14.10.2009, 16:39 4099

Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады

Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады

Астана. 14 қазан. Kazakhstan Today - Мәжіліс депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Депутаттар алдында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов заң жобасы бойынша заңдарға енгізілетін толықтырулар жөнінде баяндама жасап, сұрақтарға жауап берді. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамалов заң жобасына әріптестері енгізген толықтырулар туралы хабарлама жасады.

ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов бұл заң жобасы мемлекеттің қаржыға деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін және салық салу принциптерін одан әрі жүзеге асыру мақсатында әзірленгенін айтып өтті.

Заң жобасын екі блокқа бөлуге болады: Бірінші - салық салу ставкалары мен салық салу шарттарын өзгерту. Екінші - практикада қолдануға байланысты жекелеген ережелерді нақтылауға бағытталған өзгерістер.

Бірінші блок төрт мәселені қамтиды.

Бірінші мәселе. Қазіргі заңнамаға сәйкес, салық ставкасы 2010 жылдан бастап 17,5 %-ға, ал 2011 жылдан бастап 15 %-ға азаюға тиіс болатын. Алайда, 2010-2012 жылдары корпоративтік табыс салығының қазіргі ставкасын 2009 жылғы деңгейде, яғни 20 % мөлшерінде қалдыру қажеттігі туындап отыр. Бұл шара мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруы үшін қажет.

Осының нәтижесінде, бюджетке 2010 жылы 83,7 млрд теңге, 2011 жылы - 200,6 млрд теңге, 2012 жылы - 219,7 млрд теңге қосымша қаражат түсіруге мүмкіндік береді. Бұл түсім келесі үш жылға арналған республикалық бюджет жобасында ескерілген.

Екінші мәселе. Жаңа Салық кодексiн әзірлеу кезінде шикізат секторына түсетін салық жүктемесін 2009 жылдан бастап ұлғайтып, кейіннен оны сақтау көзделген. Дегенмен, салық жүктемесінің деңгейі жер қойнауын пайдаланушыларға салынатын корпоративтік табыс салығы мен пайдалы қазбаларды өндіру салығының ставкаларымен реттеледі. Яғни корпоративтік табыс салығы төмендеген жағдайда, пайдалы қазбаларды өндіру салығы ұлғаяды.

Жоғарыда айтылғандай, корпоративтік табыс салығының 20% ставкасын 2010-2012 жылдарға ұзартсақ, пайдалы қазбаларды өндіру салығы да осы жылдарға созылуы тиіс.

Үшінші мәселе, "Тауар биржалары туралы" заңға сәйкес, заң жобасында тауар биржаларының қызметіне лицензия беру көзделіп отыр. Сондықтан да лицензиялық алымдар енгізу қажет. Мысалы, тауар биржасы үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ставка енгізіліп отыр.

Төртінші мәселе, дағдарысқа байланысты халықтың әлеуметтік осал топтарына жәрдем беру көзделіп отыр.

Ұлы Отан соғысына қатысушылар, 1, 2 және 3-топтағы мүгедектер, тыл еңбеккерлері, мүгедек балалардың ата-аналарының табысына салық салынбайтын шек ең төменгі жалақының 45 есе мөлшерінде болса, енді ол 55-ке дейін ұлғаяды;

1, 2, және 3-топтағы мүгедектер үшін жеке табыс салығы салынбайтын табыстардың бірыңғай шегі белгіленді. Ол ең төменгі жалақының 55 есе мөлшерінде болады. Бұрын 3-топтағы мүгедектер үшін ол ең төменгі жалақының 27 есе мөлшерінде болды.

Және де өзі табыс табатын мүгедек баланың табысы салықтан босатылады.

Енді екінші блок бойынша айтсақ, Салық кодексін іс жүзінде қолдану барысында оның жекелеген ережелерін нақтылау және басқа заңдармен сәйкес келтіру қажет болды. Сондықтан, өзгерістер мен толықтырулар нақтылау сипатында болады, бірақ олар Салық кодексінің жалпы концепциясын өзгертпейді.

Осы блоктың бірінші мәселесі жыл ішінде ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіштердің мөлшері өзгергені белгілі. Мәселен, соңғы екі жылда біз бюджетті жылына екі рет нақтылаймыз. Осыған байланысты, салықтар мен басқа да төлемдерді есептеуде проблема туындады. Сондықтанда, заң жобасында осы көрсеткіштерді қолдану тәртібі нақтыланады. Осы өзгерістер заң жобасының отыз пайызын құрайды.

Екіншіден, Салық төлеушілерге қолайлы жағдай жасау үшін көптеген жеңілдіктер ұсынылады.

Мәселен, жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу уақыты 31 желтоқсанға дейін ұзартылады.

Зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдер бойынша салық есебін беру уақытын созу мүмкіндігі беріледі, бұрын мұндай мүмкіндік салықтар бойынша ғана берілген.

Шарттар бойынша шот-фактураларды ресімдеу нақтыланады.

Бажсыз сауда жасайтын дүкендерде кеден режимінде орналастырылған тауарлар қосылған құн салығынан босатылады.

Салық органдарының мемлекеттік бажды қайтару мерзімі салық пен төлемді қайтару мерзімі сияқты реттеледі.

Икімшілендіруді жетілдіру және бақылау-кассалық аппараттарды визуалды бақылауды оңайлату бөлігінде бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған инвестициялық жобалар шеңберінде енгізілген толық амортизацияланбаған активтерді амортизациялау мүмкіндігі беріледі.

Салық төлеушілердің жағдайын жеңілдететін және тағы басқа өзгерістер көзделген.

Үшіншіден, жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу жөнінде біраз өзгерістер көзделеді.

Қосарланған салық салуды жою мақсатында өндіруге арналған келiсiмшарт бойынша қол қою бонусының төленбейтіндігі қарастырылып отыр. Осындай келісімшарттар бойынша коммерциялық табу бонусы төленетін болады.

Келісімшарттар бойынша тарихи шығындар сомасы шетел валютасымен белгіленген жағдайда, тоқсандық төлемдер сомасын анықтау тәртібі нақтыланады.

Биржалық тауарларға нарықтық бағаны анықтаудың бірыңғай әдістемесі әзірленді.

Бұл әдістемеде тауар бағасын белгілейтін халықаралық биржалардың тізімі беріледі. Және бағаларды жариялау көздері, бағаларды есептеу мен оларды ұлттық валютаға айырбастау тәртібі анықталады. Бұл әдістеме жер қойнауын пайдаланушылардың барлық арнайы төлемдерін (рента салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, қол қою бонусы және коммерциялық табу бонусы) есептеу үшін қолданылады.

Ішкі нарықты жанар-жағармаймен толтыру мақсатында, егер жер қойнауын пайдаланушы шикі мұнайды отандық мұнай өңдеу зауыттарына өзі немесе үшінші тұлға арқылы сатқан (берген) жағдайда оған салынатын салық екі есе (0,5 коэффициент) төмендейді.

Тікелей қолдану принципін жүзеге асыру мақсатында Үкімет қаулысымен бекітілген үстеме пайда салығын есептеу әдістемесі Салық кодексіне енгізіліп отыр.

"Салықтық әкімшілендіруді жеңілдету мақсатында халықаралық салық салу бойынша бірқатар түзетулер енгізілуде, атап айтқанда, олар: резиденттік сертификатын беру тәртібі мен уақытын белгілеу. Жеке тұлғалардың Қазақстанда тұрақты тұру кезеңін анықтау тәртібін жеңілдету. Мүлікті сатқан жағдайда табыс түсетінін білесіздер, сондай мүліктердің тізбесін нақтылау. Бұдан басқа, Заң жобасында Салық кодексінің нормаларына сәйкес келтіру үшін Кеден және Экологиялық кодекстерге, "Жол жүрісі қауіпсіздігі туралы", "Нотариат туралы", "Жарнама туралы" және "Лицензиялау туралы" Заңдарға түзетулер енгізіледі",- деді министр Бақыт Сұлтанов.

Министр осы заң жобасын комитеттерде және жұмыс топтарында талқылаудың нәтижесінде депутаттар тарапынан сындарлы әрі мазмұнды ұсыныстар айтылғанын, ол ұсыныстарға парламентшілер де, Үкімет те қолдау көрсеткенін айта келіп, бірлесіп атқарған жемісті еңбектері үшін алғысын жеткізді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны