06.02.2008, 17:37 2976

Қорғаныс министрлігі биыл әскерилерді әлеуметтік қорғауға қатысты ұсыныстарды заңнамалық акт түрінде енгізбекші

Қорғаныс министрлігі биыл әскерилерді әлеуметтік қорғауға қатысты ұсыныстарды заңнамалық акт түрінде енгізбекші

Астана. 6 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Қорғаныс министрлігі биыл әскерилерді әлеуметтік қорғауға қатысты ұсыныстарды заңнамалық акт түрінде енгізбекші. Бұл туралы Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде өткізген көшпелі отырысында еліміздің қорғаныс министрі Даниал Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, отырысқа жетекшілік жасаған комитет төрағасы Нұрбақ Рүстемов халықтың әлеуметтік жағдайын, басқа да басымдықтарды ескере отырып депутаттық корпус заң шығарушылық ісінде әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларын әлеуметтік қорғауға баса назар аударатындарын айтып өтті.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Даниал Ахметов депутаттарға жасаған баяндамасында Қарулы күштерді қаржыландыру жылдан жылға өсіп келеді, деп атап өтті. Сондай-ақ, министр депутаттарға Қарулы күштердегі трансформациялау жүйесі жайында, ең үздік әлемдік стандарттар негізінде қазақстандық Армияның құрылымын өзгерту , әскери жоспарлау жүйесін жаңғырту және оны басқару туралы хабардар етті.

Қорғаныс министрлігінің бюджеті 2004 жылы 49 млрд. құраса, 2007 жылы 142,5 млрд. болды. Ал, биылғы жылы ол 153,7 млрд. астам теңгеге жоспарланып отыр.

Искери қызметшілердің материалдық табыстарының деңгейін арттыруға баса назар аударылып отыр. Биылғы жылдың бюджетіне тек тұрғын үй құрылысына 5,1 млрд. теңге қаржы бөлінді. Келешекте 75 мың шаршы метр тұрғын жай салу жоспарланып отыр. Енді сардарлар мен сарбаздардың жалақыларына сыныптық шендер мен атақтарына орай, қызмет еткен жылдары мен шарт жасасқан жылдарының мезгіліне қарай қосымша ынталандыру ақылары қосылып отыратын болды. Биылға дейін қатардағы сержант пен генералдың шендеріне берілетін қосымша ақыда 1809 теңге айырмашылық болатын болса, енді ол 70 мың теңгеге дейін көтерілді. Шарт бойынша қызмет жасайтындарға 3 жылға шарттаса - 1 айлық көлемінде, 5 жылға шарттаса - 5 айлық, 10 жылға шарт жасаса - 666000 теңгеге дейін бір жолғы ынталандыру сыйлығы төленетін болды. Бұл аталған министрлікте бірінші рет қарастырылып отырған шара. Ал, ұшқыштардың айлығы сыныптық шендері бойынша алатын қосымшаларымен есептегенде бүгінгіден екі есеге дейін өсетін болды.

Қорғаныс министрінің орынбасарлары Болат Жаңасаев, Азамат Ойнаровтар қосымша мәліметтер бойынша баяндама жасады.

Комитеттің көшпелі отырысында депутаттар мен министрлік жетекшілері Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін нығайтуға қатысты, бөлінген қаржыны тиімді жұмсауға, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мен тұрғын жаймен қамтамасыз ету сияқты көптеген сұрақтарды талқылап, қарастырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны