27.01.2021, 19:57 16798

Мәжілісмендер ТМД елдерінің автокөліктердің жымқырумен күрес жөніндегі келісіміне түзетулерді қабылдады

Құжат ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында автокөлік құралдарына қылмыстық қолсұғушылықтарға қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Нұр-Сұлтан. 27 қаңтар. Kazakhstan Today - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысы барысында депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады. Мақұлданғандардың арасында - ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Парламенті Мәжілісінің ресми интернет-ресурсына сілтеме жасап.
 
Құжат ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында автокөлік құралдарына қылмыстық қолсұғушылықтарға қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған. 
 
Ескертпеге сәйкес, ақпараттық дерекқорды еліміздің мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін автөкөлік құралдары туралы мәліметтермен толықтырып тұру мәселелері Қазақстан Республикасына қолданылмайды. 
 
Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, соңғы 15 жылда Қазақстанда 40 303 көлік ұрланған. Оның ішінде ТМД елдерінде бар болғаны 223 автокөлік табылды, ал Қазақстанға қайтарылғаны – 66. 
 
Сонымен қатар, Палата бүгін Қазақстан мен Моңғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара көмек туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. 
 

Бұл Хаттама Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы құқықтық мәселелер бойынша ынтымақтастықты бекітуге бағытталған. Сондай-ақ екі елдің азаматтарына азаматтық және қылмыстық сот ісін жүргізу саласында құқықтық көмек көрсету мәселелерінде екіжақты әріптестікке жаңа серпін беруге мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Мәжілістің баспасөз қызметі.

 
Сондай-ақ, отырыста депутаттар ЕАЭО шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. 
 

Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу мәселелері бойынша келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыруға бағытталған. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы жануарларының жасалған типтерін, желілерін (тұқымдарын) және кростарын апробациядан өткізу көзделген. Сонымен қатар, асыл тұқымды өнімге молекулярлық генетикалық сараптама жүргізуді, асыл тұқымды жануарлардың тұқымын айқындауды және олардың асыл тұқымдық құндылығын бағалауды біріздендіру арқылы іске асыру қарастырылған. Бұл шаралар ЕАЭО шеңберінде асыл тұқымды мал шаруашылығының ортақ нарығын дамытуға және өзара саудадағы кедергілерді жоюға алып келеді деп күтіледі. Бұл өз кезегінде отандық асыл тұқымды өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады", - деп түсіндірді ведомствода.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны