26.02.2009, 16:27 8117

Мәжіліс депутаттары кеше отыздан астам депутаттық сауал жариялады

Мәжіліс депутаттары кеше отыздан астам депутаттық сауал жариялады

Астана. 25 ақпан. "Қазақстан Бүгін"- Жақында өткен сайлаушылармен кездесулерден кейін кеше Орал Мұхамеджановтың төрағалығымен мәжілісте өткен жалпы отырыста халық қалаулылары отыздан астам депутаттық сауал жариялады. Оларды үкімет басшысынан бастап биліктің түрлі тармақтарына жолдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі. мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ермұханбет Омаров премьер-министрге қаратып жолдаған сауалын былай деп бастайды: "Казрос-Бройлер" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алматы облысында құс етін өсіру және өңдеу бойынша еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызды болып табылатын, жылдық қуаты 29000 тонналық, 1200 адамды жұмыспен қамтып отырған Қазақстан мен ТМД-дағы ең үлкен құс шаруашылығы кешенінің күрделі құрылысын аяқтап, қолданысқа енгізді.",- дейді, "Олар жобаны қаржыландыру үшін 2005 жылы "Қазақстанның Халық Банкі" Акционерлік қоғамының 87,5 млн. АҚШ доллары сомасында кредиттік желісі ашылған болатын. Орта есеппен алғандағы жылдық сыйақы ставкасы 10 % құрады. Бүгінгі күні жеңілдік кезеңде есептелген пайызды қосқанда банктің алдындағы қарыз 113,5 млн. АҚШ долларын құрайды.

Өкінішке орай "Казрос-Бройлер" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің нарыққа шығуы нарықтағы бағаның құлдырауы мен жаңғырығы отандық құс шаруашылықтарына да келіп жеткен әлемдік қаржы дағдарысымен сәйкес келді.

Илемдік қаржы нарығындағы дағдарыс отандық банк жүйесіне де ықпалын тигізді. Соның салдарынан банк "Казрос-Бройлер" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үшін сыйақы ставкасын жылдық 10%-дан 16%-ға дейін елеулі өсіріп жіберді. Сыйақы ставкасын өсіру мен теңге девальвациясы осы жобаның экономикалық көрсеткіштеріне теріс әсерін тигізді.

Сонымен қатар, қазіргі кезде ауыл шаруашылығының, соның ішінде құс шаруашылығының инвестициялық тартымдылығы төмендеп кетті.

Агроөнеркәсіптік кешеннің елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді шешетінін ескере отырып, қазір қолымызда бар отандық ауылшаруашылық өндірісін қолдау аса өзекті деп санаймын.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1085 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына өзгертулер енгізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын.

Атап айтқанда:

1. Уәкілетті органдарға ("Казагро" Акционерлік қоғамы) күрделі құрылыспен аяқталған және қолданысқа берілген ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды инвесторларға Қазақстан Республикасының коммерциялық банктері ұсынатын шарттардан неғұрлым пайдалы шартпен қайта қаржыландыруды (рефинансированиені) жүзеге асыруға мүмкіндік беретін өзгертулер;

2. Уәкілетті органдарға күрделі құрылыспен аяқталған және қолданысқа берілген ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобалардың айналымдық капиталын Қазақстан Республикасының коммерциялық банктері ұсынатын шарттардан неғұрлым пайдалы шартпен қаржыландыруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін өзгертулер енгізу."

Ал, Мәжіліс депутаттары Розақұл Халмұрадов, Өстемір Бектөреев, Дауылбай Құсайыновтар Үкімет Басшысына "Парламент Мәжілісінің депутаттары жақында еліміздің аймақтарында болып тұрғындармен кездесіп қайтты. Сол кездесулерде сайлаушылар Елбасымыз Нұрсұлтан Ибішұлының талай қиындықтардан, талай қыл көпірден әупірімдеп халқын аман алып өткеніне, қазіргі әлемдік дағдарыста да дер кезінде тиісті шаралар қабылдап, дағдарысқа қарсы бағдарламаның басымды бағыттарын айқындап бергені және еліміздің экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінгеніне өз ризашылықтарын білдіріп, Елбасымыздың саясатын қолдайтындарын айта келе, кейбір мәселелер оларды алаңдататындықтарын да ашық айтты.

Атап айтсақ, біріншіден: Ұлттық қордан дағдарысқа қарсы бағдарламаға 10 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінетіндігінің айтылғанына жарты жылдай уақыт өтседе, әлі оның бір теңгесіде кәсіпкерлердің, шаруалардың қолына тиген жоқ. Бұл туралы кешегі Үкіметтің отырысында да айтылды. Бұл жетпегендей Қазкомерцбанк пен Халық банкінің әр біріне 120 млрд. теңгеден аударылғанына 3 күннен кейін бір ай толады, дегенмен қаржы әлі күнге дейін банктерде сақталуда. Ал, еліміздің оңтүстігінде дихандар қаржы тапшылығынан көктемгі егіс жұмыстарын бастай алмай жүргенде, бұл не деген жайбарақаттық. Бұл жағдайға кім жауап береді?

Интернет сайтында Қазкомерцбанк басшылығының берген пресс-релизіне сенетін болсақ, 120 млрд. теңгенің 36 млрд. теңгесі 6 айға депозитке салыныпты. Осы қаншалықты рас? Рас болса банкке экономикамыздың нақты салаларын қолдау үшін бөлінген қаржының үштен бірі тағыда 5 ай банкте сақталынып, еліміздің экономикасына емес, біреулерге таза табыс әкеле ме? Бұл қателікке жауапты лауазымды адам барма, бар болса, ол қандай жауапкершілікке тартылады?

Екіншіден: осы жылғы 6 ақпандағы "Нұр Отан" Халықтық Демократиялық партиясының Парламент Мәжілісіндегі депутаттық фракциясының жиналысында Үкіметке бірнеше депутаттар шағын, орта бизнеске және ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінетін 2 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі несиенің сыйақысын кәсіпкерлерге, шаруаларға, дихандарға 7-8 пайызбен беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылған болатын.

Сіз өзіңіздің жаубыңызда, бұл ұсынысты қарап, мүмкіндігі барынша сыйақының пайызын төмендету шарасын қарастырамыз деген едіңіз. Осы мәселе қалай шешіледі?

Үшіншіден: Елбасы Нұрсұлтан Ибішұлы Үкіметке және жергілікті әкімдерге Ұлттық қордан бөлінген қаржының мақсатты да тиімді жұмсалуына мемлекеттік және қоғамдық бақылау орнатуды тапсырған. Осыған байланысты шағын, орта бизнеске және ауыл шарушылығын қолдауға берілетін несиелердің сыйақы өсімі қанша пайыз болатыны, оны алу механизімі, қажетті құжаттар тізімі, әр облыс, қала, аудандарда қандай банк, қор, несие серіктестіктері, немесе басқада мекемелер арқылы несиені алуға болатыны туралы Ереже бекітіліп, оны бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланса, нағыз қоғамдық бақылау болар еді. Бұл мәселені шешуге болады ма?",- деген сауал жолдады.

Бүгінгі жолданған депутаттық сауалдардың енді бір дені ауылдың әлеуметтік жағдайларына да қатысты болды. ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевқа жолдаған сауалында депутат Зейнолла Алшымбаев "Мен кездесу өткізген Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында ең басты әлеуметтік мәселе мектептің аздығы, оқушылар симай үш мерзімде ауысып оқуда. Ауданның Басқұдық, Атамекен секілді бірқатар ауылдарында халық саны көп болса да мектеп жоқ болғандықтан балалар Ақтау қаласына қатынап оқиды. Үш жылдық бюджетке Дәулет селосынан 960 орындық, Басқұдық селосынан 960 орындық, Маңғыстау-5 елді мекенінен 960 орындық, Қызылтөбе-2 елді мекенінен 960 орындық мектептер салу туралы жобалық-сметалық құжаттары жасақталған. Атамекен селосында "Аджип" ККО компаниясы 640 орындық мектеп салып беруге келісім бергген, бірақ іс жүрмей жатыр.

Жағдай қанша өткір тұрса да соңғы үш жылдық бюджетті жоспарлағанда Мұнайлы ауданында бір де бір мектеп салу қарастырылмаған.

Болашақта алдағы бюджетті нақтылау кезінде Мұнайлы ауданында мектептер салу мүмкіншілігін қарастыруыңызды сұраймын. Мұнайлы ауданының жақында ашылған аудан екендігін, осында көшіп келушілердің негізінен Отанға оралған қандастарымыз екендігі мәселенің одан сайын күрделендіре түсетіні белгілі."

Үкімет Басшысына жолдаған депутат Дауылбай Құсайыновтың да көтерген мәселесі әріптесімен үндес болды. "Назар аударатын жай стратегиялық ойлар макродеңгейдегі экономикалық шешу жолдары болып табылып, ол тек облыстармен үлкен қалаларды қамтитын болатын сияқты.

Бұл жерде орынды сұрақ туындайды. Мемлекеттік аймақтық реттеу барысында аудандар, ауылдар, әсіресе шалғайда орналасқан жерлердің күні не болмақ?

Сұрақ риторикалық емес. Аймақтарды жетілдіру мақсатындағы екі бағдарлама бар. Бірақ онда әлеуметтік-тұрмыстық жай туралы емес пе? Ол да дұрыс. Дегенмен, экономикалық тұрғыдан да қарастырған жөн болар еді.

Менің ойымша тұрғыны аз, өз күндерін өздері көріп отырған ауылдардың экономикалық мәселесін шешу жолдары ойдағыдай қарастырылмағандай. Ирине бұл экономикалық тұрғыдан тиімді емес. Бірақ күнкөру үшін ата заманнан келе жатқан тұрғылықты жерінен көшу де оңай емес. Бұл жерлерде көбіне қазақ ұлты тұрады ғой.

Аймақтарды дамыту мақсатында мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп жатыр. Бірақ бөлінген қаржыны ауыл тұрғындарының көбі алалмайды. Себебі екінші деңгейдегі банктер кепіл ретінде олардың жерлерін, малдарын, ескі техникаларын, жылжымайтын мүліктерін алмайды.

Ауыл тұрғындарына көп нәрсенің керегі де жоқ, тек мектептерді сақтап қалу, бір - екі ауыл шаруашылығын құруға көмектесіп аяғына тұрғызу, мемлекет тарапынан жеңілдіктермен ұзақ мерзімді несие беру сияқты шаралар жасалса жеткілікті болар еді.

Жоғарыда айтылған мемлекеттік саясатта стратегиялық микродеңгейлік механизмнің жеткіліксіздігі деп ойлаймын. Оған қоса мемлекетіміздің "Азық түлік қауіпсіздігі" бағдарламасының орындалуына кедергі болама деген ой мазалайды. Сол себепті қазіргі таңда 2015 жылдарға дейін арналған стратегияға өзгерістер енгізу мүмкін бе деген сұрақ туындап отыр. Бұған тағы демін алатын антикризистік макрожоспар тұр"-деп ой тастайды халық қалаулысы.

Палатаның Илеуметтік мәдени даму комитетінің мүшесі Майра Айсина Премьер-Министрге былай деп сауал жолдады: "Мектепте баланың оқуын ынталандырудың ең маңызды факторларының бірі - ең үздік балаларды "Алтын белгі" белгісімен марапаттау болып табылады:

Мұндай құрмет белгісінің иегері болу үшін оқушы бесіншіден бастап он бірінші сыныптар аралығында, яғни қатарынан жеті жыл тек үздікке оқуы тиіс. Бұл жақсы талап болғанымен, бірақ тәжірибеде білім беру мекемелері бұл үшін бесінші және алтыншы сыныптарда үздік оқыған, кейін оқу үлгерімінің деңгейі төмендеп кеткен оқушыларды "тартуға" мәжбүр болып жататын жағдайлары да сирек емес. Шындығында балалар оқудың соңғы үш-төрт жылында, яғни 9-11 сыныптарда өз мүмкіндіктерін көрсете біледі әрі ашыла бастайды.

Ийгілі ұстаз В.А.Сухомлинский "Балалар алғашқы 4 жылда тек оқуды, жазуды, тапсырманы орындауды ғана үйренеді" деген әділ есеппен, бастауыш сыныптарда ешқашан нашар баға қоймаған. Бір бала өзінің ақыл-ой жұмысында жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатады, біреуі оған жете алмай жатады, бірақ бұл оның одан әрі оқымайтынын білдірмейді. Тарқатып айтқанда, мектептің бастапқы сатысындағы білім толық оқу процесіндегі баланың мүмкіндіктерін бағалау үшін негізгі талаптар бола алмайды және бесінші сыныптың қорытындысымен баланы түпкілікті бөлектеп тастауға болмайды.

"Алтын белгі" белгісіне - негізгі орта білім беру бағдарламасын меңгеру қорытындысы бойынша ерекше аттестат алған және 10-11-сыныптарда жалпы орта білім берудің бағдарламасы бойынша "өте жақсыға" оқыған, мектептегі оқуды аяқтай отырып, жалпы орта білім берудің қорытынды аттестациясынан "өте жақсы" деген бағамен өткен оқушы үміткер болуы тиіс.

Баланың еңбегін бағалауда осындай жолмен жұмыс жасау объективті әрі әділ болып есептеледі, ең бастысы, барлық балаларды оқудың барлық кезеңдерінде оқу бағдарламаларын терең меңгеруге ынталандыратын болады.

Бүгінгі күні мынадай жағдайлар орын алып жүр - "Алтын белгі" белгісімен бір оқушылар марапатталып жатса, ал мектептерінің намысын қорғап, жоғарғы сыныптарда өздерінің дарынды қабілеттерін шынайы ашқан, облыстық, аудандық олимпиадаларға қатысып, үлкен жетістіктерге қол жеткізетіндер басқа оқушылар.

Бұл жерде мектептердегі балалар олардың ішінен оқуда нақты кімнің күшті екенін жасырмай-ақ біледі. Мұндай жағдай оқушылардың өз араларында салауатты, рухани даму ортасын қалыптастыруға мүмкіндік бере алмайды. Мектептерден әділдіктің одан әрі қанат жая беретініне сенімді және ары қарай білім алуға мейлінше бейім балалар мен қыздар шығуы тиіс.

Осыған орай, Сізден Үкіметтің аталған қаулысына өзгерістер енгізу және 5-8 сыныптар үшін міндетті түрде жылдық "5" деген бағаның болуы туралы талапты алып тастау мәселесін қарауды сұраймыз". Сауалға әріптестері Светлана Ферхо, Раиса Полищук, Николай Турецкий қол қойған.

Палатаның Илеуметтік даму комитетінің мүшесі, депутат Алдан Смайыл "Ортаға салатын, Үкіметтің назарына ұсынатын ой-пікірлері де бар. Халық мына мәселелерге нақты назар аударуды талап етеді.",- дейді.

"Бірінші - отандық азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандырудың экономикалық тиімді шаралары толық қарастырылып отырған жоқ. Атап айтқанда, осы өнімдерді шығарумен айналысатын кәсіпкерлер қазіргі жағдайды жеке мүдделері үшін пайдаланып қалу мақсатымен халық сұранысына ие азық-түлік түрлерін сауда орындарына шығармай, қоймаларда ұстап отыр. Соның салдарынан қант, өсімдік майы т.б. өнімдердің сауда айналымындағы үлесі азая бастаған. Ал зәру заттың бағасы көтерілетіні белгілі. Осыған орай әкімдіктер азық-түлік өнімдерін өткізумен тұрақты айналысатын кәсіпорындардың жұмысын ұдайы бақылауда ұстауы қажет.

Екінші - кейбір қалалар мен облыстарда, оның ішінде Астана қаласы да бар, сауда рыноктеріндегі сату орындарынан алынатын салықты 2-3 есе көбейткен. Мәселен, елордадағы "Шанхай" базарында бір сатушы бұрын 180 теңге салық төлесе, енді 350-460 теңге беруге мәжбүр. Бұдан қала немесе облыс бюджетінің байып кетпейтіні анық. Ал сатушының азық-түлік бағасын амалсыз көтеретіні, сөйтіп баға өсетіні даусыз. Сондықтан әлгі салық түрін қайта қарап, алғашқы деңгейіне түсіру керек.

Үшінші - ел де, сауда орындарының қызметкерлері де осыдан бір жыл бұрын көтерілген делдалсыз сауда шараларының нәтиже бермегенін айтуда. Бағаның тұрақсыздануына бір қолдан арзанға қотара сатып алып, екінші қолға қымбатқа қопара сататын делдалдар әлі де ықпал етіп келеді. Сондықтан дәл қазіргі кезеңде, дағдарысқа қарсы әрекеттер кезеңінде "Делдалсыз сауда" саясатының маңызы ерекше. Қазіргі таңда баға барлық саясаттың нақтылы көрсеткішіне айналып отырғанда оны ұрандатпай - ұрымтал, дауылдатпай - дәйекті етудің маңызы зор. Қайырып айтсақ, барлық деңгейдегі әкімдіктер "Делдалсыз сауда" акциясын бастауы керек. Көптің тілегі осындай",- дейді Алдан Смайыл.

Депутаттық сауал жасағандар өңірлерде болып сайлаушылармен кездесу кезінде елдің Республика Президентінің басшылығымен қаржы дағдарысының алдына алу және оны еңсеру жөнінде жүргізіліп жатқан экономикалық - әлеуметтік шараларды қолдайтындығын көрсетті. Халық әлеуметтік жәрдемдердің белгіленген деңгейде сақталатындығына риза және оның кейбір салаларда өскендігіне алғыс сезімін білдіріп жатқандығын жеткізді.

Онда Депутат Құрманғали Уәли Қазақстан Республикасының премьер-министріне төмендегі сауалды жолдады.

Маған Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының атынан Жуалы ауданында 2008 жылы басталып толық бітпеген елді мекендерін газдандыруды аяқтауға жәрдем көрсету туралы хат келіп түсті.

2008 жылғы 4 қыркүйекте және 22 қазанда "2009 жылға арналған Қазақстан Республикасының басым бюджеттік инвестициялық жобаларының тізбесіне" Жамбыл облысының 57 елді мекенін газдандыру жобасына енгізу жөнінде жәрдем көрсету және Жамбыл облысы Жуалы ауданының Ақбастау, Қарасаз, Зыковка, Дүйсебайұлы, Амансай, Шақпақата, Ынтымақ, Түктібай елді мекендерін газдандыру жөніндегі жұмыстарды аяқтау үшін республикалық бюджеттен қаржылай қаражат бөлу туралы № ДЗ-347 және № ДЗ-430 екі Депутаттық сауал жолдаған болатынмын.

Жоғарыда аталған кенттерді газдандыру мақсатында нысаналы трансферттермен республикалық бюджеттен 443 643 450 теңге бөлінген болатын, ол жоспарланған көлемнің 50% жұмысын орындауға мүмкіндік берді.

Егер жаһандық дағдарысқа байланысты біз әлі басталмаған көптеген жобаларды, оның ішінде Жамбыл облысының 57 елді мекенін газдандыруды да тоқтата тұру немесе оларды кейінгі мерзімге ауыстыру керек екенін түсінер болсақ, ал жартылай орындалған жұмысты биыл жалғастырып толық аяқтауға тек ғана назарыңызды аударып, бағыт берсеңіз халықтың көптен шыдамсыздана күткен қуанышына бөленіп, басталған жұмыс аяқталуына қол жетер еді.

Өзіңіздің сөзіңізде, келген дағдарысқа қарамай 2008 жылы басталған жұмыстарды толық аяқталуын қамтамасыз етеміз деген уәдеңізді халық назарында ұстап отыр.

Сонымен қатар, инфляцияны және материалдардың қымбаттауын ескере отырып, жобалық құнынан үш-төрт есе асып түсетінін Сіз де жақсы түсінесіз.

Бұдан басқа, Сіздің менің Депутаттық сауалыма берген 2008 жылғы 19 қарашадағы № 11-21/5605 жауабыңызда "қымбатшылықты ескере отырып, Жуалы ауданының 8 елді мекенін қаржыландыру мәселелері үш жылдық республикалық бюджеттің жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында талқылау шеңберінде қаралатын болады", - деп жазылған болатын.

Осыған байланысты Кәрім Қажымқанұлы! Жоғарыда көтерілген мәселерге "Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес Жамбыл облысыңдағы Жуалы ауданының 8 елді мекенін газдандыру жобасын аяқтап қаржыландыру мақсатында не істелгенін және қандай шаралар қабылданғанын хабарлауыңызды үшінші рет үлкен үмітпен өтініп сұраймыз. Жазылған мәселелер бойынша бізді жазбаша хабардар етуіңізді өтінеміз".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны