24.04.2012, 12:18 3595

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XIХ сессиясы өтеді

27 сәуір күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасы Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Қазақстан жолы: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру" атты тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының XIХ сессиясы өтеді.

Астана. 24-сәуір. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XIХ сессиясы өтеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің Ассамблеяның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, 27 сәуір күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасы Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Қазақстан жолы: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру" атты тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының XIХ сессиясы өтеді.

Аталмыш шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздің барлық аймақтарындағы мүшелері, республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің басшылары, Парламент депутаттары, орталық және атқарушы органдардың, саяси партиялар мен діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, шетелдік дипломатиялық миссия басшылары және ғылыми-шығармашылық интелегенция мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.

Сессия соңынан салтанатты концерт өтеді.

Сондай-ақ Қазақстан халқы Асамблеясының XIХ сессиясы қарсаңында Тәуелсіздік сарайында Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуымен Ассамблея Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда Ассамблеяның орта мерзімге арналған бірқатар өзекті мәселелері қаралады деп күтілуде.

1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік ұлттық саясат жүйесінде орталық орынды алып отыр. 820-дан аса этномәдени бірлестіктің басын бір арнаға біріктіре отырып, ол қоғамдық келісімнің түпқазығына айналды. Илемнің ешбір елінде баламасы жоқ азаматтық қоғамның бірегей институты бүгінде шын мәнінде халық дипломатиясының органы. Өзінің 17 жылғы жұмысының нәтижесінде Ассамблея орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының этносаралық даму мәселелері бойынша жұмыстарын үйлестіруші ретінде танылды. Бұл этносаралық келісімді ақпараттық, білім беру, тәрбиелік, құқықтық, сондай-ақ халықаралық қамтамасыз етуді қамтитын қомақты жұмыс.

Конституция кепілі Президенттің өзі Ассамблея Төрағасы болып табылуы Ассамблеяның жоғары қоғамдық-саяси мәртебесін айғақтайды. Оның жоғарғы органы - ҚХА сессиясының шешімі барлық мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы, әрбір азаматтың этностық ерекшелігін дамытуға мүмкіндік жасалған, этностық немесе діни белгісіне қарамастан Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтары толығымен сақталған этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісінің негізігі өзегі. Қазақстандағы әрбір этнос - қоғамның маңызды әрі жарасымды бөлігі.

Бүгінде жалпы білім беретін 88 ұлттық мектепте білім беру этнос тілдерінде жүргізілуде. 195 этно-ағарту кешендері мен лингвистикалық мектептер ашылып, жұмыс жасауда.

108 мектепте 22 этностың тілдері жеке пән ретінде оқытылуда.

14 орыс және ұйғыр, кәріс, неміс, өзбек ұлттық театрлары жұмыс істеуде.

11 тілде жарық көретін 35 этностық БАҚ жұмыс жүргізуде, олардың басым көпшілігі бюджеттен қаржыландырылады.

Этносаралық мәселені жариялаудың ерекшелігі ескеріле отырып Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Журналистер мен сарапшылар клубы құрылған.

Этносаралық қатынастарды талдау және болжау мақсатында ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы жанынан Этносаралық қатынастарды зерттеу орталығы құрылып жұмыс істеуде.

Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі этностық топ өкілдері мүдделерін жоғары заң шығару органында - ел Парламентінде білдіру болып табылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған Парламент Мәжілісінің 9 депутаты, елдегі барлық этностардың мүддесін білдіреді.

Ассамблеядан сайланған депутаттар заң шығарушылық процесіне белсенді қатысып, заң шығарушылық бастамашылық құқығын жиі пайдаланады. Этносаралық қатынастарға қатысты қабылданатын барлық заң жобалары депутаттардың тиісті сараптауынан өтеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы - Ассамблея мүшелерінің жиналысы, Ассамблеяның жоғары басқарушы органы болып табылады. Сессияның ерекше құқығы: Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң тоғыз депутатын сайлау; Ассамблеяның жұмыс жоспарын және Ассамблеяның орта мерзiмдiк перспективаға арналған стратегиясын iске асыру жөнiндегi бiрiншi кезектегi iс-шараларды бекiту; Ассамблея мүшелерiнiң есептерiн тыңдау; жалпы мемлекеттiк маңызы бар этносаралық және конфессияаралық келiсiм мәселелерi бойынша азаматтардың және қоғамдық бiрлестiктердiң өтiнiштерiн қарау.

Сессияның барлық мемлекеттік органдар мен азаматтық ұйымдардың қарауы үшін міндетті болып табылады. Қазақстан халқы Ассамблеясының он жеті жылдық дамуында, оның сессияларында мемлекет өмірінің маңызды мәселелері қаралды, атап айтсақ: жаңа Конституция жобасын талқылау, Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде даму стратегиясы, Қазақстанының ел бірлігі доктринасы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны