20.11.2012, 17:54 3620

ҚР Үкіметінде жастар саясатын іске асыру жайы талқыланды

ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Үкімет үйінде Премьер-Министрдің төрағалық етуімен ҚР Үкіметінің отырысы өтті. Күн тәртібінде Елбасының жастар саясаты жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мәселесі қарастырылды.

Астана. 20-қараша. Kazakhstan Today - ҚР Үкіметінде жастар саясатын іске асыру жайы талқыланды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Үкімет үйінде Премьер-Министрдің төрағалық етуімен ҚР Үкіметінің отырысы өтті. Күн тәртібінде Елбасының жастар саясаты жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мәселесі қарастырылды.

"Бәріңізге белгілі, жастар мәселесі қашан да Мемлекет басшысының айырықша қадағалауында болып келді. Жастарға қолдау көрсету мемлекттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. "Жас Отанның" съезінде Елбасы Үкіметке жастар саясатын жүзеге асыру туралы нақты тапсырмалар берді. Ол жастарды жұмыспен, тұрғын үймен қамтуға, әлеуметтік қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік жастар саясаты туралы заң жобасын дайындауға қатысты", - деді отырысты ашқан С.Ахметов.

ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтқандай, ҚР Президенті Н.И.Назарбаев тапсырмаларын орындау мақсатында Министрлік құрылымында Жастар ісі жөніндегі комитет, өңірлерде Жастар ісі жөніндегі басқармалар құрылған, елде жастардың негізі "әлеуметтік лифті" ретінде білімнің рөлі арта түсуде. Соңғы 10 жыл ішінде арнайы орта білімі бар қазақстандықтардың саны 40%, ал жоғары білімі барлар 3 еседен аса көбейді.

Сондай-ақ министрлікте Мемлекеттік жастар саясаты Тұжырымдамасының жобасын әзірлеу жұмысы жүріп жатыр. Жаңа Тұжырымдаманың ерекшелігі, оның тек оқу оқитын жастарға ғана бағытталмағандығында. Ол жастардың барлық санатын - ауыл жастарын, жұмысшыларды, өзін өзі қамтамасыз ететіндерді, жұмыссыздарды, маргиналдарды қамтитын болады.

Б.Жұмағұлов 2011 жылмен салыстарғанда елдегі жастар жұмыссыздығының деңгейі 4 есе азайып, 3,8% құрады деп атап өтті.Алайда, жастар арасындағы жұмыссыздық құрылымының өзгеруі және ТжКБ мекемелері мен жоғары оқу орындарының жұмысқа тұрмаған түлектерінің әлі де көптігі сияқты көңіл алаңдатар үрдістер сақталуда.

"Сондықтан да жастарды жұмыспен қамтуды қолдаудың жаңа кешенді жүйесін құру қажет. Жаңа жүйе жастардың жұмыспен қамтылу жағдайына нақты және толық мониторинг жүргізеді, кадрларды кәсіптік даярлау жүйесінің жұмысына қажетті түзетулер әзірлейді. Ең бастысы - жастарды жұмысқа тұрғызу ісіне өңірлерде қолдау көрсету", - деп түйіндеді өз сөзін министр.

"Нұр Отан" ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Министрлер кабинетінің мүшелеріне салалық және мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуде жастардың проблемаларын ескеру, сондай-ақ осы құжаттарды әзірлеуге жастардың өкілдерін тарту туралы өтініш білдірді.

"Жас Отан" жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов өз кезегінде, партияның жастар қанаты жастардың өзекті мәселелерін тиімді шешуге бағытталған жобаларды іске асыруды жалғастыратынын жеткізді.

"Бүгінгі таңда республика халқының ширек бөлігін жастар құрап отыр. Оларға барлық қажетті жағдайлар жасалған. Елбасының тапсырмасы бойынша қажетті заңдар мен бағдарламалар қабылдануда. Енді осы құжаттар өңірлерде сапалы атқарылуы үшін бақылауды күшейту керек", - деп атап көрсетті С.Ахметов өз сөзінде.

Үкімет басшысы Білім және ғылым министрлігіне мүдделі органдармен, жергіліктік әкімдіктермен бірлесе отырып, Елбасының тапсырмаларын сапалы орындауға қажетті шараларды қабылдауды міндеттеді.

Үкімет мүшелері сондай-ақ "2012 - 2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы Заңын жүзеге асыру туралы" ҚР Үкіметінің қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" қаулы қабылдады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны