12.06.2009, 18:40 3115

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің бірқатар мүшелерімен кездесті

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің бірқатар мүшелерімен кездесті

Астана. 12 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің бірқатар мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтсақ, мемлекет басшысы ЕҚДБ президенті Томас Мировпен, "АрселорМиттал" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Лакшми Митталмен, "РУСАЛ" БК-ның бас директоры Олег Дерипаскамен екіжақты кездесулер өткізді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қостанайда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 21-ші пленарлық отырысы өтті.

Кеңес отырысы "Илемдік қаржы нарығындағы ауыспалы жағдайда Қазақстан экономикасының одан әрі дамуы үшін қаржыландырудың балама көздерін тарту" тақырыбына арналды.

ҚР Индустрия және сауда министрі И.Исекешев Кеңестің жаңа мүшелерін - "Ройял Датч Шелл" концернінің бас атқарушы директоры Питер Возерді, "РУСАЛ" БК-ның бас директоры Олег Дерипасканы, "Мицубиси" корпорациясының атқарушы вице-президенті Тецуро Тераданы, "ТелиаСонера" компаниясының президенті Ларс Нибергті таныстырды. Қазақстан тарапынан кеңес құрамына Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко мен ҚР президентінің көмекшісі Қуандық Бишімбаев енді.

И.Исекешев сондай-ақ Шетелдік инвесторлар кеңесінің 20-шы жалпы отырысы хаттамасының орындалуы туралы есеп берді.

Кеңесте сөз сөйлеген Еуропалық Қайта құру және даму банкінің президенті Томас Миров қаржыландырудың дәстүрлі және баламалы көздеріне мүмкіндікті кеңейту жөніндегі ішкі шараларға қатысты мәселелерді атап айтты.

ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Б.Сұлтанов өз сөзін Қазақстан экономикасын қаржыландыру көздерін әртараптандыру, сондай-ақ инвестиция тартудың баламалы құралдарын дамыту арқылы қаржы тарту мәселелері жөнінде сабақтады.

Отырыс барысында Кеңес мүшелері мәжіліс тақырыбының негізгі проблемалары және Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен инвестициялық саясатының маңызды мәселелерін талқылады.

Кеңес жұмысын қорыта келе, мемлекет басшысы Н.Назарбаев қазірдің өзінде ахуалдың біршама жақсарғандығы байқалғанымен, бүгінде барлық елдер ағымдағы экономикалық қатерлермен күресті жалғастырып отырғанын атап өтті.

Қазақстан алғашқылардың бірі болып дағдарысқа қарсы өз бағдарламасын жасады. Оны жүзеге асыруға 19 миллиардтан астам доллар бөлінді, бұл елдің ішкі жалпы өнімінің 14 пайызына тең келеді. Қазіргі таңда елімізде алғашқы оң нәтижелерге қол жеткізілді.

Сонымен қатар, дағдарыс ел экономикасын әртараптандыру қажеттігін кезекті рет дәлелдеп отыр. Сондықтан да, келесі жылдан бастап Қазақстан елді индустриялық-инновациялық жедел дамытудың бесжылдық жоспарын жүзеге асыруға кіріседі.

Бағдарламаның маңызды факторларының бірі, қаржы ресурстарын жұмылдырумен қатар, оны жүзеге асыруға шетелдік инвесторларды белсенді тарту болып табылады.

Осы орайда мемлекет басшысы Кеңес мүшелерінің назарын қазақстандық үлесті дамыту, шетелдік инвесторларға тапқан табыстарын қайта инвестициялауға жағдай жасау қажеттігіне, қаржыларды қысқамерзімдік алыпсатарлық салымдардан дәстүрлі салаларға, ұзақмерзімдік инвестицияларға бағыттаудың маңызына аударды.

Сондай-ақ, оның пікірінше, тікелей шетелдік инвестициялар тарту саясатын жандандыру қажет. Бұл экономикадағы барынша теңдестірілген әрі орнықты капитал құрылымын құрады, үлестік капиталдың басымдығына байланысты тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Н.Назарбаев Кеңестің шетелдік мүшелерін Қазақстанның мүмкіндіктеріне инвесторлардың қызығушылығын тудыру үшін халықаралық іскерлік және қаржылық топтарда өз байланыстарын пайдалануға шақырды. Өз кезегінде, үкімет қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, жоғары деңгейде жасалған инвестициялық жобаларды дайындауы және оларды Шетелдік инвесторлар кеңесі арқылы белсенді алға бастыруы тиіс.

Президент сондай-ақ Қазақстанның зор ішкі мүмкіндіктерін ерекше атап өтті. Мұнда ішкі капитал нарығын, әсіресе ұлттық валютамен дамыта түсу қажет. Капитал тарту мен оны мүмкін болар тәуекелдерді ескере отырып, мемлекеттік институттар арналары бойынша таратудың ашық әрі мөлдір үлгісін құру керек. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын жүйелендіру, жергілікті деңгейдегі, әсіресе әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық саладағы нысандар құрылысы жобаларын орындау кезінде мемлекеттік-жеке әріптестік құралдарын ілгері жылжыту маңызды.

"Бұл тетіктерді сауатты пайдалану бюджеттен жүктемені алып тастауға, экономиканы әртараптандыру үшін қажетті инфрақұрылымды жедел жаңартуға мүмкіндік береді", - деп атап көрсетті мемлекет басшысы.

Сөзінің соңында президент өзі белгілеген міндеттерді жүзеге асыруда шетелдік инвесторлардың қатысуы мен бастамалары өте маңызды екендігін атап өтті.

"Біздің бірлескен жұмысымыз барлық тараптар үшін де өзара тиімді жоба болуға тиіс. Оның үстіне, мен бұл жұмыстың нәтижесінде елдің дамуына, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосылатынына сенімдімін", - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің келесі отырысы ағымдағы жылы 4 желтоқсанда Астанада өтеді және әртараптандыру мен Қазақстанның технологиялық дамуы мәселелеріне арналады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны