыт – "Партиялық жүйе үшін мүмкіндіктерді кеңейту" бойынша 1 іс-шараны іске асыру көзделеді. 
 
Саяси партияларды тіркеу рәсімі оңайлатылады. Оның ішінде: 
 
  • тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін төмендету; 
  • өңірлік өкілдіктердің ең аз санын 600-ден 200 адамға дейін төмендету; 
  • партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз санын 1 мыңнан 700 адамға дейін қысқарту; 
  • филиалдарды құру мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін ұзарту; 
  • құрылтай съезін өткізу мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұзарту көзделеді.
 
 "Сайлау процесін жаңғырту" бесінші бағыты бойынша сайлау алдындағы үгіт кезеңінде әлеуметтік желілерде үгіт жүргізуге рұқсат беру, байқаушылардың қызметін реттеу, аумақтық сайлау комиссиялары қызметінің қағидаттарын қайта қарау, сайлау қорларына қайырымдылықтың шекті мөлшерін белгілеу, сайлауға шет елдердің араласуына жол бермеу үшін шаралар қабылдау, сондай-ақ сайлау науқанына барлық қатысушылардың барынша қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету жоспарланады. 
 
Алтыншы бағыт – "Құқық қорғау институттарын күшейту" бойынша 9 іс-шараны іске асыру көзделген. Азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты құрылады. 
 
Конституцияда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері регламенттеледі. Сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі уәкілге Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы беріледі. 
 
Сонымен қатар өлім жазасы Конституциядан алып тасталады. Прокуратура органдарына азаптау туралы істердің айрықша тергеулігін белгілеу көзделеді. Сондай-ақ "Прокуратура туралы" Конституциялық заң жобасын әзірлеу жоспарлануда. Жоғары Сот Кеңесінің конкурстық рәсімдерін онлайн трансляциялауды және олардың қорытындылары бойынша егжей-тегжейлі, дәлелді түсіндірмелер жариялау енгізіледі.
 
Жетінші бағыт – "Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту" бойынша 3 іс-шара жүзеге асырылады. 
 
Мемлекет мүдделерін, қоғам сұраныстарын және медиа саланың даму үрдістерін ескере отырып, Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау жоспарлануда. 
 
Реформаларды дайындау мен іске асыруға қоғамдық ұйымдар мен сарапшыларды кеңінен тартуға бағытталған мемлекеттің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылын күшейту жөніндегі тәсілдер әзірленетін болады. 
 
Қазақстан Республикасы Президенті жағындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жалғастыру үшін жалпыұлттық деңгейде жаңа Ұлттық құрылтай институты құрылады.
 
Сегізінші бағыт – "Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру" бойынша 5 іс-шара іске асырылады. Бүгінгі күні Министрлік Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру бойынша жұмысты бастап кетті. 
 
Биылғы 25 наурызда Премьер-Министрдің өкімімен аталған облыстарды қалыптастыру үшін Комиссия құрылды. Комиссияның міндеті жаңа өңірлерді құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету болып табылады. 
 
Сондай-ақ жауапты орындаушыларды және іске асыру мерзімдерін көрсете отырып, "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы" Президент Жарлығын қабылдау жөніндегі жұмыс алгоритмі әзірленді. 
 
Алгоритм ұйымдастырушылық-дайындық және жедел іс-шаралар тізбесін қамтиды. 
 
Алгоритм аталған облыстар әкімдіктерінің назарына жеткізілді. Жалпы алғанда, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құруды көздейтін "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы" Президент Жарлығының жобасы жақын арада Президент Әкімшілігіне енгізіледі.
 
Тоғызыншы бағыт – "Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру" бойынша 2 іс-шара іске асырылады. 
 
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде Министрлік "Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы" Заң және оған ілеспе заң жобаларын әзірлеуде. 
 
Заң жобалары жергілікті мемлекеттік басқару органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару функцияларының аражігін ажырату, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүліктік құқықтарын және мәслихаттар өкілеттіктерін кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдерін оңайлату жөніндегі нормаларды көздейді.
 
 "Дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралар туралы" оныншы бағыт бойынша 5 іс-шара жүзеге асырылатын болады. 
 
Әлеуметтік-экономикалық жағдай үшін туындайтын тәуекелдерді нивелирлеу мақсатында Дағдарысқа қарсы шаралар жоспарының жобасы әзірленді. Ол: 
 
  • қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, 
  • инфляцияны бақылау және төмендетуге, 
  • көлік-логистикалық тізбектегі алшақтықты қысқартуға, 
  • сыртқы сауда қызметін қолдау және ынталандыруға, 
  • экономика салаларын қолдау және инвестициялар тартуға бағытталған. 
 
Сондай-ақ, Ә. Қуантыровтың айтуынша, егіс науқанын сапалы жүргізу қамтамасыз етіледі, оның ішінде фермерлерге жанар-жағармай материалдарының қажетті жеңілдікті көлемі бөлінеді, ауыл шаруашылығы техникасының, тұқым және тыңайтқыш қорларының дайындығы тексеріледі. 
 
Бұдан басқа, саяси жаңғыру стратегиясын ескере отырып, экономика мен мемлекеттік басқарудағы құрылымдық реформалардың жаңа топтамасын дайындау жоспарда бар.
 
ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, алдағы маңызды саяси реформаларды жүзеге асыру үшін Президенттің өкілеттігі, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, мәслихаттардың, әкімдердің функциялары мен оларды құру тәртібі, саяси партия құру мәселелеріне қатысты конституциялық заңдар мен басқа да заңдарға өзгерістер енгізу қажет.

 
Сонымен қатар, елдің әкімшілік-аумақтық құрылымы өзгеруде. Дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралардың кешенді пакеті іске асырылатын болады.
 
Отырыста сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған міндеттерге толық сәйкес келетінін және барлық келісу рәсімдерінен өткенін атап өтті. 
 

Аталған жоспарды орындауға дереу кірісуіміз қажет. Ондағы әрбір іс-шараның сапалы және уақытылы орындалуына бірінші басшылар тікелей жауапты екенін баса айтқым келеді. Орынбасарларыма жоспардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын", — деді Әлихан Смайылов.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны