Система Orphus

Мәжіліс халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыруға қатысты депутаттық түзетулерді I оқылымда мақұлдады

20.05.2020, 18:01 7399

Алматы. 20 мамыр. Kazakhstan Today - Мәжіліс халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыруға қатысты депутаттық түзетулерді I оқылымда мақұлдады.

Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар өздері бастамашы болған халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Нұрлан Нығматулин жалпы депутаттардың бастамашылығымен әзірленіп жатқан заң жобаларына баса назар аудара келіп:

-"Біз депутаттарымыздың бастамасымен әзірленген тағы бір заң жобасын мақұлдадық. Ерекше айту керек, біздің депутаттардың заң шығару бастамашылығы осы сессияда өте жоғары. Мысалы, 41 Заң жобасына депутаттар өздері бастамашы болды. Алдымызда тағы да оншақты заң жобасы бар," - деді Мәжіліс Төрағасы.

Мақұлданған құжатта Үкіметке халықаралық тасымалдарды қадағалап отыру жүйесінің ұлттық операторын айқындау бойынша құзыреттілік беру ұсынылады. Сонымен қатар, халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезінде электрондық сәйкестендіргіштерді (навигациялық пломбаларды) пайдалану бөлігінде тасымалдаушыларға қойылатын талаптарды белгілеу қарастырылған.

Осылардың қатарында электрондық сәйкестендіргіштерді қасақана бүлдіргені немесе жойғаны үшін әкімшілік жауаптылықты енгізу және электрондық сәйкестендіргіштерді пайдалану тәртібін салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның бекітуі көзделеді.

Сонымен қатар, Палата Иранмен азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Келісімде екі елдің құзыретті органдарының азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл мәселелері регламенттеледі. Құжатта көмек көрсетуден бас тарту негіздері, құқықтық ақпаратпен және материалдармен алмасу, заң актілерін тану және орындау шарттары жан-жақты айқындалған. Сондай-ақ құжаттарды тапсыру шарттары, дәлелдемелерді жинау және беру, куәгер мен сарапшыны шақыру, сот актілері мен төрелік шешімдерді тану және орындау белгіленген. Екі мемлекеттің құқықтық көмек көрсету рәсімдерінде тікелей өзара іс-қимыл жасайтын құзыретті органдары айқындалған.

Сондай-ақ, бүгін депутаттар ТМД қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Хаттама ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында автокөлік құралдарына қылмыстық қолсуғушылықтарға қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Жалпы отырыста депутаттар бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Отырыста бірқатар жаңа заң жобалары жұмысқа алынды. Олардың қатарында "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Кодекске түзетулер енгізу туралы және ЕАЭО Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары бар.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны