29.05.2007, 15:45 4525

Парламентке "Қазақстан Республикасының президенті туралы" заңға енгізілетін түзетулер жобасы енгізілді

АСТАНА. 29-мамыр. Kazakhstan Today. Парламент мәжілісіне "Қазақстан Республикасының президенті туралы" конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы енгізілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бұл заң жобасы алғаш рет мемлекет басшысының заң шығару жөнінде бастама көтеру құқығын жүзеге асыру тәртібі бойынша енгізіліп отыр",- деді мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің отырысында құжатты депутаттарға таныстырған президент әкімшілігінің заңнама және құқықтық сараптама бөлімінің меңгерушісі Талғат Донақов.

"Өздеріңізге белгілі, Конституцияға жуырда енгізілген түзетулерге сәйкес республика президенті заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болды. Сөйтіп мемлекет басшысы алғаш рет өзінің конституциялық құқығын іске асырды",- деді Т.Донақов.

"Заң жобасының мәні Конституцияға енгізілген түзетулерді жүзеге асыруға бағытталған. Тұтастай алғанда заң жобасы конституциялық түзетулердің аясында жасалған және оларды жүзеге асыруға бағытталған. Ұсынылып отырған барлық түзетулер Конституциядан туындайды",- деді Т.Донақов.

Оның айтуынша, түзетулер "мемлекет басшысының өкілеттілік мерзіміне, президент міндетін атқару барысында саяси партияға мүше болуға салынған тыйымды алып тастауға, президенттің парламентке қатысты өкілеттілігін нақтылауға қатысты. Мәселен, президенттің сенатта қоғамдағы ұлттық-мәдени және басқа да маңызды мүдделерінің өкілдігін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып парламент пен оның палатасының сайлауына бұрынғыдай 7 емес, 15 сенат депутатын тағайындау өкілеттілігі жайында".

"Конституцияға сәйкес, бұқл заң жобасында мемлекет басшысының парламент палаталарының бірлескен отырыстарын шақырудың орнына парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыру өкілеттілігі нақтыланады. Президенттің парламентте қабылданған заңдарға қол қою құқығы нақтыланады. Ендігі жерде парламентте қабылданған заңға қол қою мерзімі 15 жұмыс күні емес, 30 күн, яғни, 1 ай болмақ",- деді Т.Донақов.

Сонымен бірге енгізілген өзгертулермен мемлекет басшысының заң шығару жөнінде бастама көтеру құқығын жүзеге асыру тәртіптері нақтыланады. "Конституциялық заңдар мен заңдардың жобасын президент парламентке тиісті ресми жолдауларымен енгізеді деп қарастырылмақ",- деді әкімшілік өкілі.

Бұл заң жобасын мәжілістің салалық комитеті жұмысқа қабылдады. Расталмаған ресми ақпаратқа сәйкес, Конституцияға енгізілген түзетулерге байланысты конституциялық заңдарға енгізілетін өзгертулер парламент палаталарының 1-маусымдағы бірлескен отырысында бірінші оқылымда қаралады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны