21.10.2008, 19:05 3224

Мемлекет басшысы Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Көксал Топтанды қабылдады

Мемлекет басшысы Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Көксал Топтанды қабылдады

Астана. 21 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Көксал Топтанды қабылдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды.

Тараптар екі ел арасында түйткілді мәселелердің жоқ екендігін атап өтті. Қазақстан мен Түркия өзекті халықаралық мәселелер бойынша ұқсас ұстанымдарға ие.

Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының даму серпіні, екі ел халықтарының тарихи және мәдени тамырларының ортақтығы екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестікке берік негіз болып отыр. Екіжақты ынтымақтастық саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда да табысты дамып келеді.

Бүгінде Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 1,6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Н.Назарбаев Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымының көлемі 2 миллиард долларға жуықтағанын атап өтті. Алайда бұл көрсеткіш екі елдің экономикалық әлеуетіне сай емес. Осыған байланысты, Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының қызметін жандандыру қажет.

Келіссөздер барысында сондай-ақ парламентаралық байланыстарды, ТҮРКСОЙ аясындағы өзара ықпалдастықты, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері маңызды әңгіме өзегіне айналды.

Білім саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне тоқталған тараптар, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қызметін айрықша атап өтті.

Иңгіме барысында К.Топтан Түркия Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясын құру туралы бастамасын толық қолдайтынын атап өтті. Ағымдағы жылдың соңына дейін түркітілдес елдер парламенттері төрағаларының кездесуі өтіп, онда түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясын құру туралы шартқа қол қойылады деп жоспарланып отыр. Түркия аталған ұйым кеңсесін Ыстамбұл қаласында орналастыруды ұсынып отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны