27.07.2012, 10:21 2805

ҚР президенті Кембридж университетінде болып, оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамымен және студенттерімен кездесті

Кездесуді ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Кембридж университетінің ғасырлар бойы әлемдік ғылым мен білімнің орталығы болып келгеніне, сонымен бірге бүкіл адамзаттың дамуына зор үлес қосып келе жатқанына тоқталды.

Лондон. 27-шілде. Kazakhstan Today - ҚР президенті Кембридж университетінде болып, оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамымен және студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Кездесуді ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Кембридж университетінің ғасырлар бойы әлемдік ғылым мен білімнің орталығы болып келгеніне, сонымен бірге бүкіл адамзаттың дамуына зор үлес қосып келе жатқанына тоқталды.

"Мен үшін көптеген көрнекті тұлғалар мен Нобель сыйлығының лауреаттары түлеп ұшқан осыншалық беделді университетте сөз сөйлеу үлкен мәртебе", - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті әлемнің қазіргі құрылымының мәселелеріне деген өз көзқарасымен бөлісті, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі және елді дамыту перспективалары туралы әңгімеледі. Мемлекет басшысы ХХ және XXI ғасырлар аралығы Еуразияның зор геостратегиялық кеңістігіндегі ауқымды және түбірлі өзгерістер кезеңіне айналғанын атап өтті. Бұл уақыт былтырғы желтоқсанда мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлаған Қазақстан үшін беріктігін бекемдеуге арналған сындарлы сынақ кезеңі болды.

"Кеңес Одағы тарағаннан кейін бізге ауқымды дағдарыс, әлсіз экономика және басқарудың тиімсіз жүйесі мұра болып қалды. Сондай жағдайда, 1992 жылы халықтың 40 пайызы кедейшілік шырмауында қалып, инфляция 2 мың пайызға жетті. Бізге тек экономиканы ғана емес, жаңа үлгідегі мемлекетті де басынан бастап құруға, түбірлі реформалар жүргізуге, жоспарлы жүйеден нарыққа, тоталиаризмнен демократияға көшуге тура келді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы алдымен экономикалық, одан соң саяси ырықтандыруға алғашқы кезекте маңыз беретін реформаларды кезең-кезеңмен жүргізу қажетігіне айрықша назар аудартты.

"Саяси мәдениет пен тәжірибенің жоқтығы мемлекеттік институттарды сыйламаушылыққа, зорлық-зомбылыққа үндеуге ұшыратты. Бұл - кез келген ел үшін аса қауіпті жол. Мұның мысалы - Индіжандағы қақтығыстар, Оштағы жаппай бас көтерулер, сонымен қатар, Жаңаөзендегі оқиға. Біз үшін одан арғы даму ырғағын сақтау үшін тұрақтылықты жоғалтпау аса маңызды. Тәуелсіздікті сақтау және мемлекет құру - бүкіл ұлт үшін негізгі меже және міндет", - деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса Қазақстан Президенті өз сөзінде елдің тиімді әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге баса назар аудару қажеттігіне тоқталды.

"Тәуелсіздік жылдары біз ІЖО көлемін жан басына шаққанда 16 есеге - 700 доллардан 12 мың долларға дейін арттырдық. 1999 жылдан 2007 жылға дейін Қазақстанның ІЖО өсімі орта есеппен 10 пайызды құрады. Біздің еліміз Орталық Азияға тартылған барлық инвестицияның 80 пайызын өзіне шоғырландырды. Бізге Еуропадан, Азиядан және Америкадан ірі инвесторлар мен әлемдік бизнестің көшбасшылары келді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның тек мұнай мен газ ғана емес, сонымен қатар металдардың барлық түрінің табиғи ресурстарының орасан зор қорына ие екенін атап өтті. Сонымен бірге қазіргі уақытта Қазақстан экономикасын әртараптандыруды қамтамасыз ету, шикізаттық экспортқа тәуелділік деңгейін төмендету, заманауи индустриялық база мен өздігінен дамитын иннновациялық жүйе құру міндеті алға қойылды.

"Дағдарыстың ең өршіген тұсында біз Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруды бастап, елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Барлық индустриялық жобаларды жүйелі түрде қолдап отыру үшін Индустрияландыру картасын қалыптастырдық. Оған құны 76 миллиард доллардан асатын 706 жоба енгізілді. Елдің негізгі тірегі - инновация мен білімге негізделген экономика", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның кеңестік дәуірден шыққан мемлекеттер арасында алғашқылардың бірі болып еуропалық жоғары білім беру аймағына енгенін айтты. 2010 жылы еліміз Еуропа мәдени конвенциясы мен Болон процесіне қосылды. Шетелде оқытатын "Болашақ" арнайы бағдарламасы белгіленді. 1993 жылдан бері 8 мыңнан астам жас қазақстандық мемлекет есебінен әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алды. Ең танымал бағыттың бірі - Ұлыбритания. Британ жоғары оқу орындарында біздің 4 мыңнан астам студентіміз білім алды. 2001 жылдан бері Алматыда Қазақ-Британ техникалық университеті табысты жұмыс жасап келеді. Ол Қазақстанның ұлттық ғылыми-техникалық элитасын дайындап, қалыптастыру ісіне белсенді қатысуда. Астанада жаңа халықаралық жоғары оқу орны - "Назарбаев университетінің" ашылуы жоғары білім беру саласындағы басымдығы бар жоба болды. Кембридж университетімен білім беру бағдарламалары бойынша ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Қазақстанның "Қазатомпром" компаниясы мен сіздердің университеттеріңіздің Кавендиш лабораториясы арасындағы тығыз ынтымақтастық мысалын көріп отырмыз.

Осы орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Кембридж университетімен әсіресе жаңа технологиялар, қалпына келтірілетін қуат, экология салаларындағы ынтымақтастық ауқымын кеңейтуге әзір екенін айтты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны