26.10.2006, 16:57 2983

Мәжіліс 2007-жылға арналған бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін арттыруды ұсынады

АСТАНА. 26-қазан. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "2007-жылға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын қарап, бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін арттыруды ұсынды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Мәселен, мәжілістің қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің қорытындысында бюджеттің болжамдық кіріс бөлігін 99 млрд. теңгеге, соның ішінде Жалпы ішкі өнімнің көлемін арттыру есебінен 95 млрд. теңгеге арттыру ұсынылған. Депутаттардың пікірінше, үкімет ұсынған заң жобасында "Жалпы ішкі өнімнің номиналдық көлемі шамамен 500 млрд. теңгеге азайтылған. Бұл бюджетке қосымша 95 млрд. теңге көлемінде түсім құйылуымен парапар".

Ал бюджеттің шығыс бөлігінде депутаттар ең төменгі жалақы көлемін қазір ұсынылып отырған 9752 теңгеден 10 258 теңгеге дейін; ең төменгі зейнетақы көлемін қазір ұсынылған 7236 теңгеден 7471 теңгеге дейін; айлық есептік көрсеткішті қазір ұсынылған 1092 теңгенің орнына 1150 теңгеге дейін көтеруді ұсынады.

Заң шығару процедурасына сәйкес, республикалық бюджеттің жобасы енді сенаттың жалпы отырысында қаралып, одан кейін парламент палаталарының бірлескен отырыстарында 13 және 16-қарашада екі оқылымда қаралуға тиіс.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, құжатқа сәйкес, Жалпы ішкі өнім 11 трлн. 880 млрд. теңге көлемінде болжанып отыр. Бұл ағымдағы жылғыдан 8,6 процент артық. Тұтыным бағаларының индексі жылына орта есеппен 5-7 процент, теңге бағамы бір долларға шаққанда 116 теңге болмақ.

2007-жылғы республикалық бюджет түсімдері 1 трлн. 982 млрд. теңге, немесе, Жалпы ішкі өнімнің 16,7 процентіне тең; шығындар 2 трлн. 17 млрд. теңге, республикалық бюджеттің тапшылығы 133,1 млрд. теңге немесе Жалпы ішкі өнімнің 1,1 процентіне тең болмақ.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны