03.12.2007, 16:08 3158

Оңтүстік Қазақстан облысында заңдастыру процессінде жаппай заң бұзушылықтарға жол берілген - облыс прокуратурасы

Оңтүстік Қазақстан облысында заңдастыру процессінде жаппай заң бұзушылықтарға жол берілген - облыс прокуратурасы

Шымкент. 3-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Оңтүстік Қазақстан облысында заңдастыру процессінде жаппай заң бұзушылықтарға, тіптен сыбайлас жемқорлық қылмыстарына дейін жол берілген. Бұл туралы Шымкентте өткен облыс прокуратурасының үйлестіру кеңесінде мәлім етілді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Қорқынышты және айқын деректер мүлікті заңдастыру комиссиясының маңында немесе оның мүшелерімен бірге ұйымдасқан қылмыстық топтың жұмыс істегендігін көрсетеді",- деді өзінің баяндамасында облыстық прокуратураның мемлекеттік органдардың іс-қызметін қадағалау жөніндегі басқармасының бастығы Қанат Мамаев.

Оның айтуынша, прокуратураға шағымданған адам белгілі бір мөлшерде пара берсе, Шымкент әкімшілігінде кез-келген жер учаскесін заңдастыруға болатындығы туралы мәлім еткен. "Прокуратура жүргізген тексеру барысында, заңдастыруға берілген құжаттар ішінен Қатын Көпір ауылы әкімінің 2001 - 2003 жылдары қабылданған-мыс 927 жасанды қаулысы анықталған. Бірақ бұл ауыл әкімшілігінде осы жылдар ішінде небәрі 60 - 70 қаулы қабылданған, бұл облыс мұрағатының мәліметтерінде көрсетілген. Ал Шымкент әкімшілігіндегі комиссия бұл туралы білмеді деп болжау мүмкін емес, себебі Қатын Көпір аулының әкімшілігі Шымкент әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесі болып табылады",- деп мәлім етті Қ. Мамаев.

Прокуратураның мәліметтеріне сүйенсек, Шымкент әкімшілігінің комиссиясы Ынтымақ аулындағы нақты жер телімін заңдастыру барысында 187 тұлғаның өтінішнен бас тартқан. Бірақ комиссия шешімімен осы реттік нөмір бойынша және осы күні дәл осы жер телімдері мүлдем басқа адамдардың атына заңдастырылған. Комиссияның осы барлық жалған шешімдері Э. Қалтаева деген жеке нотариустың атымен куәландырылып отырған, нақты таңбалар мен мөрлер, сонымен қатар реттік тіркеу нөмірлері де бар. "Біз нотариустан жасалынған нотариалдық келісім шарттар тіркейтін журналды тәркіледік, онда Шымкент әкімшілігінің заңдастыру жөніндегі комиссиясының шығарған осы 187 шешімі мүлдем тіркелмеген. Нотариустың өзі мұндай деректерді көріп аң-таң қалған және де өзің жасанды қолы мен мөрін жасаған тұлғаларды анықтауға белсенді ат салысуда",- деп түсіндірді Қ. Мамаев.

Сонымен қатар, прокуратура комиссияның жылжымайтын мүлікті заңдастыру туралы шешімді дайындау мен жүзеге асыру барысында негізсіз басымдылық таныту деректерін; заңдастыру субъектілерінің белгіленген мерзім ішінде заңдастырылатын мүлік үшін оның 10 пайыздық жарнасын толық төлемеу деректерін; заңдастыруға жатпайтын мүліктерді заңдастыру деректерін; ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардағы жер телімдерін заңдастыру деректерін, рәсімделген құжаттармен бірге шешім шығару мерзімін бұзу деректерін анықтаған. Үйлестіру кеңесінде Шымкент қаласы әкімшілігінің заңдастыру жөніндегі комиссиясының іс-қызметін тексеру үшін құқық қорғау органдары мен облыс әкімшілігінің қатысуымен комиссия немесе штаб құру; тексеру қорытындысы бойынша - кінәлі тұлғаларды заңды түрде жауапкершілікке тарту, сондай-ақ мемлекеттің немесе басқа да меншік иелерінің заңсыз заңдастырылған жер теліміне деген құқықтарын қайта қалпына келтіре отырып, комиссияның жасанды құжаттар негізінде қабылданған шешімдерінің күшін жою туралы ұсыныстар жасалды.

"Біз заңдастырудың аздаған тұстарын ғана көтеріп отырмыз, соның өзінде осындай проблемалар туындауда. Кейіннен сотта жер пайдаланушылар арасындағы әртүрлі даулар мен көптеген шағымдарды шешкеннен гөрі, қазір шұғыл профилактикалық шаралар қабылдаған дұрыс",- деді Қ. Мамаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны