23.07.2007, 18:14 3073

Маңғыстау облысының Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басқармасының бастығы жеті сотталушыны мерзімінен бұрын заңсыз босатқан - Бас прокуратура

АСТАНА. 23 - шілде. Kazakhstan Today. Маңғыстау облысының Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басқармасының бастығы жеті сотталушыны мерзімінен бұрын заңсыз босатып жіберген, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Прокуратурадағылардың түсіндіруінше, Қазақстан Республикасы Иділет министрлігінің Маңғыстау облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басқармасының бастығы өзінің қызмет бабын пайдаланып, облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басқармасының сотталғандарды медициналық қамсыздандыру тобының бас маманымен бірлесе отырып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрған, оның құрамына ГМ-172/6 облысаралық құрт ауруы ауруханасының дәрігерлері де кірген.

Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану жолымен дәрігер-рентгенолог арқылы сотталғандардың рентгенге түскен суреттері ауыстырылып, медициналық көрсеткіштері, зертханалық, рентгенологиялық зерттеулердің нәтижелері жалған көрсетілген, соның салдарынан сотталғандарға жалған диагноз қойылған. "Бұл соттың сотталғандарды денсаулық ахуалына байланысты босату туралы әділетсіз қаулы шығаруына әкеп соқтырған",- деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер. Сөйтіп, сотталған жеті азамат жазасын өтеуден заңсыз босатылған.

Атап айтқанда, баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басқармасы бастығының заңсыз әрекетінің салдарынан сотталғандардың бірі денсаулық ахуалына байланысты одан әрі жазасын өтеуден босатылған, өтелмеген жаза мерзімі 4 жыл 7 ай 25 күнді құрап отыр.

Маңғыстау облысының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Иділет министрлігінің Маңғыстау облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басқармасының бастығы мен жеті қызметкерінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша (пайда табу мақсатында қызмет бабын асыра пайдалану), 235-бабы бойынша (ұйымдасқан қылмыстық топ құру), 314-бабы бойынша (лауазымды тұлғаның жалған мәліметтермен ресми құжат жасауы) қылмыстық іс қозғап, сотқа жіберді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны