03.06.2008, 17:23 3115

Қостанай облысының прокуратурасы "Халық банкінің" шағымы бойынша 7 жасар қызға 500 мың теңге төлету жөніндегі сот шешімінің күшін жою туралы шағым түсірді

Қостанай облысының прокуратурасы "Халық банкінің" шағымы бойынша 7 жасар қызға 500 мың теңге төлету жөніндегі сот шешімінің күшін жою туралы шағым түсірді

Алматы. 3 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Қостанай облысының прокуратурасы "Халық банкінің" шағымы бойынша 7 жасар қызға марқұм анасы алған несиенің 500 мың теңгесін төлету жөніндегі Арқалық қалалық сотының шешімінің күшін жою туралы шағым түсірді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

2006 жылдың 18 қыркүйегінде "Қазақстан Халық банкі" АҚ мен клиент арасында 36 айға дейін 500 мың теңге көлеміндегі банк несиесін беру жөніндегі келісім жасалған. Клиент 2007 жылдың 20 маусымында қайтыс болған. Қарыздың қайтарылмауына байланысты "Қазақстан Халық банкі" АҚ оның мұрагері 7 жастағы қыздан оны өндіріп алмақ болған.

Арқалық қалалық сотының 2008 жылдың 28 наурызындағы шешімімен "Қазақстан Халық банкі" АҚ шағымы қанағаттандырылып, қайтыс болған клиенттің қызынан банк пайдасына 414 мың 195 теңге көлеміндегі қарыз өндіріп алынып, 12 426 теңге мөлшеріндегі мемлекеттік баж қайтарып алынған.

Қостанай облыстық прокуратурасының органдары жасына қарай іс-әрекетке қабілеттілігі болмауына байланысты қарыз келісімінің орындалмау жауапкершілігін көтере алмайды деп көрсетілген аппеляциялық шағым түсірген. Азаматтық-отбасылық заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікті баланың асыраушысы алуы тиіс.

"Қостанай облыстық сотының 2008 жылдың 28 мамырындағы азаматтық істер жөніндегі алқасының қаулысымен прокурордың қарсылығы қанағаттандырылып, Арқалық қалалық сотының шешімі өзгертілді. Қарыз сомасы мұра қалдырушының мұрагерлік затынан алынды. Сот шешімін орындау міндеттемесі баланы асырап алушыға жүктелді, деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, аппеляциялық инстанция кәмелеттік жасқа толмаған баланың өкілі Т. Мұхаметжановаға әкесінің келісімімен қайтыс болған анасын жерлеуге кеткен шығындарды құжаттық негізде дәлелдеуге ұсыныс берілді. Ұсынылған құжаттарды ескере келе алғашқы инстанция сотымен алынған сома 272 мың теңгеге дейін қысқартылды", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, кеше 2 маусым күні "Қазақстан Бүгін" агенттігіне өздерінің аты-жөнін жарияламауды сұраған қайырымдылық көрсетушілер 7 жасар қыз баланың қарызын өтеу үшін қаржы тапсырды.

Қайырымдылық көрсетушілер соттың "Қазақстан халық банкі" АҚ-ынан анасы алған 500 мың теңге мөлшеріндегі несиені 7 жасар жетім қызға төлеуді міндеттегені туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінде шыққан ақпаратқа назар аударған. Олар берешекті толық мөлшерде өтеп, қыз баланың қамқоршысының есепшотына аудару мақсатында агенттікке ақша тапсырды.

"Қазақстан Бүгін" агенттігі сол күні таңертең "Халық Банкіне" хабарласып, банк алдындағы қарызды тездете өтеу үшін көмек көрсетуді сұрады. Соған қарамастан банк қызметкерлері клиентке қатысты мағлұматтар құпия ақпарат деп бұл мәселені шұғыл түрде шешуден бас тартты.

"Қазақстан Бүгін" қарызды мерзімінен бұрын өтеу үшін жетім қалған қыздың есепшотына тікелей ақша аудармақшы.

Естеріңізге сала кетсек, Қостанай облысының Арқалық қаласының соты 7 жасар қызға анасы алған 500 мың теңге мөлшерінде несиені банкке төлеуге міндеттеген болатын.

"Қыздың анасы Халық банкінен жарты миллион теңге несие алған. Бірнеше айдың көлемінде қарызын жақсы жауып тұрған. Алайда кенеттен қайтыс болған. Банк 7 жастағы қызына мұрагерлік жолымен анасы алған қарызды төлеу талабымен Арқалық қалалық сотына шағымданған", - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны