13.05.2009, 15:50 1313

Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады

Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады

Астана. 13 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Мәжіліс депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады

Мәжіліс депутаты, аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Мейрам Пішембаев : "Ақпараттық-коммуникациялық желілерге қатысты заң жобасының 13-бабына депутаттар өзгерістер енгізіп отыр. Ол бапта бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін Бас прокурордың тоқтатуы туралы норма қарастырылған болатын. Бұл норма екі айдан астам уақыт бойы баспасөзде талқыланып келді. Сондықтан біздер ондай норманы алып тастау жөнінде шешімге келіп отырмыз",- деді Мейрам Пішембаев.

Заң жобасын бірінші оқылымда талқылаған кезде қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, бір топ депутат аталған заң жобасының 13-бабындағы үкімет ұсынған нормасына келіспей, өз ұсыныстарын берді.

"Үкімет ұсынған жобада Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдарының кез келген түрін үш тәулікке тоқтатып қоюға құқық беретін болды. Алайда, Бас прокурорға берілетін мұндай құқық жаңадан дамып келе жатқан мемлекет үшін, ашық қоғам құрып жатқан ынтамыз үшін, баспасөздің дамуы үшін үлкен кедергі болуы мүмкін деген оймен біз Бас прокурорға ондай құқық беруді жөнсіз деп таптық. Енді біздің ұсынысымыз қабылданатын болса, Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне ешқандай кедергі жасалмайды. Ал заң бұзған немесе заңсыз ақпарат таратқан бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі өздерінің меншік иелерінің немесе соттың шешімі арқылы тоқтатылатын болады",- деді депутат Қайрат Сәдуақасов.

Депутаттардың ұсынысын таныстырған мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыпов: "Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі өздерінің меншік иелерінің немесе соттың шешімі арқылы тоқтатылуы орынды деп санаймыз",- деді.

"Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 2-біөілімен сәйкес, сот билiгi Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының негiзiнде туындайтын барлық iстер мен дауларға қолданылады, яғни, әділетті шешім қабылданатындығына кепілдік болады, соның ішінде Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін тоқтату немесе оның өнімдерін тарату мәселелерін қарауда да кепілдік беруге тиіс",- деді ол.

Сөйтіп депутаттар заң жобасындағы бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін Бас прокурордың тоқтатуы туралы норма мемлекетіміздің ұстанған демократиялық бағытына қайшы келеді деген пікірге келді.

Заң жобасын қабылдау ақпараттық-коммуникациялық желілерде деректерді беру үдерісіндегі қатынасты заңнамалық реттеуге бағытталған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны