25.05.2010, 18:18 5712

Парламентте еліміздің фармацевтика саласын дамыту мәселелері талқыланды

Парламентте еліміздің фармацевтика саласын дамыту мәселелері талқыланды

Астана. 25 мамыр. Kazakhstan Today - Парламентте еліміздің фармацевтика саласын дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгін Сенаттың Илеуметтік-мәдени даму комитетінің басшысы Ақан Бижановтың төрағалық етуімен палата депутаттары Денсаулық сақтау министрлігі мен "СК-Фармация" компаниясының басшылығымен кездесті. Кездесу барысында еліміздің фармацевтика саласын дамыту мен дәрі-дәрмек нарығында дәрі-дәрмектердің бірыңғай дистрибьюторын енгізу мәселелері талқыланды.

Комитет басшысы Ақан Бижанов талқыланып отырған мәселелердің өзектілігіне тоқталып, мәжіліске қатысушылар назарын "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің дәрі-дәрмекпен қамсыздандырудың заманауи үлгісі мен отандық фармацияға мемлекеттік стандарттарды енгізуге қатысты тұстарын жүзеге асыру мәселелеріне аударды.

Бірыңғай дистрибьютордың мақсаттары мен міндеттеріне тоқтала келіп А.Бижанов оның фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудағы және дәрі-дәрмекпен мемлекеттік қамтамасыз ету нарығындағы қатысушы үлесін ұлғайтудағы ролін атап өтті. Оның айтуынша, компания сонымен қатар, салада ортақ ақпараттық жүйе құру, сатып алу сұлбаларының мөлдірлігін, көлік және қойма логистика жүйесінің тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету мен дәрі-дәрмектерді сатып алуға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалануға қатысты шараларды жүзеге асыруда маңызды роль атқаруы тиіс.

"СК-Фармация" ЖШС бас директоры В.Зверьков депутаттарды компания қызметі мен дәрі-дәрмектерді сатып алуға бөлінетін қаржыларды оңтайлы әрі тиімді пайдалану жұмыстарының қорытындылары туралы хабардар етті. "Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тек шектеулі бағалардың өзінен 4,5 млрд теңге үнемделді",- деді компания жетекшісі.

В.Зверьковтің айтуынша, дәрі-дәрмектерді сатып алудың жаңа жүйесіне сәйкес, сатып алуды жүзеге асыруға қатысты процедураларға қатысу үшін барлық әлеуетті жеткізушілерге тең мүмкіндіктер берілген. Атап айтқанда, потенциалдық жеткізушілер арасында шынайы бәсекелестікті қамтамасыз ету шаралары, сатып алу үрдісінің жариялы және мөлдір болуы 2009 жылы өткізілген сатып алулардағы бағадан әлдеқайда төмен бағаларға қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Талқылау барысында Денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиев жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайлардағы дәрі-дәрмек саясатын жүргізу, отандық фармацевтика саласын дамыту мен дәрі-дәрмек нарығына бірыңғай дистрибьюторды енгізу мәселелеріне кеңінен тоқталып өтті.

Салалық министрліктің басшысы мен "СК-Фармация" ЖШС жетекшісі депутаттардың емдік-профилактикалық мекемелердегі дәрі-дәрмектердің тапшылығына, сапалы дәрмектерді уақытылы сатып алу мен оны жеткізуге, сонымен қатар, өмірлік маңызы бар кейбір дәрі-дәрмектер бағаларының қымбаттауына байланысты көкейтесті сұрақтарға жауап берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны