15.01.2008, 10:55 1685

ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің су ресурстары комитеті төрағасының орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғалды

ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің су ресурстары комитеті төрағасының орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Астана. 15-қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Жамбыл облысының прокуратурасы ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Н. Атшабаровқа, комитеттің бөлім бастығы М. Бейсеновке, "Желдорстрой" ААҚ президенті Е. Мәми және "СМП-6" ЖШС директоры Р. Ақботаевқа қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Ауыл шаруашылық министрлігінің су ресурстары комитетінің шенеуніктеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 307 бабы 2 тармағы (лауазымын асыра пайдалану) бойынша, Е. Мәми мен Р. Ақботаевқа қатысты қылмыс сипатына сай ҚР Қылмыстық кодексінің 177 бабы 3 тармағы "б" тармақшасы (ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Баспасөз қызметінен хабарлағандай, облыс прокуратурасы ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің су ресурстары комитеті Қордай ауылында су құбыры желісін салуға және жөндеуден өткізуге бөлген 92 млн 512 мың теңге көлеміндегі бюджет қаражатын пайдаланудың заңдылығын тексерген.

"2004 жылдың 25-ақпаны күні комитет төрағасының орынбасары Н. Атшабаровтың төрағалық етуімен мемлекеттік қабылдап алу комиссиясы аталмыш нысанды аяқталды деп пайдалануға қабылдаған. Алайда, тексеру 33 млн 158 мың теңге көлеміндегі бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланғанын анықтады. Ол жасалған жұмыс көлемін заңсыз ұлғайтып көрсету және акционерлік қоғамның келісімде көрсетілген міндеттемелерін орындамауы есебінен жүзеге асқан", - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, пайдалануға қабылданған 24,61 шақырым су құбыры желісінің қазіргі уақытқа дейін 6,666 шақырымы әлі күнге дейін жұмыс істемейді. Ал оны салғаны үшін комитет "Желдорстрой" ААҚ есепшотына 24 млн 260 мың теңге аударған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны