15.01.2013, 13:20 5205

ҚР Үкіметі ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру және өткізу бойынша 2013-2018 жылдарға арналған ұлттық жоспарды қабылдады

Елбасының тапсырмаларына сәйкес бүгін Үкімет отырысында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі 2013-2018 жылдарға арналған ұлттық жоспар қабылданды.

Астана. 15-қаңтар. Kazakhstan Today - ҚР Үкіметі ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру және өткізу бойынша 2013-2018 жылдарға арналған ұлттық жоспарды қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Елбасының тапсырмаларына сәйкес бүгін Үкімет отырысында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі 2013-2018 жылдарға арналған ұлттық жоспар қабылданды.

"Ұлттық жоспар 10 тараудан және 78 іс-шарадан тұрады, іс-шараларға 12 мемлекеттік орган, барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерін "Самұрық-Қазына" компаниясы тартылып отыр", - деп хабарлады Ұлттық жоспардың жобасымен таныстырған Экономикалық даму және сауда министрі Е.Досаев.

Оның айтуынша, Ұлттық жоспарда қарастырылған іс-шаралардың 90% астамы 2013 жылға жоспарланған. Көрменің Тіркеу құжаты 2013 жылдың қазан айында Халықаралық көрмелер бюросының Атқарушы комитетінде бекітілгеннен кейін, Ұлттық жоспар 2014-2018 жылдарға арнап түзетілетін болады.

Бүгінгі таңда ЭКСПО-2017 көрмесін дайындау жөніндегі Үкімет жұмысының ұйымдастыру схемасы әзірленіп болды.

Сондай-ақ Үкімет басшысының төрағасы Қ.Келімбетов басшылық ететін Ұйымдастыру комитеті құрылды, бұл комитет Мемлекеттік комиссияның атқарушы органы болып табылады және көрмені ұйымдастыру және оны өткізудің негізгі бағыттары бойынша сегіз жұмыс штабының жұмысын үйлестіреді.

Биыл сонымен қатар "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы, Ұлттық консультант кеңсесі және Қала нысандарын дайындау және жаңа нысандар салу жөніндегі дирекция құрылады.

"Ұлттық компанияның басты міндеті Тіркеу құжатының мазмұнды бөлігін іске асыру, ЭКСПО-2017 жобасының аумағында инфрақұрылымдар мен нысандар жобалау және оларды салу болады",- деп атап көрсетті министр Е.Досаев.

Ал Ұлттық консультант кеңсесі қазақстандық делегациялардың Халықаралық көрмелер бюросының Атқарушы комитеті мен Бас Ассамблеясының отырыстарына қатысуын қамтамасыз етумен, Тіркеу құжатының жобасын әзірлеумен айналысады. Астана әкімдігінің жанынан құрылатын Қала нысандарын дайындау және жаңа нысандар салу жөніндегі дирекция көрмені табысты өткізу үшін қала инфрақұрылымдарын дайындау және дамыту мәселелерімен айналысады.

ЭКСПО-2017 көрмесін қолдау қоры өз кезегінде, қол қойылған меморандумдар бойынша міндеттемелерді орындаудың аясында Халықаралық көрмелер бюросына мүше елдермен ынтымақтастық бойынша жұмысты жалғастырады және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ғылыми жобаларға қолдауды қамтамасыз етеді.

Естеріңізге сала кетейік, Астана ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығын жеңіп алғаннан кейін, 2012 жылдың 26 қарашасында Серік Ахметовтің төрағалығымен ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жүргізу және оны өткізу мәселелерімен айналысатын Мемлекеттік комиссия құрылған болатын.

Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен 2012 жылдың 6 желтоқсанында өткен Мемлекеттік комиссияның бірінші кеңейтілген отырысының хаттамасы бойынша Үкіметке ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында мынадай тапсырмалар міндеттеліп еді:

- көрмені ұйымдастыру және оны өткізу жөніндегі ұзақмерзімдік ұлттық жоспарды әзірлеу және оны Мемлекеттік комиссияның қарауына енгізу;

- көрмеге дайындалу және оны өткізу мәселелерімен айналысатын компания құру, ведомстволық және қаржыландырылу мәселесін шешу;

- ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындалу және оны өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің жұмысын қамтамасыз ету;

- ұлттық консультант кеңсесін құру;

- бюджеттен тыс қаражат көздерінің есебінен ЭКСПО-2017 көрмесін қолдау қорын қаржыландыруды ұлғайту мәселесін шешу.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны