02.04.2014, 20:43 5792

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовпен кездесті.

Ақордадан хабарлағандай, кездесу барысында министр елдегі криминалдық жағдайдың жай-күйі, қылмысқа қарсы күресті күшейту шаралары және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету туралы баяндады.

Алматы. 2 сәуір. Kazakhstan today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовпен кездесті.

Ақордадан хабарлағандай, кездесу барысында министр елдегі криминалдық жағдайдың жай-күйі, қылмысқа қарсы күресті күшейту шаралары және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету туралы баяндады.

Мемлекет басшысы тіркелген аса ауыр қылмыстар саны - 17%-ға, тонау - 25%-ға, қарақшылық - 52%-ға, пәтер ұрлығы - 3%-ға төмендегеніне байланысты оң үрдістерді атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев ұсақ құқық бұзушылықты ашу, жаза қолданылмай қалмау қағидатын сақтау бағытында белсенді жұмыс жүргізу қажеттігіне тағы да назар аударды.

"Астана мен Алматыда ірі халықаралық іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызы зор. Мұндай жұмысты еліміздің барлық қалалары мен аудандарында да жүргізу қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Қ.Қасымов жол қауіпсіздігіне бақылауды күшейту, атап айтқанда, Астана мен Алматыда көшеге бейнебақылау, заманауи "ақылды" бағдаршамдар жүйесін орнатуға арналған қалалық бағдарламалардың, сондай-ақ қоғамда құқық бұзушылықтарға "мүлде төзбеу" қағидатын қалыптастыру ісі бойынша полиция жұмысын жандандыру жөніндегі тапсырмалардың іске асырылу барысы туралы хабардар етті.

Бұған қоса, министр қылмыстар туралы барлық дабылдардың қатаң есебі мен тіркелуін қамтамасыз ету және соған орай жедел әрекет ету жөніндегі шаралар туралы айтты. Биыл ішкі істер органдарына қылмыстар туралы 313 мыңнан астам шағым түскен, оның 95%-ы 3 күн мерзім ішінде қаралды.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы құқық тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлерінің тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелері жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны