31.03.2008, 12:04 3488

Маңғыстау облысында жер заңнамасына қатысты көптеген заң бұзушылықтар анықталды

Маңғыстау облысында жер заңнамасына қатысты көптеген заң бұзушылықтар анықталды

Ақтау. 31 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Маңғыстау облысында жер заңнамасына қатысты көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы өткен аптада Ақтауда облыстық құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде айтылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі сілтеме жасай отырып.

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша биылғы жылдың ақпан, наурыз айларында прокуратура органдарымен өткізілген тексерулер кезінде Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен облыстың басқа да аудандарында қоршаған ортаны қорғау, ҚР Жер туралы кодексінің, "ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі жөніндегі" заңдарындағы талаптардың бұзылғандығы анықталды.

Прокуратура қызметкерлері мәдениет-көңіл көтеру нысандарының құрылыстарын жүргізу үшін Каспий теңізі бойында жер учаскелерін беру кезінде Түпқараған, Қарақия аудандары мен Жаңаөзен, Ақтау қалаларының әкімдігі жер және су заңнамаларының талаптарын орындамағанын анықтады.

Бұл шешімдердің барлығы Орал-Каспий су шаруашылық -бассейіні басқармасымен келісілмей шығарылған. Облыс бойынша Каспий теңізі аймағында заңсыз берілген 198 жер учаскесі анықталды.

Ақтау әкімдігі ҚР Жер кодексінің 107 бабының 4 тармағын бұза отырып, осы күнге дейін жалпы пайдаланылатын жерлер белгіленбеген. Сондай-ақ прокуратура органдары Ақтау әкімдігі тарапынан жер учаскесінің нысаналы пайдаланылуын өзгерту кезінде жер заңнамасының талаптарын орындамағанын анықтаған.

Мысалы, әкімдік қызметкерлері ҚР Экологиялық кодексінің 208 бабын бұза отырып, 2007 жылы мемлекеттік экологиялық сараптама құжаттарынсыз жер учаскелерінің нысаналы пайдаланылуын өзгерту жөнінде 62 шешім шығарған.

Тексеру кезінде "Достар Компания ЛТД" ЖШС салған "Жағажай дәмханасы мен сауна коттеджі" нысанын қабылдау кезінде шенеуніктер "ҚР жергілікті өзін өзі басқару, ҚР Жер туралы кодексінің, "ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі жөніндегі" заңдарының өрескел бұзғандығы анықталды.

Қабылдау комиссиясы сылынған ғимаратты көрмей,тиісті тексерулерді жасамай бұл нысанның мемлекеттік актісін қабылдаған. Бұл "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі " ҚР заңына қайшы келеді. Ал комиссия мүшелері арасында жер ресурстарын басқару жөнінде мемлекеттік өкілетті орган өкілінің болмауынан "Достар Компания ЛТД" ЖШС 0,41га мемлекеттік жер учаскесін иемденіп алған.

Тексеру кезінде басқа да шаруашылық субъектілерімен жасалған заң бұзушылықтар анықталды. Ақтау прокуратурасы теңіз жағалауынан "Аурухана қалашығы" мен 1, 2, 4, 5, 7, 9, 14, 15 ықшам аудандары арасын бөліп жатқан көлік жолының бойында жатқан жер учаскелерін кейбір азаматтардың басып алғандығы белгілі болды.

Мәселен, 2000 жылы Ақтау қаласы әкімі қызметін уақытша атқарған шенеунік 1 ықшам ауданында таза ауыз суды бөтелкемен шығаратын Caspian Industrias LTD ЖШС бөлімшесіне уақытша 2,5 гектар жерді пайдалануға берген. Алайда, шын мәнінде бұл кәсіпорын 372 шаршы метр жер учаскесін қосып алып пайдаланған болатын. Осының салдарынан қала тұрғындары теңізге апаратын жолдан айрылды.

ҚР жер кодексін бұзған барлық кәсіпорындар Ақтау прокуратурасының талабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылып, заңсыз басып алынған 2337,86 шаршы метр жер учаскесінің 2000.36 шаршы метрі мемлекетке қайтарылды.

Мұңайлық аудан прокуратурасы анықтағандай, Басқұдық ауылында мемлекеттің жеке меншігінде болған жерлерге ешбір құжатсыз 159 жеке баспана салынған. Тексеру кезінде белгілі болғанындай, жер учаскелерін ұйымдасқан бір топ адамдар заңсыз бөліп сатқан. Бұған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 177 бабының 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдан ала тергеу істерін жүргізу үшін іс материалдары облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі департаментіне жіберілді.

Сондай-ақ, жер учаскелерінің нысаналы пайдаланылуы жағынан заң бұзушылықтар анықталды. Мұңайлық ауданында тиісті құзырлы органдар тарапынан тиісті бақылау жасалмағандықтан 17 адам нысандардың сәулет- жобалық рұқсат құжатынсыз дүкен, кафе, бильярд, техникалық қызмет көрсету орталығын салып үлгерген. Ал бастапқыда бұл жер учаскелері жеке баспана құрылысын жүргізу үшін бөлінген болатын.

Баспасөз қызметі хабарлағанындай, прокуратура органдарының тексеру қорытындылары бойынша, заң бұзушылықтарды жоюға қатысты 14 талап қойылды. Сондай-ақ, 13 адам әкімшіліктік ал екеуі тәртіптік жауапқа тартылды. Атқару органның шешімі бойынша бір наразылық талап шығарылып, бір қылмыстық іс қозғалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны