14.11.2019, 13:34 1742

Мемлекет басшысы Ақмола облысын дамыту жөнінде кеңес өткізді

Қазақстан Президентi Ақмола облысының дамуы туралы айта келiп, өңiрдiң ауыл шаруашылығы, индустриялық-инновациялық саясат, машина жасау, түрлi-түстi металлургия, құрылыс және құс шаруашылығы салаларында оң өзгерiстер бар екенiне тоқталды.

Көкшетау. 14 қараша. Kazakhstan Today - Қазақстан Президентiнiң Көкшетау қаласына жұмыс сапары Ақмола облысын дамыту жөнiнде кеңес өткiзумен басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкiмет мүшелерi мен облыс активiнiң алдында сөйлеген сөзiнде Қазақстанның Тұңғыш Президентi - Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың тарихи еңбегiн атап өтiп, көреген көшбасшылығының арқасында елiмiз әлеуметтiк-экономикалық дамуда, сондай-ақ, халықаралық аренадағы өз орнын нығайтуда елеулi табыстарға қол жеткiзгенiн атап өттi.

- Үкiметтiң, Парламент депутаттарының, облыс әкiмдерiнiң мiндетi - Елбасының ұзақ мерзiмдi Стратегиясын, Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны iске асыруға барлық күш-жiгерiн жұмсау, - дедi Мемлекет басшысы.

Президент жаңа Мемлекеттiк индустриялық-инновациялық бағдарламаны сапалы жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударып, алдыңғы бағдарламаларда кеткен кемшiлiктердi ескеру керектiгiн тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев жоспарларды iске асыру үшiн жалаң есеп емес, салмақты талдау, тиiмдi iс-әрекеттер қажет деп санайды.

- Мемлекет басшысы ретiнде, халықтың маңызды талап-тiлектерiн қанағаттандыруға арналған тиiмдi жұмыс күтемiн, - дедi Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентi Ақмола облысының дамуы туралы айта келiп, өңiрдiң ауыл шаруашылығы, индустриялық-инновациялық саясат, машина жасау, түрлi-түстi металлургия, құрылыс және құс шаруашылығы салаларында оң өзгерiстер бар екенiне тоқталды.

Мемлекет басшысы облыс экономикасындағы өнеркәсiп өндiрiсiнiң үлесi артқанына қарамастан, өңiрдiң республика көлемiндегi үлес салмағы 2,5 пайыздан аспай отырғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Масал кен орнындағы тау-кен металлургия кешенiн Тау-кен металлургия өнеркәсiбiн дамыту жөнiндегi кешендi жоспардан және Республикалық индустрияландырудың картасынан алып тастау мәселесiне назар аударды. Жоба кен өндiруден бастап болат прокатын шығаруға дейiнгi технологиялық желiнi құрап, 1 миллион тоннаға дейiн өнiм өндiрудi көздеген болатын. Президенттiң айтуынша, бұл кешен Жарқайың және Есiл аудандарының тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етiп, облыс экономикасының өсуiне септiгiн тигiзген болар едi.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкiметке "Самұрық-Қазына" қорымен бiрлесiп, аталған жоба бойынша нақты шешiмге келiп, тиiстi шаралар қабылдауды тапсырды.

Президент еңбек өнiмдiлiгiн арттыру, оның iшiнде, ауыл шаруашылығы - өңiр экономикасын өркендетудiң басты факторы екенiне тоқталды.

- Соңғы үш жылда Ақмола облысында суармалы жерлердiң көлемi 7,5 есеге артып, 24 мың гектардан асты. Бұл - өнiмдiлiктi арттыруға тiкелей әсер ететiн жақсы көрсеткiш. Осындай жұмысты жалғастыра беру қажет, - дедi Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы елiмiздiң үш iрi астық өсiретiн облысында ауыл шаруашылығы бойынша еңбек өнiмдiлiгi төмен екенiн, олардың үлесi 5 мыңнан 8 мың долларға дейiн ғана жететiнiн айтты.

- Ресейде бұл көрсеткiш 17 мың доллар, ал дамыған елдерде 80-90 мың долларға дейiн жетедi, - дедi Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрлiгiне аграрлық өңiрлердiң әкiмдiктерiмен бiрлесiп, агроөнеркәсiп кешенiндегi еңбек өнiмдiлiгiн ұлғайту үшiн жетекшi отандық әзiрлемелер енгiзе отырып, нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

- Ауыл шаруашылығы жаңа технологияларды қолдану, автоматтандыру және цифрландыру арқылы дамуда тың серпiн алуы тиiс. Егiс алқаптарын ұлғайту үшiн ылғал және ресурс үнемдейтiн технологияларды енгiзу жөнiндегi жұмыстарды одан әрi жалғастыру қажет, - дедi Президент.

Мемлекет басшысы егiстiк алқаптарын игерумен айналыспайтын латифундистерден жердi қайтарып алу жөнiндегi тапсырмасына тоқталды.

- Менiң тапсырмам өте баяу орындалып жатыр. Бұдан тапсырманың орындалуын әдейi созып отыр деген ой туады. Мұндай жағдайда қолданатын шаралар симметриялы болады. Ықылассыз орындаушыларға оңай тимейдi, - деп ескерттi Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кеңес барысында Мемлекет басшысы туризм саласындағы шағын және орта бизнестi дамыту мәселесiне тоқталды. Ол бизнес жүргiзуге жасалатын жеңiлдiк бойынша облыстың артта қалғанына, жұмыспен қамтылғандар мен шағын және орта бизнес кәсiпорындарының өнiм өндiрiсi төмен екенiне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев "қарапайым заттар экономикасы" жобаларына кәсiпкерлердi белсендi түрде жұмылдыру керек деп есептейдi.

- Мысалы, бұл бағытта өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салаларының мүмкiндiктерi мол. Шағын және орта бизнестiң әлеуетiн елорданың азық-түлiк белдеуiн қамтамасыз ету үшiн пайдаланған жөн, - дедi Мемлекет басшысы.

Өңiрдiң табиғи демалыс орындары мен мәдени мұра нысандары жайында айтқан Президент туристiк әлеуеттiң әлi де толық пайдаланылмай жатқанына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласы аймақтың жалпы өнiмiнiң 0,5 пайызын ғана құрап отырғанын баса айтып, туризмдi дамытуға арналған мемлекеттiк бағдарлама бойынша 2025 жылы елiмiзде аталған көрсеткiштi 8 пайызға жеткiзу тапсырылғанын атап өттi.

- Үкiметке облыс әкiмдiгiмен бiрлесiп, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының үшiншi кезеңi шеңберiнде қолға алынған инфрақұрылымдық жобаларды аяқтауды тапсырамын. Қазақстанның Туризм картасында Зерендi демалыс аймағы да бар. Аталған аймақты экологиялық және балалар туризм саласына бейiмдеуге болады,- дедi Қазақстан Президентi.

Мемлекет басшысы жол бойы сервисiнiң сапасы мен қызмет көрсету деңгейiнiң төмендiгiн сынға алып, оны тиiмдi дамытудың жолдарын қарастыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бағаның көтерiлуiне жол бермеудi, әсiресе әлеуметтiк маңызы бар тауарларды қымбаттатпауды ескерттi.

- Жыл басынан берi әлеуметтiк маңызы бар тауарлардың бағасы қымбаттап, инфляцияның алдына түсiп кеттi. Кей жағдайларда екi есеге дейiн жеткен. Инфляцияның жалпы деңгейi 5,3 пайыз, ал баға 9 пайыздан асып кеттi, - дедi Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың соңғы екi жылдағы тұрғын үй құрылысының қарқынына (900 мың шаршы метр) оң баға берiп, жергiлiктi жолдар мен көше-жол жүйесiнiң 880 шақырымы жақсарғанын айтты. Сонымен қатар шешiлмеген бiрқатар инфрақұрылымдық мәселелерге, оның iшiнде Сарыарқа магистральдi газ құбыры бойына салынатын газ тарату желiсiнiң құрылысына назар аударды.

- Үкiметке облыс әкiмдiгiмен бiрлесiп, 2020-2021 жылдары Аршалы және Целиноград аудандарында газ тарату желiсiн салуды тапсырамын, - дедi Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды дамыту жөнiндегi мiндеттерге тоқталып, Үкiметке халықаралық қаржы институттарынан несие тарта отырып, Ақмола облысында ЖЭО салу мүмкiндiгiн қарастыруды тапсырды.

- Бұл шамамен 200 миллион долларды құрайды. Көп қаржы емес. Қарастырып, ұсыныс берiңiздер. Бiз Көкшетау қаласында мiндеттi түрде ЖЭО салуымыз керек, - дедi Президент.

Мемлекет басшысы облыстың агломерациялық аймағының инфрақұрылымына қатысты мәселелердi тездетiп шешу жайында айтып, Қосшы ауылын мысалға келтiрдi.

- Қосшы ауылындағы халықтың санына қатысты үш түрлi дерек бар: нақты есеп бойынша 52,5 мың халық тұрады; үй шаруашылығының тiркеу дәптерiндегi тұрғындар саны - 34 мың; көшi-қон қызметi ресми түрде 16,5 мың адамды тiркеген. Бұл қай тұрғыдан алсаңыз да қауiптi жағдай. Жақында халық санағы болады. Тұрғындардың саны мен олардың өмiр сапасы жайында нақты бiлуiмiз керек, - дедi Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент аймақты дамытуда кешендi басқару тәсiлiне көшу қажеттiгiн атап өтiп, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыру басты мақсат екенiн жеткiздi.

- Ол үшiн Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысы әкiмдiктерiнiң арасындағы жұмыстардың өзара үйлесiмдiлiгiн жандандыру керек, - дедi Мемлекет басшысы.

Сөзiнiң соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкiмет пен облыс әкiмдiгiне 2020 жылы Көкшетау қаласында өтетiн Қазақстан мен Ресейдiң өңiраралық ынтымақтастық Форумын өткiзуге толық дайын болу үшiн бiрқатар тапсырма бердi.

https://www.akorda.kz/kz/events/astana_kazakhstan/working_trips/memleket-basshysy-akmola-oblysyn-damytu-zhoninde-kenes-otkizdi

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны