12.05.2010, 11:29 1947

Мәжіліс Қазақстанның тұңғыш президентінің ұлт көшбасшысы мәртебесін заң деңгейінде бекітетін заң жобаларын мақұлдады

Мәжіліс Қазақстанның тұңғыш президентінің ұлт көшбасшысы мәртебесін заң деңгейінде бекітетін заң жобаларын мақұлдады

Астана. 12 мамыр. Kazakhstan Today - Мәжіліс депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасы және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Депутаттар Қазақстан Республикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының мәртебесін конституциялық заң деңгейінде бекіту қажет деп есептейді. Осыған орай аталған заңдарға түзетулер енгізуді жөн санаған.

Парламентшілердің айтуынша, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының айрықша тарихи миссиясына байланысты оның конституциялық өкілеттігін нақты регламенттеу қажет, сондай-ақ оның қызметін қамтамасыз етудің кепілдігін қарастыру керек.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мәжіліс депутаттары Қазақстанның тұңғыш президенті - Елбасы мәртебесін заң деңгейінде бекіту қажет деп санайды. Бұл туралы 2010 жылғы 5 мамырда өткен мәжілістің жалпы отырысында мәжіліс депутаттары Имзебек Жолшыбеков пен Розақұл Халмұрадовтар мәлім етті.

Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәжілістің қаулысына сәйкес "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының жобасы және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қорытынды әзірлеу үшін Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне берілді.

Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов өз сөзінде былай деді:

"Кезінде Абылай ханнан "Не арманың бар?" деп сұрағанда "Үш жүздің басын қоссам деп едім, қоса алмадым. Қала салсам деп едім, сала алмадым. Қазақты біртұтас ел етсем деп едім, оны да істей алмадым" деген екен. Алаш асылдарының осындай мақсатын, "мың өліп, мың тірілген" қазақ халқының сан ғасырлық аңсаулы арманын іске асырып, 1991 жылы сын сағаттар туған кезеңде дербес мемлекет - тәуелсіз Қазақстанды құру - еліміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың қажырлы еңбегінің, нағыз ерлігінің арқасында болды.

Кейбір мемлекет басшылары, өз ұлтының азаматтарын да басын біріктіре алмай, қырылысып, атысып жатқанда, Қазақстанда тұратын 130-дан астам этнос өкілдерін қазақтың қасиетті берекелі шаңырағының астында топтастырып, олардың бірлігін, ынтымағын нығайтудағы, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, қоғамдағы татулықты үйлестірудегі Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлікке толы еңбегін бүгінде тек қана қазақстандықтар емес, бүкіл әлем танып, мойындап отыр.

Тұңғыш президентіміздің қажымас қайраты мен даналығының, ерлігі мен батылдығының арқасында тәуелсіз мемлекетіміздің шекарасы бекітілді, халық қасіретінің ошағы болған Семей атомдық сынақ полигоны жабылды, Сарыарқаның төрінде бой көтерген Астана қаласы еліміздің мақтанышына айналды. Нұрсұлтан Назарбаев - әлем мойындаған, жаһанға атағы жеткен, жер жаһанға сөзі өтіп, айтқанын істетіп отырған бүгінгі заманның Джордж Вашингтон, Мұстафа Кемал Ата Түрік, Ганди сияқты тек дара тұлғаларға тән көшбасшылық, қасиетімен жарқын күндерге жол бастаған Елбасымыз.

Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Ибішұлы Назарбаев - президент қана емес, қазіргі заманға лайықты мемлекет - Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, республиканың қарқынды экономикалық өсуіне, халықтың әл-ауқатының артуына қол жеткізген және барша өркениетті әлем мойындаған тұлға. Мемлекет басшысының дана да салиқалы саясатының арқасында Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы беделі өте жоғары, оның даусыз да айқын дәлелі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның төрағалық етуі болып табылады.

Оның үстіне, әлемнің барлық көшбасшылары мемлекетіміздің басшысының беделін мойындайды. Ресей үкіметінің басшысы Владимир Путин "Нұрсұлтан Ибішұлы - өз халқының даусыз көшбасшысы" деп бағаласа, Түркияның премьер-министрі Реджеп Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевты "түрік әлемінің лидері" деп атады.

Біздің қоғамымызда да осы туралы көп ұсыныстар, пікірлер айтылып келеді. Республикамыздың тұңғыш президентін - Елбасы, Елбасымыз деп мақтаныш пен атаймыз. Дегенмен Елбасы мәртебесі заң деңгейінде бекітілмеген. Қолданыстағы "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы" Конституциялық заң Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы мемлекеттілігінің негізін қалаушының ролін толық көлемде айқындай алмайды.

Сол себепті Қазақстан Республикасы дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті - Елбасы мәртебесін заң деңгейінде бекіту қажет деп санаймыз.

Осыған байланысты парламент мәжілісінің бір топ депутаттары бастамашы болып Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті - Елбасының ерекше тарихи миссиясына орай оның конституциялық өкілеттіктерін нақты регламенттеуді, сондай-ақ оның қызметін қамтамасыз етудің кепілдіктерін көздейтін екі заң жобасын әзірледік. Барлық тиісті құжаттар дайындалды.

Сондықтан бүгінгі парламент мәжілісінің жалпы отырысының күн тәртібіне "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасы және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде деген мәселелерді күн тәртібіне енгізуді ұсынамын. Аталған заң жобаларын саяси маңыздылығына байланысты осы ұсынысты қолдауларыңызды сұраймын",- деді мәжіліс депутаты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны