04.05.2011, 13:00 3854

ҚР президенті Қарағанды облысындағы авиабазасына барып қайтты

ҚР президентінің баспасөз қызмеінің хабарлауынша, Еліміздің Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келген соң авиабазаны аралады. Қорғаныс министрі Иділбек Жақсыбеков Мемлекет басшысына әскери гарнизонның әскери дайындық барысын және инфрақұрылымын таныстырып өтті.

Астана. 4 - мамыр. Kazakhstan Today - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР президентінің баспасөз қызмеінің хабарлауынша, Еліміздің Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келген соң авиабазаны аралады. Қорғаныс министрі Иділбек Жақсыбеков Мемлекет басшысына әскери гарнизонның әскери дайындық барысын және инфрақұрылымын таныстырып өтті.

Президент әскери кезекшіліктегі авиациялық техниканы, техникалық зертхананы аралап көрді. Сондай-ақ Мемлекет басшысына МиГ-31 ұшағының регламенттік жұмысы мен осы ұшақтың кешенді транежары таныстырылды. Еліміздің әуе шебін қорғап тұрған қазақстандық армияның әуе қорғанысы күштерінің ұшқыштары бірнеше рет ірі көлемдегі халықаралық жаттығуларға қатысты. Өткен жылы 9 жеке әуе жаттығуы өткізілді. Иуе қорғанысы күштерінің жалпы ұшулары 25 мыңнан астам сағатты құрады, бір ұшқыштың орташа ұшуы 83 сағат. Бұл ТМД елдері армиясы арасында ең жақсы көрсеткіштің бірі.

Мемлекет басшысы сондай-ақ "Спаск" оқу орталығында болып, қазақстандық армияның мобилизациялық резервінің дайындығымен танысты.

Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының алға қойған міндеттерге сәйкес, бүгінде мобилизациялық резерв дайындығына көп көңіл бөлінеді. Бұл үшін елімізде 9 оқу орталығы құрылған. Өткен жылы мотоатқыштар әскерлері, байланыс әскерлері, арнайы әскерлер үшін 1200 әскери қызметші дайындалды. Биылғы жылы орталық арқылы 4000-дай әскери қызметші даярлықтан өтеді. Семейде, Таразда, Ақтауда - үш өңірлік оқу орталығы құрылды. Оқу орталықтарында отандық армияның мобилизациялық резервтерді оқыту үшін барлық қажетті жағдай жасалған.

Президент арнайы мақсаттағы құраманың іс-әрекетімен таныс болды. Искери қызметшілер ғимаратты шабуылдау, кепілдегі адамдарды босатып алу, сондай-ақ кедергі алаңынан өтуде амал-тәсілдерін көрсетті. Тактикалық іс-әрекет барысында взводтың блок-постыға үйлесімі, шабуылдау құрамасының қимылдары, резервтегі құраманың шабуылға ұмтылуы, армиялық авиация тікұшақтарының әскерлерге қолдау көрсету амалдары көрсетілді.

Орталықты аралау кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусын бітірушілермен кездесті.

Мемлекет басшысы кездесу кезінде кез келген мемлекеттің табысты дамуының кепілі білікті мамандар болып табылатынын атап өтті. Бұл армия үшін ерекше маңызды. Осыған байланысты ең жоғары талаптарға жауап беретін әскери кәсіби мамандардың жаңа толқынын жасақтау міндеті тұр. Олардың арасында кіші командирлер маңызды орынға ие. Оларды даярлау үшін 1996 жылы Президенттің тапсырмасы бойынша ТМД-да баламасы жоқ Кадет корпусы құрылған болатын. Осы ретте, Кадет корпусы - бұл сержанттар даярлайтын бірден-бір оқу орны. Біліктілікті арттыру және келешекте қызметте өсу үшін біртұтас жүйе құрылуы тиіс. Кәсіби сержанттар - бұл солдаттармен үнемі тікелей байланыста болатын командалық құрамның бірінші сатысы.

Президент Қорғаныс министрлігі қазақстандық армияның әскери қабілетін арттыруға үлкен мән беретінін атап өтті. Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысы қазақстандық әскери қызметшілерге қызметтері, ант пен әскери міндеттеріне адалдығы үшін ризашылығын білдіріп, зор денсаулық және бақыт тіледі.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны