01.12.2023, 15:24 70121

Үкіметте "Қарызсыз қоғам" жол картасының орындалу барысы қаралды

Келесі жылы еліміздің барлық өңірлерінде қаржылық сауаттылық курстары ұйымдастырылып, 200 мыңға жуық адамды оқыту жоспарланып отыр
Қазіргі таңда "Қарызсыз қоғам" жобасын кеңейту бойынша арнайы меморандум дайындалды. Премьер-Министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен өткен жиын барысында бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және несиелер бойынша проблемалық берешектерді реттеуге бағытталған "Қарызсыз қоғам" жобасының жүзеге асырылу барысы туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов баяндады.

Құжат аясында аталған жұмысқа 9 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы және микроқаржы ұйымдары қауымдастығы қосылды. Қазірдің өзінде барлық өңірлерде азаматтарға консультациялық көмек көрсету үшін "Қарызсыз қоғам" жобалық кеңселері құрылды. Жергілікті атқарушы органдар оларды техникалық құралдармен жабдықтау шараларын қабылдауы қажет", - деді ол.


Естеріңізге сала кетейік, "Қарызсыз қоғам" жобасының тиімділігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өтіп, оның қамту аясын кеңейтуді тапсырған болатын. Мәселен, келесі жылы еліміздің барлық өңірлерінде қаржылық сауаттылық курстары ұйымдастырылып, 200 мыңға жуық адамды оқыту жоспарланып отыр. Несие мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтарға басымдық берілмек.

Сонымен қатар мектептер мен жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылық курстары өткізіліп, барлығы 1 млн адам қамтылады. Осы мақсатта Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024 жылдан бастап арнайы оқыту курсын енгізуді жоспарлауда.

Ал Оқу-ағарту министрлігі "Жаһандық құзыреттер" пәні аясында оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруды ұсынып отыр. Бұл туралы AMANAT партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев айтты.

Жаһандық құзыреттілік" оқулығында баяндау стилі күрделі және кей тұстары түсініксіз жазылған. Оқушылардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтары ескерілмеген. Сонымен қатар бұл таңдау пәні ретінде саналады, ал қаржылық сауаттылық бойынша әлемдік рейтингте жоғары орындарға ие елдерде бұл пән міндетті пәндер қатарында (Финляндия, Жапония). Сондай-ақ түрлі пәндер бойынша қаржы мәселесіне бөлінетін сағат саны да әр мектепте әртүрлі", - дейді Э.Жұмағазиев.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны