22.10.2012, 18:10 3366

Мүгедек баланың қорғаншысының, қамқоршысының табысы салық салудан босатылады

Бүгін Парламент Мәжілісінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұсауы кесілді.

Астана. 22-қазан. Kazakhstan Today - Мүгедек баланың қорғаншысының, қамқоршысының табысы салық салудан босатылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұсауы кесілді.

Аталған құжат Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын, бұрын қабылданған заңнамалық актілерді, Салық салу жөніндегі консультациялық кеңес шешімдерін іске асыру қажеттілігіне байланысты туындаған. Сонымен қатар, заң жобасы салық заңнамасының жекелеген нормаларын нақтылау және жетілдіру, әкімшілендірудің кейбір тетіктерін қайта қарау және еліміздің салық жүйесін Кеден одағының кедендік заңнамасы ережелеріне сәйкестендіру мақсатында әзірленген.

"Заң жобасында азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдау мен экономиканың жекелеген салаларын дамытуды ынталандыру шаралары қамтылады. Мәселен, осы бағытта мүгедек баланың қорғаншысының, қамқоршысының табысын салық салудан босату көзделеді. Сонымен қатар, Президент пен Үкімет бекіткен арнаулы және атаулы мемлекеттік стипендиялар да салық салудан босатылады. Бұдан бөлек, отандық өндірісшілер үшін бәсекелестік жағдайларды тереңдету мақсатында түсті және қара металл қалдықтары мен сынықтарын өткізу айналымдары қосымша құн салығынан босатылады. Алкогольдік өнім мен этиль спиртінің өндірісінде қолданылатын шарап материалдарына акциз ставкасын литріне 20-дан 0 теңгеге дейін төмендету болжанады", - дейді заң жобасы бойынша баяндаған экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев.

Министрдің айтуынша, "Павлодар", "Сарыарқа", Шығыс-Қорғас" еркін экономикалық аймақтар аумақтарына да салық салудың жеңілдетілген тәртібі енгізілмек. Сондай-ақ, жолдардың барлық санаттары бойынша республикалық маңызы бар жалпы қолданыстағы автокөлік жолдарының бөлінген жолағында сыртқы жарнама орналастыру төлемақы ставкалары да 3 есеге төмендейді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны