18.09.2006, 11:48 6923

Мемлекет басшысы Алматыдағы "Тәуелсіздік таңы" ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы Алматыдағы "Тәуелсіздік таңы" ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты

АЛМАТЫ. 18-қыркүйек. Kazakhstan Today. Бүгін Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1986-жылғы желтоқсанда болған оқиғалардың 20-жылдығына арналған "Тәуелсіздік таңы" ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Жастарды алаңға шығуға итермелеген желтоқсандағы оқиға еліміздің тәуелсіздігінің жаршысы болды. Бұл оқиғаға ұлтшылдық сипатын беруге талпыныстар жасалды. Саяси бюроға олай емес деп түсіндіруге, соған орай қабылданған арнаулы қаулының күшін жоюға тура келді. Ұлтаралық қақтығыс деп түсіндіру пиғылдары да болды. Мүлдем олай болмағанын тарихтың өзі көрсетіп берді. Жастар бар болғаны әділеттілікті, теңдікті, тәуелсіздікті қалады",- деді президент.

Ол Қазақстанда 1986-жылдың желтоқсанында болған оқиғалар "Кавказ бен Балтық жағалауы елдеріндегі ұлттық қозғалыстардың өршуіне жол ашқанын" еске салды. "Өткен 20 жыл халқымыздың бейбітшілікте, өзара түсіністікте өмір сүре алатынын, еліміздегі тұрақтылық пен тыныштық, адамдар арасындағы мейірбан қарым-қатынас қана бізге табыс, бақыт пен гүлдену әкеле алатынын түйсініп пайымдағанын дәлелдеп берді",- деді мемлекет басшысы.

Ескерткіш танымал қазақ сәулетшісі әрі дизайнер Тимур Сүлейменовтың жобасы бойынша жасалған. Автордың айтуынша, композиция тақырыптың мәндік-идеялық және көркемдік- образдық мазмұнын ашып береді. Ескерткіш үш бөліктен тұрады, деді Т.Сүлейменов. Ол қызыл және ақ граниттен жасалған екі пилоннан тұрады. Алғашқысы өткен мен болашақ арасындағы қақтығысты, жарылысты, халықтың өзіндік сана-сезімінің сілкінісін білдіресе, екіншісі мемлекеттің тәуелсіздігі мен бостандықтың салтанат құруын меңзейді.

Композицияға сондай-ақ ұшуға ұмсынған әйелдің мүсіні енгізілген. Ол оң қолына татулыққа шақыру нышаны іспетті ормал ұстаған. Ал сол қолында бостандыққа талпынысты, ұшу белгісін білдіретін қанатын жайған құсты ұстаған. Ескерткіштің үшінші бөлігі - оюлы панно.

Алматы қалалық әкімшілігі баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, "Тәуелсіздік таңы" ескерткішін тұрғызуға 176 278 мың теңге жұмсалған. Қазір қалада тарихи-мәдени 133 ескерткіш, 87 сәулет өнерінің, 46 монумент өнерінің ескерткіші , соның ішінде республикалық маңызы бар 30 ескерткіш бар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны