04.04.2007, 13:36 3187

Мәжіліс органикалық берік ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясын бекітуді мақұлдады

АСТАНА. 4-сәуір. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Органикалық берік ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясын бекіту туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Конвенцияның мақсаты органикалық берік ластағыштарды пайдалануға шектеу енгізу және әріқарай оларды өндіру, сақтау мен тастауға тыйым салу болып табылады",- деді заң жобасын депутаттарға таныстырған еліміздің қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов.

Оның айтуынша, конвенцияға сәйкес, "2025-жылы органикалық берік ластағыштары бар жабдықтарды пайдалануды доғару қажет болмақ". Министрдің атап көрсетуінше, Қазақстан бұл құжатқа біріккеннен кейін қаржылық және техникалық көмек көрсетіледі.

Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің қорытындысында атап көрсетілгеніндей, "аталмыш құжат аясындағы жұмыстарды үйлестіру үшін тараптардың Конференциясы құрылады. Аталмыш органның көмегімен өзара ақпарат алмасу жүзеге асырылып, әрбір төрт жыл сайын конвенция жұмысының тиімділігі бағаланады".

Конвенцияға 2001-жылдың 22-мамырында 100 елдің үкіметі Швецияда қол қойған.

Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны