01.02.2007, 12:58 3121

Парламент "Халықаралық келсімдер туралы" заңға енгізілген түзетулерді қабылдады

АСТАНА. 1-ақпан. Kazakhstan Today. Бүгін өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдер туралы" заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының қайшылықтарын жою жөніндегі парламент палаталарының келісім комиссиясының шешімін қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, халықаралық келісімдер туралы заңға өзгеріс енгізу туралы бастаманы депутат Сергей Киселев көтерген. Оның пайымдауынша, 2005-жылдың мамыр айында қабылданған "Халықаралық келісімдер туралы" заңда қарама-қайшы нормалар бар. Мәселен, заңның 20-бабы, 2-тармағында айқындалғанындай, Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдері Қазақстан заңдарына қайшы келген жағдайда халықаралық келісімдерді өзгерту, әсерін тоқтату немесе қызметін мүлдем доғару керек. Ал бұл Қазақстан Республикасы Ата заңының 4-бабы, 3-тармағына қайшы келеді, өткені, онда республика бекіткен халықаралық келісімдер ішкі заңнамадан артықшылықта болады деп көрсетілген.

Осыған байланысты депутат заңның 20-бабы, 2-тармағын мынадай мәтінмен бекітуді ұсынған: "Қазақстан Республикасы халықаралық келісімді бекіткеннен кейін қабыланған құқықтық-нормативтік актінің құзыры осынау халықаралық келісімге қол қоюға қатысты пайда болатын құқықтық қатынастардың аталмыш халықаралық келісімге қарама-қайшы келетін тұстарына жүрмейді".

Заң елбасының қол қоюына жіберілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны