01.04.2010, 16:22 3323

Оңтүстік Қазақстан облыстық тәртіп сақшылары қарақшылық шабуыл жасаған қарулы қылмыстық топты ізін суытпай құрықтады

Оңтүстік Қазақстан облыстық тәртіп сақшылары қарақшылық шабуыл жасаған қарулы қылмыстық топты ізін суытпай құрықтады

Шымкент. 1 сәуір. Kazakhstan Today - Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері алтын сатушыларға қарақшылық шабуыл жасаған қарулы қылмыстық топты ізін суытпай құрықтады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ОҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 28 наурыз күні Шымкент қаласы Абай ІІБ-не жергілікті жердің 50 жастағы тұрғыны арызданған. Ол арызында бірнеше белгісіз тұлғалар үйіне баса-көктеп кіріп, өзін және үш қызын қорқытып, алтын бұйымдарын алып кеткенін көрсеткен.

"Тәртіп сақшыларының жедел-тергеу тобының тексеру барысында анықталғандай, таңғы сағат 5-30 да жергілікті жердегі үйлердің біріне беттеріне бетперде киіп, қолдарында шолақ мылтық және алатаяқ ұстаған бес белгісіз тұлғалар кіріп келіп, 51 жастағы үй иесін және оның 27, 26 және 21 жастағы балаларын өлтіремін деп қорқытып, қарақшылық жолмен жалпы құны 100 мың теңге тұратын алтын бұйымдары мен ұялы телефонын алып кеткен",- деп хабарладйы ІІД.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, оқиға болған жерге бірнеше топ, оның ішінде жедел тергеу тобы жетіп, саусақ іздері алынды. Қылмыстың ауырлығын сезіне отырып, қарақшылық шабуылды қарулы топтың жасағанын ескеріп, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті полиция Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерінен құралған тәжірибелі арнайы жедел тобы келіп жетті.

Осы күннің соңына қарай жедел ізкесушілер күдікті 6 азаматты, Алматы қаласының 1984 жылы туған, Тараз қаласының 1981 жылы туған екі тұрғыны мен 1983 жылғы тұрғынын, Шымкент қаласының 1977 жылы және 1981 жылы туған Сарыағаш ауданының тұрғынын анықтап, ұстады.

"Атап айтсақ, ұсталғандардың ішінен Тараз қаласының 1981 жылы туылған тұрғыны Омарқұлов Дәурен Жамбыл облысы бойынша қарақшылық жасағаны үшін іздестіруде жүрген екен. Қалған күдіктілер бұрын-соңды сотталмаған, жұмыссыз, еш жерде оқымайды",- делінген хабарламада.

"Күдіктілердің сөзіне қарағанда, әрбір қылмысқа олар тыңғылықты дайындалған, әйелдің қаладағы базарлардың бірінде алтын сатумен айналысатынын біліп, алдын-ала жоспар құрып, құрбандарын тығырыққа тіреу үшін әдейі таңғы сағат 5 пен 6 аралығында үйіне түскен. Полицейлер қылмыстың басқа да сыбайластарын іздеу жұмыстарын жалғастыруда. Ұрланған алтын бұйымдарын ломбардқа апарып өткізген. Олардан айғақзаттар ретінде 1 дана шолақ мылтық 4 дана атылмаған оғымен, 2 дана бетперде, алтын бұйымдар, ТТ тапаншасының 7,62 оқтары және 16 калибрлі аңшы мылтығының 4 оғы тәркіленіп алынды",- деп хабарладйы баспасөз қызметі.

Осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 179-бабы "Қарақшылық" бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда күдіктілер қамауда. Тергеушілер қылмысқа қатысушылардың өзіндік орнын, яғни ұйымдастырушысы кім, нұсқаушысы кім екенін анықтау үстінде.

Полицейлер Шымкент қаласында қаңтар-ақпан айларында осы қылмыстық топ алтын сатушыларға жасалған қарақшылық шабуылға қатысы болуы мүмкін деген болжам жасауда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны