18.04.2014, 19:33 3170

Мысыр министрі Қазақстан Республикасының дінаралық пікірталасқа қосқан үлесін жоғары бағалады

Екі ел арасындағы білім және дін саласындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында тараптар "Нұр-Мубарак" бірлескен қазақ-мысыр университеті қызметінің алдағы даму болашағы жөнінде пікір алмасты.

Алматы. 18 сәуір. Kazakhstan today. 15-16 сәуірде Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшісі Берік Арын МАР Уақыфтар министрі Мұхтар Жұмамен және Туризм министрі Хишам Заазумен кездесті.

МАР Уақыфтар министрі М.Жұмамен кездесу барысында қазақстандық дипломат ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың ү.ж. 18 қыркүйекте Астанада өткізілуі жоспарланған Илемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының ХІІІ отырысына қатысты хатын табыс етті.

Министр М.Жұма аталған маңызды шараға өзі басшылық ететін мекеме өкілінің қатысатынын қуаттай отырып, Қазақстанның ғаламдық деңгейде дінаралық және өркениетаралық үнқатысуды жылжытудағы үлесін жоғары бағалады, деп ҚР Парламенті Сенатында хабарлады. Ол Мысырдың Орталық Азиядағы саяси және экономикалық тұрғыдағы жетекші мұсылман мемлекеті - Қазақстанмен бұл бағыттағы өзара іс-қимылға белсенділікпен атсалысуға дайындығын атап өтті.

Сонымен қатар, МАР Уақыфтар министрі М.Жұма Елші Б.Арын тапсырған ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы М.Изілхановтың Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын ризашылықпен қабыл алды.

Екі ел арасындағы білім және дін саласындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында тараптар "Нұр-Мубарак" бірлескен қазақ-мысыр университеті қызметінің алдағы даму болашағы жөнінде пікір алмасты. Мысырлық министр "Нұр-Мубарак" университетін үздік бітірушілердің келешекте Ил-Азһар университетінің магистратурасына қосымша талаптарсыз қабылдануын, сондай-ақ Ил-Азһардың қазақстандық оқу орнының дипломдарын тануын қамтамасыз ету үшін аталмыш жоғарғы оқу орнындағы білім беру сапасын көтеру бойынша бірқатар ұсыныстар білдірді.

МАР Туризм министрі Х.Заазумен кездесу кезінде Елші оған Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі И.Исекешевтің ү.ж. 21-23 мамырда Астанада өтетін VII Астана экономикалық форумы мен ІІ Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияға қатысуға жолдаған шақыруын табыс етті.

Министр Х.Заазу Форумның жалпы қызметіне үлкен қызығушылық таныта отырып, аталмыш шараларға өзінің қатысу мүмкіндігін оң қарастыруға алдын ала уәде берді. Өз кезегінде Мысырдың қазақстандық туристерді тартуды қалайтындығын жеткізді және оны жүзеге асыру мақсатында МАР Үкіметінің биылғы жаз мезгілінде Алматы мен Шарм Аш-Шейх арасында тікелей әуежолы байланысын ашу бойынша тиісті шараларды қолға алуды жоспарлап отырғанын хабарлады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны