25.09.2019, 15:13 28942

Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар мемлекеттердің парламенттері спикерлерімен кездесті

Қазақстанның Тұңғыш Президенті ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен кездесті.

Нұр-Сұлтан. 25 қыркүйек. Kazakhstan Today - Нұрсұлтан Назарбаев "Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік" тақырыбында Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне қатысуға келген бірқатар мемлекеттердің парламенттері спикерлерімен кездесті.

Атап айтсақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен кездесті.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қатынастардың ерекше достық сипатын атап өтті.

- Тәуелсіздік жылдарында біз Қытай Халық Республикасымен ең жақын достық қатынастар орнаттық. Біздің қатынастарымыз басқа елдер үшін тату көршіліктің үлгісі болып табылады. Төраға Си Цзиньпинмен ерекше қарым-қатынастамын және мен оны өте жоғары бағалаймын, - деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті мемлекетаралық қатынастарды нығайту ісінде Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесінің ерекше маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Ли Чжаньшу Нұрсұлтан Назарбаевқа ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің жылы лебіздерін жеткізді.

Сонымен қатар, БХӨЖ Тұрақты Комитетінің Төрағасы Қазақстан Президентімен, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің спикерлерімен өткен келіссөздердің нәтижелеріне тоқталды.

- Біз жақсы келіссөздер жүргіздік. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз бен Қытай басшылығы негізін қалаған Қытай мен Қазақстан арасындағы қатынастар жаңа жағдайларда одан әрі дами түсетіні туралы келісімге қол жеткізілді ", - деді Ли Чжаньшу.

Нұрсұлтан Назарбаев РФ Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володинмен келіссөз өткізді.

Кездесу барысында Елбасы Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы қатынастарды нығайту жөніндегі жұмыстың нәтижелері мен перспективаларына тоқталды.

- Мемлекеттік Дума мен Парламент Мәжілісі тұтастай біздің елдеріміз сияқты достық байланыста. Біздің қатынастарымыз саясатта да, экономикалық салада да, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықта да үлгілі болып табылады. Біз әрі қарай да осы бағыттар бойынша жұмысты жалғастыра беретінімізге сенімдімін, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Өз кезегінде В.Володин Елбасының Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекетаралық қатынастарды орнатудағы және нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.

Сонымен қатар, РФ Мемлекеттік Думасының төрағасы алдағы парламенттік шараға дайындықтың жоғары деңгейін айта келе, парламентаралық байланыстарды нығайтудағы спикерлер кеңесінің өсіп келе жатқан рөліне назар аударды.

Елбасы Түркия Республикасының Ұлы Ұлттық Жиналысының Спикері Мұстафа Шентоппен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті екі мемлекет арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатын ерекше атап өтті.

- Биыл біздің елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікке 10 жыл толды. Екі мемлекет арасында тығыз саяси қатынастар қалыптасты, оның ішінде парламентаралық және ведомствоаралық іс-қимыл саласында да дамыды. Визасыз режим орнатылды, сауда көлемі өсуде. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2 миллиард долларға жақындады. Екі мыңнан астам бірлескен кәсіпорын құрылды. Екі мыңға жуық жас қазақстандық Түркияда білім алуда. Мұның бәрі біздің қатынастарымыздың жақындығын білдіреді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде М.Шентоп Елбасыға кездесу үшін ризашылығын білдірді және Түркия Республикасының Президенті Реджеп Ердоғанның жылы лебіздерін жеткізді.

Елбасы Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының спикері Мун Хи Сунмен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті мәртебелі мейманға Еуразия елдері спикерлерінің кеңесіне қатысқаны үшін алғыс білдірді.

- Тәуелсіздік жылдары Кореямен ең жылы қарым-қатынас орнатуға тырыстым. Бізде экономикалық ынтымақтастықтың үлкен бағдарламасы бар. Қазақстанда 100 мың кәріс ұлты тұрады. Бұл біздің елдеріміздің арасындағы алтын көпір. Біз экономикалық және саяси ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы диалог орнату үдерісіне қолдау білдірді.

Өз кезегінде Мун Хи Сан Еуразия елдері спикерлері кеңесінің жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

- Әлем халқының 75 пайызы Еуразия құрлығында тұрады. Әлемдік ЖІӨ-нің 60 пайызы Еуразияға тиесілі. Өздеріңіз білетіндей, Еуразияның ең шығыс шеті - ол Корея Республикасы. Қазақстан осы құрлықтың қақ ортасында. Біздің алғашқы отырысқа 19 мемлекет, екіншісіне - 27, үшінші - 39 мемлекет қатысты. Бүгінгі басқосуға 55-тен астам мемлекет қатысуда. Бұл жетістік - Сіздің еңбегіңіз, - деді Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының спикері.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Сауд Арабиясы Корольдігінің аш-Шура Меджлисінің Спикері Абдуллах Әл-Шейхпен кездесті.

Кездесу барысында Елбасы Абдуллах Әл-Шейхке сапармен келгені үшін және Еуразия елдері спикерлерінің кеңесіне қатысқаны үшін алғысын білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынастардың достық сипатын атап өтті.

Сонымен қатар, Тұңғыш Президент Сауд Арабиясының басшылығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізге белсенді қолдау көрсеткенін еске салды.

- Біз Сауд Арабиясына зор құрметпен қараймыз. Тәуелсіздік алған тұста сіздің еліңіз үлкен қолдау көрсетті. Бұл біздің есімізде, - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Оман аш-Шура Меджлисінің Спикері Халид Әл-Мауалимен кездесті.

Кездесу барысында Елбасы Қазақстанның Оманмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.

- Біз екі ел арасындағы қатынастарды дамытуға мүдделіміз. Логистиканың жоқтығынан бізде сауда көлемі төмен. Қазір біз Каспийден Иранға апаратын теміржол салдық. Енді тауарларды тасымалдауға мүмкіндік бар. Біз мемлекеттеріміз арасындағы сауданы дамытуымыз керек, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны