08.12.2015, 16:31 5604

ҚР Үкіметі отырысында 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары ұсынылды

Күн тәртібінде "Қазақстан жаӊа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму" атты Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпыұлттық жоспарды бекіту туралы" ҚР Президенті Жарлығыныӊ және Үкімет пен Ұлттық банктіӊ 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары жобалары талқыланып, мақұлданды

Астана. 8 желтоқсан. Kazakhstan Today - Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов селекторлық режимде ҚР Үкіметініӊ кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Күн тәртібінде "Қазақстан жаӊа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму" атты Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпыұлттық жоспарды бекіту туралы" ҚР Президенті Жарлығыныӊ және Үкімет пен Ұлттық банктіӊ 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары жобалары талқыланып, мақұлданды, деп хабарлайды primeminister.kz тілшісі.

ҚР ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдегендей, Жалпыұлттық жоспар жобасы 10 жылға арналған мақсатты индикаторларды және бес негізгі бағыт бойынша 39 іс-шараны қамтиды.

"Жалпыұлттық жоспарды жүзеге асыру үшін әзірленген Дағдарысқа қарсы жоспар Мемлекет басшысыныӊ 2015 жылғы 18 қарашадағы Үкіметтіӊ кеӊейтілген отырысында берген барлық тапсырмаларын қамтиды. Сондай-ақ, Дағдарысқа қарсы жоспар "100 нақты қадам" Ұлт жоспары шеӊберіндегі реформаларды тереӊдету жөніндегі шараларды, 2015-2016 жылдарға арналған жедел шаралар мен "ерекше кезеӊ", сондай-ақ экономиканы долларсыздандыру жоспарларыныӊ өтпелі іс-шараларын қамтиды", - деп мәлімдеді Экономика министрлігініӊ басшысы.

Оныӊ айтуынша, Дағдарысқа қарсы жоспар екі бөлімнен тұрады: Мемлекет басшысы Жолдауында айқындаған бес негізгі бағыт шеӊберінде жаӊа құрылымдық экономиканы қалыптастыру; экономика өсімін ынталандыру және несиелеу бойынша жедел шаралар.

Өз кезегінде, бірінші бөлім қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оӊтайландыру, экономикалық бәсекелестік, жекешелендіру және ынталандыру, жаӊа инвестициялық және әлеуметтік саясат бойынша шараларды қарастырады.

Атап айтқанда, зейнетақы активтерін инвестициялау әдістері қайта қаралып, 2016 жылдыӊ шілдесіне дейін зейнетақы қорлары активтерін жеке қазақстандық немесе шетелдік компаниялардыӊ басқаруына тапсыру тетіктері жасақталады.

2016 жылдыӊ сәуіріне дейін Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдаланудыӊ жаӊа Тұжырымдамасын және 2016 жылдыӊ тамызына дейін жаӊа редакциядағы Бюджеттік кодекс жобаларын әзірлеу жоспарланған.

Мемлекет басшысыныӊ экономикадағы мемлекеттіӊ рөлін төмендету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында мемлекет иелігінен шығару және жекешелендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілетін болады. 2016 жылдыӊ ақпанында еліміздіӊ экономикасына инвестициялар тартуды жандандыру үшін ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша шараларды қарастыратын Толық жоспар қабылданады.

Жедел шаралардыӊ негізгі бағыттары экономиканыӊ нақты секторын нүктелік қолдау, "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында басты инфрақұрылымдық жобаларды белсенді жүзеге асыру, ШОБ қолдау, халықтыӊ тұрғын үйге қолжетімділік деӊгейін арттыру, АӨК жобаларын жүзеге асыруды жеделдету, ИИДМБ жобаларын іске асыру, әлеуметтік тұрақтылық және жұмыспен қамтуды қолдау болмақ.

Аталған мәселе бойынша Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, қаржы министрі Б.Сұлтанов, инвестициялар және даму министрі - И.Исекешев, ауыл шаруашылығы министрі - А.Мамытбеков, білім және ғылым министрі - А.Сәрінжіпов, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі - Т.Дүйсенова, энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев, "Самұрық-Қазына" қоры басшысы Ө.Шүкеев және "Бәйтерек" холдингініӊ басшысы Қ.Бишімбаев, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов, бірқатар облыс әкімдері сөз сөйледі.

Бұдан өзге, отырыста Жұмыспен қамту жол картасын-2020 өзектендіру және "2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" ҚР Заӊын жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Отырысты қорытындылаған К.Мәсімов барлық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар басшыларына және облыс әкімдеріне Президенттіӊ тапсырмаларын орындауға күш салуды тапсырды.

Оған қоса, Үкімет басшысы 2016 жылдыӊ бюджеті мұнай бағасы барреліне 40 доллар есебінен қалыптастырылғанын еске салып өтті.

"Дәл бүгін мұнай бағасы барреліне 40 долларды құрады. Тағы да естеріӊізге салғым келеді, Мемлекет басшысы экономика дамуыныӊ түрлі сценарийлерін, оныӊ ішінде мұнай бағасы барреліне 30 және 20 доллар болатын жағдайларды қарастыруды тапсырған болатын", - деді К.Мәсімов.

Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрі бүгін Республикалық бюджет комиссиясыныӊ отырысында Қаржы министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен бірлесе отырып, мұнай бағасы одан әрі төмендеген жағдайға арналған іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылғанын айтты.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны